Қасиетті құдық

 Қасиетті құдық

Баяғы заманда бір хан болыпты. Ханның жалғыз баласы болыпты, дәулеті сонша - бір өзеннен тоқсан мың жылқы суарады екен. Жылқыларын қайда суарса да су шақ келмепті. Күндердің күнінде хан бір жерден екінші жерге көшіп, басқа бір құдыққа қоныс аударыпты.



Әлгі құдықтың қанша жыл суарса да суы таусылмапты, мөлдіреп шығады да тұрады екен. Хан бұл құдық бір қасиетті құдық екен деп, құдыққа келген сайын бір ту бие тастап кетіп отырады екен. Бірнеше жыл өткен соң, хан қатты ауырып, өлер алдында баласына айтады:

— Балам, сен осы құдыққа барған сайын бір ту бие тастап кетіп жүр, ұмытпа, өзі бір қасиеті бар құдық, – дейді. Әкесі өлген соң, бала уәзірдің баласы екеуі ақылдасып, мұның не кереметі бар екен деп ойлайды. Ханның баласы айтады:

— Сен не де болса, осы құдыққа түс, осының бір кереметі бар шығар, әйтпесе, құдыққа жылына бір ту бие тастап кетеміз, неге ол сасымайды? – дейді.

Сөйтіп уәзірдің баласын шыңырау құдыққа түсіреді. Бала түсіп, құдықтың түбінен бір тас көреді. Әлгі тасты аударып қараса, ар жағы жап-жарық, кең бір дүние екен. Бала аралап кетеді, бір жерге келсе, алты қанат ақ отау тұр екен, ішіне кіріп барса, үлде мен бүлдеге оранған қырық сұлу қыз отыр, олардың ортасында бір қыз мамық төсектің үстінде ұйықтап жатыр екен. Бала қырық қыздан мұның жайын сұрады. Сонда қыздардың айтқаны:

— Бұл қыз - пері патшасының қызы, егер кімде-кім қызды өзіне жар етіп алғысы келсе, қызды тізесіне ұйықтатып, оятарлықтай үш әңгіме айтып берсе, қыз соған тиеді, – дейді. Уәзірдің баласы қызды алуға ниет қылып, оятпақшы болып, не қызық әңгіме айтса да қыз оянбапты. Сонан соң бала құдықтан шығып, ханның баласына болған уақиғаны баян етеді. Енді ханның баласы құдыққа түседі. Баяғы отауға келіп, қызды тізесіне жатқызады да әңгіме айтуға кірісіп, бірінші әңгімесін баян қылыпты.

— Баяғы заманда бір байдың үш баласы болыпты. Бай бір күні ең үлкен баласын шақырып алып, бір түйе жүк беріп, «осыны базарға апарып сатып, пұл қыл да қалаған нәрсеңді ал,» – дейді. Бала апарып сатып, бір айна алады. Оның қасиеті жердің жүзін түгел алдыңа әкеп көрсетеді екен. Екінші күні ортаншы баласын қаншама дүниемен базарға жіберіпті, ол сатқан дүниесіне бір ғажайып кілем сатып әкеледі. Ол кілемнің қасиеті сол, үстіне отырсаң болды, қалаған жеріңе ұшып барады екен. Бай енді ең кенже баласын жіберген екен, ол барып базардан бір таяқ сатып әкеліпті. Сөйтсе, ол өлген адамды қолма-қол тірілтетін таяқ екен. Бір күні үшеуі жиналып отырып, айнадан қараса, бір жерде ханның өлген бір сұлу қызын қабірге қойғалы жатыр екен, үш жігіт кілемге отырып алып, сағатында ұшып барып, қызды тірілтіп алады. Енді үшеуі қызға таласады. Айнасы бар жігіт айтады:

— Егер менің айнам болмаса, өлген қызды қайдан көрер едіңдер? – дейді.

Ал, кілемі бар жігіт айтады: «Егер менің кілемім болмаса, оған қалай жылдам келер едіңдер, сендер келгенше көміп қояр еді ғой», – дейді. Үшінші жігіт айтады: «Егер менің таяғым болмаса, келгенмен, көргенмен не бітірер едіңдер, қалай тірілтер едіңдер?» – дейді.

— Ал, қыздар, осы қызды енді үшеуінің қайсысына бұйырасыңдар? – дейді жігіт. Қырық қыз таба алмайды, жігітке: «Өзіңіз шешіңіз», – дейді. Сонда жігіт: «Мен айнаға бұйырар едім», – дей бергенде, ұйықтап жатқан қыз ұшып тұрып: «Жоқ, мен таяққа бұйырамын, себебі ол таяқ тірілтпесе, өлген қыз кімге керек», – дейді. Сөйтіп қыз бір оянып, қайта жатып ұйықтапты.

Осыдан кейін жігіт екінші әңгімесін бастапты.

Бір жігіт бір арқа шөп арқалап келе жатып, бір ешкіге кездеседі. Жігіт ешкіні ертіп алып келе жатса, бір қасқыр әлгілерге жолдас боламын деп бірге еріп жүреді. Олар біраз жүрген соң бір дарияға келіп жетеді. Дариядан өтейін десе, қайыққа екі кісіден артық сыймайды екен. Жігіт не істерін білмейді. Ең алдымен шөпті алып шығайын десе, қасқыр ешкіні жеп қояды, қасқырды алып өтейін десе, ешкі шөпті жеп қояды. Ал, ешкіні алып өтейін десе, ешкіні апарып қойғасын, қасқырды алып шығып, шөпке кеткенде, қасқыр ешкіні жеп қояды. Ал ешкінің жанына шөпті қойып, онан соң қасқырды әкетейін десе, ешкі шөпті жеп қояды. Ал, осыны дариядан қалай, қайтіп өткізер едіңіздер? - дегенде, қыздар шатасып, бірі былай десе, бірі олай дейді. Ұйықтап жатқан қыз ұшып тұрып: «Мен былай өткізер едім, – дейді. — Мен, ең алдымен, ешкіні алып шығар едім, сонан соң шөпті алып шығып, ешкіні өзіммен дариядан қайта өткізіп тастап, қасқырды шөп қалған жағаға өткізер едім, сонан соң барып ешкіні алып өтер едім», – деп, қыз екінші рет оянып, қайта жатады.

Енді жігіт үшінші әңгімесін баян етеді.

Баяғы заманда кемпір мен шалдың бір баласы болыпты. Бір күні үшеуі бір жерден келе жатқанда, бала ат басындай алтын тауып алыпты. Оны бала көтере алмаған соң, әкесі көтеріп әкеледі де кемпірге сақтауға беріпті. Бір күні отырып үшеуі алтынға таласады. Сонда бала айтады: «Егер мен таппасам алтынды қайдан алар едіңдер?», – дейді.

Әкесі айтады:

— Егер мен көтеріп әкелмесем, қайтіп әкелер едіңдер! – дейді. Шешесі айтады:

— Егер мен сақтамасам, бұл алтын осы күнге шейін тұрар ма еді? – дейді.

Ал, шешіңдер, алтынды осының қайсысына берер едіңдер? – дейді жігіт. Қырық қыз шеше алмайды. Сонда ұйықтап жатқан қыз оянып: «Мен алтынды сақтаған шешесіне бұйырар едім, себебі бала жас болса да өз бетімен күнін көреді, әкесі де қайратымен күнін көре алады. Ал, шешесі, әрі кәрі, әрі қайраты жоқ, күнін көре алмайды, сондықтан мен шешесіне бұйырамын!» – деп, үшінші рет оянып, уәде бойынша қыз ханның баласына тиеді.

Сөйтіп, олар мал-малданып, жан-жанданып, мұратына жетіпті.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇
  • Автор: Umit
  • 1 629



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі
» қазақ тілі тестілеуде_келген_сұрақтар_зерттеуші
» Наурыз мейрамы Қазақстанда жаңа форматта тойланады