Рахмет Өтесінов | Жарқырады Маңқыстаудың оттары
Күзге қарай Маңқыстау табиғаты күрт өзгерді. Күн әдеттен тыс суыта түсті. Далалықтан соққан суық жел кейде бет қаратпайтын болды. Түрікмения, Азербайжан сияқты жылы жақтан келгендер бұл түбектің қатал табиғатына көпке дейін көндіге алмай жүрді. Суыққа шыдау қиын болды. Бізге бәрінен қиыны парафинді мұнайлық ағуы еді.
Июль айында, тамылжыған шілденің ыстығында жіберілген мұнай бастапқы қарсаңында көп сыр бере қойған жоқ. Жедел ағып жатты. Қоюланған майды насоспен кідіріссіз айдап келдік. Бірқатар ұсақ-түйек қиындықтар жүре түзеліп кеткен. Алайда, алғашқы салқын түсісімен үш-бес шақырым қашықтықтағы скважиналар өз өнімін топтық қондырғыға жеткізе алмай «қақала» бастады. Олардың бойындағы қатып жатқан парафинді мұнайлы агрегатпен айдап, жылжымалы бу қондырғылар арқылы жібітіп отыратын күйге түстік. Бірақ бұл амалымыз да ұзаққа бармады. Бір жерден жібітіп жіберсең екінші жерден қатады. Күн суыған сайын құбырлардағы мұнай түгелдей қатып, өнім беру тоқтап қалуға айналды.
«Парафинді мұнай қатқыш келеді, суықта оны өндіру қиынға түседі» дегенді білетін едік. Оны Татарияның, Түрікменияның, Бакудың кейбір кәсіпшіліктерінен көріп те жүргенбіз. Ал мына сияқты аз-кем суықта майды айдау жаппай кідіреді деп ойлаған да жоқ едік.
Мұнай тоқталысымен айқай басталды. Жоспар орындалмайды. «Қысқа әзірлік нашар болған», «Техникалық дайындық болмаған», «Үгіт-насихат жұмысы төмен», «Социалистік жарыстың пәрменділігі нашар» деген айыптар тағылып, бізді облыстық газеттер сынай бастады. Қалай десе де мұнай бермей жатқанымыз шын. Бәрінен де мына мұнай ағызуға қалай да амал табуымыз керек.
Кеңсеге Бердіғожинді ғана отырғызып, бәріміз скважиналарды жағалауға кеттік. Дергачев, Осадчий, Стремский, Эфендиев, Рагимов тағы басқа инженерлер, жаңашыл өнертапқыш операторлар Нұрмұханов, Масимов, механик Мамедов, тіпті барлаушыларға дейін бас қатырып, мұнай беруді ойластырамыз. Бұл тұйықтан шығудың амалын іздестіре бастадық. Барлық «пәле» парафинде. Құрамы мол болғандықтан мұнай 36 градус жылылықтың өзінде-ақ тоңазып қоюлана бастайды. Мұнан сәл төмендесе болғаны дереу қата бастайды. Қыздырып жіберсең қайта сұйылып аға жөнеледі. Бірақ, мұның да өрісі ұзақ емес. Ұзаңқырап барып суынып қалады. Демек, салқын уақыттары мұнайды үздіксіз қыздырып тұру керек.
Қазіргі қолда бар жылыту құралы - тек қана бу машинасы. Оларды скважина сайын қоюға тағы жетпейді. Жетсе де ол айрықша қымбатқа түседі. Қыздыратын пеш тек топтық қондырғыда ғана бар. Скважинадан шыққан мұнай сол пешке жете алмай, жолда қатып жатыр. Қайткен күнде де мұнайды қыздыру керек. Бірақ жер астында көмулі жатқан құбырды қалай қыздырамыз? Немен қыздыруға болады?
Осы сұрақтарға жабылып жауап іздедік. Ақырында табылған жауап біреу болды. Пешпен қыздыру керек.
Біреу білмегенді біреу біледі. Ойлана келе мұның тиімді пайдалану жолдарын қарастырдық. Чертежін, есептерін жедел бітірдік те, ертеңіне өрттен сақтану, тау инспекторларымен келісіп, олардың да ұсыныстары арқылы бір скважинаға қолданбақшы болдық. Тәжірибе жасап көруге №4 топтық қондырғыдан 5 шақырымдай қашықтықта тұратын №23 скважина алынды. Бұл өзі өнімді жай бергенімен құбыры ұзын болғандықтан мұнайын топтық қондырғыға жеткізе алмай, қатып жататын скважина еді. Алдын-ала әрбір шақырымға бес жерден қыздырма пеш қою керек болды.
Жер астында мұнай температурасы 65 градус болса, жоғары көтерілген сайын салқындай береді де, жер бетінде, яғни скважинаның аузында қыс күндері 25 градус, жазда 15 градусқа дейінгі жылылыққа түседі. Сөйтіп, онан әрі де төмендей береді. Неғұрлым мойны ұзаған сайын температура да төмен болады. Ал 20 градусқа жетісімен-ақ мұнай қойыла бастайды да құбырдың жан-жағына жабысып, бірте-бірте тығындалып қалады. Сондықтан жазы-қысы топтық қондырғыға келгенде мұнайдың жылылығы 25 градустан төмен түспеуі керек. Ол үшін тапқан айламыз — әлгіндей жол-жөнекей қыздырып отыру әдісі болды.
Маңқыстау мұнай барлау тресінің бас геологы,
Лениндік сыйлықтың лауреаты В.Л.Токарев.
Ендігі бір қиын жұмыс әрі қауіптісі - «сепаратор» деп аталған, мұнайдан газды айыратын кішкентай ыдыс жағынан туды. Оның қауіптілігі — үлкен қысым үстінде жұмыс істейді. Осы жерде біраз талас пікірлер болған. Бірлестіктің бас инженері бұл ыдысты алып тастауды талап етті. Ол өзі техника қауіпсіздігіне алдымен жауап беретін болған соң да қауіпті жерлерді жібергісі келмейді. Біз оған болмай, қауіпсіздікті өз мойнымызға алып, газдың тазалығы үшін солай істеуге ұйғарғанбыз.
Расында да осы қауіпті ыдысты істемей-ақ бұл пәледен аулақ жүрсек қайтеді деп бас инженер де айтып көріп еді, мен қолдамадым. Не де болса тәуекел, сварщикке істеуге тәртіп бердім. Өзіміз басында бақылап отырдық. Бірдеңе бола қалса жауап беретін біз. Екі күн дегенде жұмыс аяқталды. Бір қыздырма пункті жасалды. Артық кісілерді кейін қойып, басында Дергачев, Стремский, сварщик төртеуіміз қалдық. Рагимов скважинаны жіберуге кетті.
Көп ұзамай шуылдап-дүрілдеп газ да келіп қалды. Қысымның күшімен құбырдың бойы, пештің құралдары солқылдап кетті. Сепаратор да газға толып, қысымы көтеріліп, манометрлердің тілі ойнақши бастады. Нағыз қауіпті уақыт енді келді. Қысым тез көтеріліп бара жатты. 3 атмосфера, 5, 10, 15 атмосфера. Сірә алды тағы бітеліп қалса керек.
Мен «тоқтат» деп Рагимовке белгі бердім. Соның арасынша сепаратордағы қысым 20-ға барып қалған екен, соны көзім шалып үлгерді. Скважина жаққа тағы да «тоқтат» деген ишаратпен қолымды көтере бергенімде құлақтың түбінен атылған мылтықтай жер дүниені жаңғыртып бір жойқын күш өзімді ұшырып жіберді. Лезде есімді жинап, түскен жерімде тұла бойымды түгендей бастадым, басым бәрі түгел сияқты. Еш жерім ауырмайды да. Он кадамдай жерде - жаңағы тұрған жерімізде құйындай аспанға көтеріліп шаң тұр, арасынан қыбырлап тұрып үсті-бастарын қағып жатқан жолдастарымды көрдім, бәрі де үнсіз. Жүгіріп барып жігіттерді түгендей бастадым. Олар да қимылдап тұрып жатыр екен.
— Мен айттым ғой! - деді бірлестіктің бас инженері, — Бұл қауіпті «конструкциядан» аулақ жүру керек! — Бәрімізді «құдай» сақтады!
Тексере келгенде бұл конструкциядан ешқандай кінә болмады. Сепаратор сварщиктің тәжірибесіздігінен жарылды. Пісірілген жерлердің бәрінде ақауы болған. Сондықтан қысымға төзбеген. Енді бұл істі қайта бастауға тура келеді. Тәжірибелі сварщик табу керек. Пештерде таза газ ғана жану керек. Мұнай араласып бүкіл Маңқыстау аспанын қара түтін қылып қойған ыңғайсыз.
Бұрғышы М.Тарабрин
Бұл істі ұзаққа созуға болмайды. Айлық жоспарды қалай да орындап шығуымыз керек. Есіме Әбіш түсті. Оны осында алдыру керек, оның қиялы осындай учаскелерде істеу еді ғой.
Ертеңіне Жетібайға тарттым. Мән-жайды айтып едім, Әбіш бірден-ақ келісе кетті. Мен Әбішті экспедиция бастығынан сұрап, Өзенге өзіммен бірге ертіп келдім. Сепаратордың чертежін көріп Әбіш «бұл маған шемішке шаққандай» деді. Біз қуанып кеттік. Расында да Әбіш бұл жұмысты әрі жеңіл, әрі шапшаң орындады. Өзі де көптен күткен арманындай жұмысқа аш қасқырша тиісті. Аз күнде-ақ барлық жұмысты қаусырып әкетті. Қыс басталмай-ақ сол күзде барлық скважиналарды қыздырма пункттерімен қамтамасыз еттік. Пештердегі маздап жанған газ түтіні де шықпайды. Қатып жатқан скважиналар іске қосыла бастады. Бұл қыс бойында парафин емі табылғандай болды. Жоспар да орындалып тұрды. Енді ілгеріні ойлау керек.
Парафинді мұнайды еріту жөнінде бірнеше тәжірибе қатар жүргізілді. Алдымен, кұбыр ішін парафин жабыса алмайтындай етіп жылтыратып лактау, эмальдау, әйнекпен қаптау сияқты әдістер сынаудан өтті. Сонымен қатар скважинаның жұмыс режимін өзгерту арқылы парафиннің мұнайдан бөлінуін қарастыру керек. Ол - газды көбейту, газлифт әдістерін көбірек қолдану, скважинаны топтық қондырғыға жақынырақ орналастыру арқылы іске асырылатын болды. Сөйтіп, Өзеннің баттасқан парафині де енді бізге кедергі бола алмайды.
Бәрінен бұрын Әбіш қолымызды ұзартты. Не бір қиын жұмыстар кездесіп, тұйыққа тірелгендей болсақ Әбіш арқасында ғана шығып келдік.
Барлық топтық қондырғылар скважинадан жиналған мұнайды пештерде жылытып диаметрі жарты метрлік үлкен орталық жинақтау коллекторына насоспен айдайды. Коллектор резервуар паркіне құяды. Соңынан іске қосылған топтық қондырғының бірінде дайын тұрған задвижка болмай қалды. Оларды айрықша қысымда мұнай жүріп жатқан коллекторға жалғау керек. Скважиналар топтық қондырғыға тіркеліп, жүздеген тонна мұнай дайын тұр. Мұны реттеуді тағы да Әбіш қолға алды. Коллектордың бір бүйірінен 350 миллиметрлік болат задвижканы жапсырды да коллекторды жөндеді. Ақырында, бұл тұстан үлкен мұнай жолын ашып жіберді, ол жоғары қысыммен айдалған мұнай кенет ашылған тесіктен ілгері лықси жөнелді. Әбіш асықпай задвижканы жаба қойып еді, коллектор тып-тыныш бола қалды. Енді жаңа топтық қондырғыны осы задвижканың аузына жалғау ғана қалды.
Әбіштің әдісімен талай топтық қондырғы іске қосылды. Біз бірқатар жұмыстарымызды онымен ақылдасып отыратын болдық. Оның ұсынысымен өзенде жоғары дәрежелі сварщиктер курсы ашылды. Таңдаулы, ыждағатты, ынталы жастардан оншақты жігітті жинап, бір жағынан Әбіш олардан өзіндей сварщик маман дайындауға да кірісті. Көп ұзамай сварщиктер мәселесі де шешілді. Енді үй құрылыстарына да қарауға мұрша келді.
Бұл кезде құрастырмалы ағаш барактар құрылысы аяқталған. Тас үйлердің ірге тасы қалана бастаған еді. Бұрын дайын материалдардан шапшаң жинап, ағаш үйлерді бірінен соң бірін тапсырып жүрген құрылысшылар, тас үй салуға келгенде істері өнбеді.
Маңқыстау байлығының бірі — тас. Кәдімгі жер бетінен жарты метр тереңдікте жататын Маңкыстаудың «ракушняк» деп аталатын әйгілі ақ тасы ол. Осы тас арқылы Шевченко қаласы да тез қанат жайып кетті. Нақ осындай жергілікті бағалы материалдар - болмаса Маңқыстау құрылысы мұншалық тез қарқынмен дами алмас та еді. Әуелгі қарсаңда тас материалы бізге машинамен Шевченкодан, Жетібайдан жеткізіліп тұрды. Кейін Өзеннің өзінен карьер ашылды. Сөйтіп, үйлердің жарын көтеру мұнда оншалық қиынға соқпаған. Оның есесіне басқа құрылыс материалдары: ағаш, цемент, әйнек, сыр сияқтыларды жеткізуде уақытша қиындықтар болатын. Бірақ мұны құрылысшылардың қарқынды жұмысы мен ізденгіштігі өтеп отырды.
Құрылысшылар арасында «Вася ағай» деп аталып кеткен қарт тас қалаушы болды. Егделігіне қарамастан ертеңнен қара кешке құрылыс басында болатын. Тас қалау жұмысынан жалықпайтын да, шаршамайтын. Ол басқа жігіттерді де үнемі жұмысқа тартатын. Кейде олар жұмыстан жалтарып, жалқаулық көрсетсе «жігіттер, үйдің бір бұрышын қаластырып кетейік, ертеңге жеңіл болады. Олай етпесеңдер ертеңгі жарты күн бұрыш шығаруға кетеді» деп болмайтын. Өзі де жұмысқа шебер, үлкен тәжірибенің адамы. Қашаннан тас қалаушы Украинаның, Татарияның үлкен-үлкен құрылыстарында еңбек еткен.
Василий ағай мұнда құрылысшылар бригадасын басқарады. Мұндағы жұмыстың сапасы да, қарқыны да күнделікті норманың маңында болады. Асылы, олар ретсіз асығып, аптықпайды. Бригадир қарт қолы боста бізге келіп, ұсыныстар айтып, бір жұмыстар жөнінде ақылдасып жүретін. Оған Өзендегі құрылыс нақ өз жұмысындай жақын еді. Кейбір істеріне қарасақ Вася ағай жай ғана тас қалаушыға ұқсамайды, осы үлкен құрылыстың қожасы, болашақ иесі де өзі секілді. Кейбір жеке меншік үй салған кісілер іске өзі араласса да, басқа жағын көзден таса қылмай, бақылап жүреді. Пеш дұрыс орнатылып жатыр ма, әйнек дұрыс салынды ма, еден тақтайлары үйлесе ме. Вася ағай да солар секілді жалпы құрылысты бақылай жүреді. Бұл жағынан ол өзімен көрші бригаданың көп ісіне наразы. Жұмысы сапасыз, дейді, жұмыста материал шығыны көп дейді. Әйтеуір Вася ағай өзге жұрт «Атаман» деп атап кеткен өзі қатарлы қартпен жараспай жүрді.
— Осы «Атаманның» ниеті бұзық — деді бірде Вася ағай, — маған сенің болашақ қалаңның әдемілігі керек емес, оны бастықтар ойласын, олар сол үшін ақша алып отыр дейді. Өзі «табыстан» басқа ештеңе ойламайды. Қарауындағы жігіттері де дәл өзі сияқты. Қайдан таңдап алған! Кілең ұр-да жық. Мені балағаттап жүргізбейді. Мынадай ұсыныстарды қоймасаң біз саған керегіні көрсетеміз деп гүжілдейді. Өздері өне бойы ішіп алып «көңілді» жүреді.
Расында да, осы бригаданың тәртібі бізге де ұнамайды. Жалақы алғаннан кейін «Атаманның» жігіттері кірпі сияқты, бастарын ішіне тығып алып, бүкіл жарық дүниеден бөлініп, өздерімен-өздері болады. Олардан екі-үш күн жұмыс сұрама. Артық ақшаларын ішіп болған соң ақша жинауға өлердей жанын салып кіріседі. «Атаманның» жасы алпысқа жақындап қалған, сом денелі, алпамсадай ірі кісі. Көп шешіліп сөйлемейді, кісіге көзінің астымен сүзеген бұқаша аларып қарайды. Сақал мұрты үнемі есіп, бет аузын жүн қаптап тұрады. Жақында лагерден босанып шығып, осында орналасқан екен.
— Жастықта мастықпен кісі не істемейді. Тентектіктен біраз қорлық көрдік. Енді қалған өмірімді адамша өткізгім келеді, — депті Алешинге, бір әңгімесінде сырын шертіп.
Қарауындағы жігіттер өзінен қаймығады. Қасы мен қабағына қарап, айтқанын екі етпей, бұлжытпай орындайды. Кейбіреулері өзін бұрыннан танитын болса керек. «Атаман» деп ат қойып жүрген де солар. Бұрын өзін солай атаған деседі. Сол жүргенде өзі қазақша тілге судай. Бірде мен «сен қазақшаны қайдан үйрендің?» деп сұрағанымда:
— Мен Гурьевте, Жайық бойында қазақ арасында туып өстім. Бала жігіт күнімде қазақ балдарымен ойнадым. Бері келе әкеме еріп Доссор кеншілігінде жұмыс жасадым. Сонда комсомол қатарына өттім. Шіркін, ол бір менің өмірімдегі ең бір қызық уақыттар еді ғой,-деп атаман күрсініп, әлденеге өкінгендей болды. Бірақ, кейін сәл-пәл теріс бағытқа түсіп кеттім...
«Тентектің ақылы түстен кейін енеді» деген. Мұның ақылы өмірінің кешіне қарай енейін депті. Қатесін қазір ұғып отыр, тым кеш ұққан. Әрине, арамызда мұндай некен-саяқ адамдар болады. Бір ғажабы осылар көбіне шет жақта жүреді. Сондықтан мұндай жаңа құрылыс орындарында коллективпен жұмыс істеу, саяси-тәрбие жұмыстарын жүргізу қиынырақ болады. Бірақ, Вася ағай сияқты нағыз жұмысшы табының өкілдерінің өздері-ақ бұларды бұғалықтап ұстап, алысқа жібермейді.
Бірде маған асығып-аптығып Вася қарт келді.
— Осы салынып жатқан екі қатарлы дүкеннің фундамент бетонының маркасы қандай?
— 200 болу керек.
Маңқыстау қазынасын игеруге қатынасқандардың бір тобы: (оңнан солға қарай) X. Нұрғалиев — Өзен бұрғылау тресінің партком секретары; Я К. Захаров — Шевченко қалалық партия комитетінің бірінші секретары; Р. Өтесінов — Өзен мұнай өндірісі басқармасының бастығы.
— Ендеше «атаман» бүлдіріп жатыр. Кешеден бері құрылысқа цемент жетпей бәріміз қарап тұрмыз. Ай олар фундамент құйып жатыр. Цементтерінің мөлшері бізге белгілі. Меніңше солар тиісті цементі келмей, оған қарамастан әлсіз бетонды құйып жатыр. Ертең лабораторияға анализге бір тәуірін көрсетеді де, басқаларын қалай болса солай қүя салады. Соған сақ болыңдар.
— Жақсы, Алешннге тапсырармыз. Бақылауды күшейтсін! - дедім мен.
Алешин бірнеше бетонның сапасын төмен деп тауып, бракке шығарыпты. Кейін бұл үйден дүкен ашқанда күзге қарай төбесінен тамшы тамып, әрі астынан турба жарылып, су кетіп, фундамент дымқыл тартты. Көп ұзамай әлсіз бетон үгіліп, үйдің жары отырды, ішкі қабырғалары құлаған. Бір жақсысы, бұл оқиға адам жоқта - түнде болып, таңертең көрдік.
Әрине айыптылар жазасын алды. Бірақ Вася ағай содан бері бізге ренішпен қарайтын болды.
— Мен уақытында ескертіп едім, сендер мән бермедіңдер! Бұл бракқа ортақсыңдар! — дегендей жерініп жүрді менен...
Маңқыстау түбегі талай-талай жүйріктің бәйге алаңындай болды. Бұрын кішігірім кәсіпшіліктерде бой жаза алмай, көріне алмай жүргендер сол айдында көсіле шауып, көзге түсті. Ердің ерлігі қиыншылықта деген осы да. Шөл даланың дүлей табиғатымен алысқандардың көбі-ақ аз уақытта омырауы орден, медальдарға толып, жарқырап шыға келеді. Солардың бірі Кемелхан Нұрмұханов күні кеше жастай жетімшілікте, балалар үйінде тәрбиеленген еді. Өзі де тұйық жүретін жуас жігіт, кәсіптік-техникалық училищесін бітіріп, Сағыз кәсіпшілігінде оператор болып істеген. Жолдасы да өзімен бірге оқыған маман.
Маңқыстау жайлы әңгіме болысымен Кемелхан елдің алдымен жұмысқа келді. Алғашқы күндерден-ақ жұмысқа жалтақтамай, белсеніп, күреске түсті. Қажыр-қайраттың адамы екенін таныта білді. Коллектив нелер ауыр жұмыстарда оған арқа сүйеді. Кемелхан да жұрт сенімін ақтады. Үкімет пен партия жұмысшының ерен еңбегін елеусіз қалдырған жоқ. Кемелхан көп ұзамай Октябрь Революциясы орденін кеудеге тақты.
Әрине, Кемелхан Маңқыстауға атақ-даңқ іздеп келмеді. Партия шақыруымен өз отанының гүлденуі жолындағы қажырлы күреске келді. Мұнда бұрын келгендерге жүктің де ауыры тиді, сонымен қатар сол бейнеттің зейнетін көрді, олар.
Кемелхандар Маңқыстауда жалғыз емес-ті. Жалғаспаев Смағүл, Амиров Нәсір, Осадчий Алексей сияқты жігіттер де Маңқыстауға Кемелханмен қатар келді. Нәсір — азербайжан жігіті. Бакуде участок бастығы болып істеген жерінен Маңқыстаудан үлкен мұнай табылғанын естіп, өзі сұранып келді. Нәсір Амировты маған алғаш Эфендиев ертіп әкеп таныстырды.
— Сенің фамилияң айбынды екен, - дедім мен қалжыңдап, Азербайжан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің секретары, белгілі мұнайшы Амиров Али Жабароглыны еске алып.,
— Нәсір сол кісінің інісі, — деді Намик.
Нәсір Өзендегі барактан бір бөлмеге орналасты да, екі баласымен зайыбын алдырды. Өзеннің нақ сол кездегі жағдайында жас балалармен келіп орналасу да нағыз ерлік еді. Олар келген қарсаңда ұдайы үш күн бойы кез аштырмас боран соғып тұрды. Поселкеден шыққан автобус кәсіпшілікке жете алмай жолда адасып жүрді. Талай машина қарсы келіп қалғанда бірін-бірі көрмей соғысып та жатты. Машинадан түсіп жол қараймын деген кісі бес қадам ұзап кетсе машинасын таба алмай адасатын болды.
— Сол боранда, - дейді кейін Нәсір, — үйге келсем, үйдің іші тұмандай көк ала шаң, ағаш қабырғалар желдің күшімен сықыр-сықыр етеді. Балдарымның бет-аузы шаңнан әзер көрінеді. Үйдегі төсек орын дегендер шаңның астында қалған. Ортасында екі баламды бауырына қысып жолдасым жылап отыр.
— Мынадай бола берсе біз өлеміз. Мына кішкентай балаларың үшін жалбарынам, елге қайтайық! - дейді.
— Пәлі, боран тез ашылады. Қысқа қарай дымқыл түсіп, жер тапталады. Ауа тазарады. Жазға дейін асфальт жол салынып, үлкен тас үйлер бітіп, шаң азаяды. Бір-екі жылда бұл жерде қала болады. Бакудегідей жақсы үйлер салынып бітеді. Бұл жерде жаңа Баку болады.
Нәсір Өзенде ең ауыр участкелердің бірін алды. Ал енді, осы Нәсір Амировты Маңқыстауға алып келген қандай тағдыр! Мұнда жігіт тұрмысы, жұмысы әлдеқайда ауырлады. Еңбек ақысы да бұрынғыдан өскен жоқ. Лауазымы да бұрынғыдай. Әзірге өндіртіп жатқан мұнай да жоқ. Күндіз-түні бұрғылаудан шыққан скважиналарды пайдалануға әзірлеумен шұғылданады. Кеше ғана Бакуде алшақ басқан жігіт, Маңқыстауға келіп ақ шаңның астында, семьясымен кішкене барактық бір бөлмесіне тығылып отыр.
Басшылар жағы өндірістің ұйтқысы болған осындай негізгі мұнайшы — энтузиастардан құралды. Қалған жұмыс күшін комсомолдар толықтырды. Кең байтақ Советтік Отанымыздың түкпір-түкпірінен қаншама ұлт өкілдері осы жерде тоғысып, бір тұтас мұнайшылар семьясын құра бастады. Кешегі құлазыған Маңқыстау енді социалистік қоғамдағы лениндік ұлт саясатының, халықтар достығының айнасына айналды.
Бірде мен кадрлар жөніндегі ақпарға қол қойып отырып, тек біздің мұнай өндіру басқармасында 48 ұлттың өкілдері жұмыс істейтінін білдім. Ішінде өзім бұрын естіп білмеген ұлттар бар. Халықтар достығының жарастығы жөнінде Шевченко қалалық партия комитеті, оның идеология жұмыстарын басқаратын секретары Камалиденов Зәкеш көп еңбек етті. Осы тақырыпта жиі-жиі конференциялар өткізіліп, лекциялар оқылды. Үгіт-насихат жұмыстары кеңінен жүргізіліп тұратын еді. Мұның бәрі жұмыста жылы, жарқын достық шырай туғызды.
Өзендегі ең бірінші үйлену тойы жұмысшылар барағында етсе де аса көңілді болды. Ол да халықтар достығының куәсіндей. Бакулік азербайжан жігіті оператор Максимов Мәлік Ростовтан келген медсестра украин қызына үйленді. Осыдан сәл кейінірек қазақ жігіті Жандауов Әділ орыс қызы Светаға үйленіп, комсомолдық той жасады.
Біздің мұнай өндіру басқармамыз Түркменияның Қотыр төбе кен орнындағы «Лениннефть» басқармасымен жарысқа түсті. Жарыс қорытындысын тексере барып, ағайынды елдей араласып тұрдық. Олар да бізді алыстағы туыстары келе жатқандай күтіп, құшақ жая қарсы алатын еді. Бауырлас Түрікмен халқының ақ ниетін, елжіреген жүрегін, мол дастарханын қай қазақ, қай орыс, азербайжандық ұмыта алады.
Өзен жаңа құрылып жатқанда көрші туысқанның өнегелі ісін көріп, ақыл-кеңес алғалы, тәжірибелер үйренгелі Түрікменияның осы кен орнына барып қайттық. Біздің делегация құрамында кәсіподақ комитетінің председателі Айдаров Түкібай,-кәсіпшіліктің меңгерушісі Мовсумзаде Яуддин Сархалдиноглы, компрессор машинисі Лалазарян Рафаэл, теледидар тілшісі Гусинскийлер бар еді. «Лениннефть» басқармасының барлық коллективі Небит-Даг қаласында тұрады, күн сайын 80 шақырым жердегі кен орнына асфальт жолмен қатынап істейді екен. Жұмысшылар бұған көп уақыт жұмсайтын болған. Техниканың аты техника. Кейде машина бұзылып, жұмысқа кешігетін кездер де жиі ұшырайды. Жұмысшылар да жол соқты болып, шаршап қайтатын көрінеді. Бұдан біз Өзеннен 150 шақырым Шевченко қаласынан осылай машинамен қатынап тұрсақ қиын болатынын білдік. Біздің бұл пікірімізді, қаланы өндірістің басына салып, жұмыс істеп жатқан түрікмен туыстар да мақұлдады. Бұл достық пікір алысу болашақ қала салу мәселесін шешуге де белгілі әсерін тигізді.
Небит-Даг әдемі қала. Бұрын бұл қала жөнінде түрікменнің ақсақал жазушысы, Социалистік Еңбек Ері Берды Кербабаевтың «Небит-Даг» романынан ғана білетін едім. Өзін көргенде дән риза болдым. Атақты жазушы әсем қаланың көз тартар бояуларын да, халықтың ерлігін де дәл көрсете білген екен.
Небит-Даг та көп ұлт адамдары тұрады. Қазақ жігіттері мұнай өндіруші озат мастер Тастемірдің, Түрікмен ССР-ның Жоғарғы Советінің депутаты, оқытушы Бақытжанның аттарын қала халқы ерекше ілтифатпен атайды. Басқарманың партия ұйымы секретары Таги Махамед ұлы Беркелиев Жебел станциясындағы қазақтар арасында өсіп, қазақша оқыпты. Бізбен таза қазақ тілінде сөйлесіп отырды.
Басқарма бастығы орта бойлы, толық жігіт Чары Атабаев екі үлкен коллектив арасындағы социалистік жарысты өзі бастаған еді. Өткен жылы халықаралық газ өндірісі жөніндегі конгреске бірге барғанбыз. Шет елде жүріп танысып, болашақ қарым-қатынас жасап тұру жөнінде сөз байласқанбыз. Елге келе Чары Атабаев бізге шақырту жіберген. Сол жолғы танысу үстінде бірге болған Түрікмен CGP Министрлер Советі председателінің орынбасары, кейін Орталық партия комитетінің секретары Бяшим Гельдыев жолдас та біздің тығыз қатынас жасауымызға дәнекер болды. Баяшим Гельдыев пен бұрыннан да таныстығымыз барды. Өзі бір жағынан мұнайшы болғандықтан Маңқыстауға келіп жүретін. Бізбен бірге оқыған жолдас. Түрікменнен шыққан тұңғыш мұнай инженері Әбді Анналиевтіқ айтуымен жақын адамдардай достасып кеткенбіз. Ол да Маңқыстау мұнай өндірісінің ашылуын қуана қарсы алып, көмек беру жағын өзі тікелей басқарып отырды. Осындай туыстар көмегімен біз бастапқы кезде ұйымдастыру кезеңінің қиыншылықтарынан сүрінбей өттік. Кадр мәселесі, кейбір техника, материал тапшылығы шама-шарқынша оңай шешіліп жатты. Барын бөле-жара пайдалануға таршылық білдірген жоқ. Социалистік халық шаруашылығындағы коллективтердің достық қарым-қатынасы, өз ара көмегі, үзеңгілестік дегендердің іс жүзіндегі үлгісі осындай болса керек.
Маңқыстау жеріне мұнай барлау экспедициялары келгенде мұнда ешқандай өндіріс мекемелері жоқ еді. Тек теңіз жағалауында, әсіресе Форт-Шевченко қаласында балық кәсіпшіліктері, балық аулау колхоздары болды. Ал далалығында мал шаруашылығы өркендеген. Қой өсіруден Маңқыстау Гурьев облысындағы ең ірі аудан. Маман малшылары да көп болатын. Тұрғын халықтар да шаруаға қарай бейімделіп, жасынан малшылыққа әуестенетін. Маңкыстауда мұнай молшылығы білінісімен енді халықтың беті солай ауды. 1960 жылдардан былай Маңқыстау даласының бейнесі өзгере бастады. Бұрын мұнайдағы халықты сырт жұрт «Маңқыстаудын, қойшылары» деп келетін болса, енді «Маңқыстаудың мұнайшылары» дейтін болды. Жастар мұнай мамандығын беретін оқуға Форт-Шевченко қаласынан ашылған бұрғышы, мұнайшы, электрик, слесарь мамандығын дайындайтын училищеге түбектің түкпір-түкпірінен, алыстағы мал жайылым участоктерінен жастар ағылып келіп жатты. Оның үстіне Шевченко қаласында бүкіл одақтық политехникалық институттың сырттан оқитын филиалы, Өзенде мұнай техникумының кешкі бөлімдері ашылып, өндірістен қол үзбей инженер-техниктік мамандық алуға мүмкіндік туды. Алматының политехникалық институты жанынан мұнай факультеті ашылып, оған Маңқыстау жастары көптеп жіберілді. Маңқыстау жастары малды қалай бақса, мұнай өндіру, бұрғылау жұмыстарын да сондай меңгеріп алды. Егер қазір Маңқыстаудың мұнай өндіру кәсіпшіліктерінде еліміздегі ең жаңа әдістер мен автоматизация, телемеханизация кеңінен қолданылып жатқанын ескерсек, Маңқыстау мұнайшыларының техникалық білім дәрежесін ұғыну қиын емес.
Озат мұнайшы-оператор Қорғанбай Қайраңбаев, сол қарсаңда мамандық алған жастар қатарынан, 1963 жылы Форт-Шевченко қаласынан қол өнер училищесін бітіргесін-ақ Өзен барлау экспедициясына жұмысқа келді. Кейін мұнай өндірісіне біржола ауысты.
Өзенді ел қыламыз деп, ала-шаңның астында алас ұрып жүрген күндердің бірінде Шевченко қалалық партия комитетінің бірінші секретары Виктор Кузьмич Захаров Өзенге келіп, Қауынды, Қорғанбай, Кендірлі алаңдарын көріп келуге мені шақырды. Екеуіміз де бұрын ол жаққа шыққан жоқ едік, жолын білмейміз. Мынау шыжыған шілдеде адасып кетсең ол бағытта паналайтын ел түгіл, бұта да жоқ. Сондықтан біз ол жақтың жолын білетін кісі іздеп жүріп, осы Қорғанбайды таптық.
— Сенің атыңды Қорғанбай деп неге қойған?- деді Захаров күлімсіреп.
— «Корғанбай» деген жерде туыппын.
Маңқыстау қазынасын игеруге қатынасқандардың бір тобы: (оңнан солға қарай) X.Нұрғалиев - Өзен бұрғылау тресінің партком секретари; Я.К.Захаров — Шевченко қалалық партия комитетінің бірінші секретары Р.Өтесінов — Өзен мұнай өндірісі басқармасының бастығы.
— Ендеше бізге керегінің өзі сол еді. Сен туған жеріңді тауып бара алатын шығарсың?
— Қайдам. Қазір ол жерде ел жоқ. Әрі геофизика партиялары бүкіл даланың бәрін жол қылып болды. Қорғанбайдың аржағында 40 шақырымдай жерде, теңіз жағасында Кендірлі деген жерде менің әкем тұрады. Бірақ мен онда кілең Ералиев бойымен теңізді жағалап едім. Бұл жерден тіке барып көрген жоқпын. Тәуекел етуге болар.
Үшеуіміз менің газ-69 машинама отырдық. Қорғанбай жүрер алдында: «Үйге кіріп бірер шыны-аяқ шай ішіп шығыңыздар!» — деп өтінді.
Өзіміз де ерініміз көгерiп, шөлдеп тұр едік келісім бере қойдық. Қорғанбай жаңадан салынған екі қабат тас үйлердің біріне орналасқан екен. Захаров бұрын Өзендегі бұрқыраған шаңның арасында салынған 3-4 тас үйді сыртынан көргенімен ішіне кірмепті. Мына үйдің ішінің әсем көрінісі оны таң қалдырды. Сыртта шаң борап тұрғанда мұнда тап-таза, тып-тыныш. Есіктен төрге дейін кілем, жердің бәрі кілем, қымбат мебельдер.
— Мына жұмысшың қандай бай тұрады? — деп сыбырлайды Захаров.
— Әйелімен екеуі 500 сомнан асырып табыс табады...
— Есік алдында тұрған «Волга» машинасы да осыныкі ме?
— Осыныкі. Жаңада алған.
Залдың төр жақ жанындағы шкаф толы кітап. Толстой, Тургенев, Бальзак, Әуезов томдары тізіліп тұр. Төменгі жағында қазіргі жазушылардың кітаптары, саяси, техникалық кітаптар да көп.
— Кітаптарымның көбі жәшікте жатыр,- дейді Қорғанбай. Бастық үлкен үйлер салғасын кеңірек үй беретін шығар.
— Осы Өзенде не тәуір нәрсе болса бәрі сендердікі!- дедім мен. — Өз қолдарыңнан салып,жатқан қалаларың...
Балалар бөлмесі музыкалық аспаптарға толы. Пианино, аккордеон, мандолина, домбыра, бәрі бар мұнда.
— Мынау бір оркестр ғой, - дедім мен тақ қалып.
— Балалар ермек қылады, - дейді Қорғанбай. — Далаға шығып ойнайтын жер жоқ.
— Өзің ойнай білесің бе?
— Аздап...
— Қайсысын?
— Қай-қайсысын да.
— Домбырамен бір күй орындап берші!- деп Захаров өтінді,
Қорғанбай домбыраны ыңғайлап ұстап, аз-кем сазға келтірді де «Адай» күйін екпіндете жөнелді. .Өңкей мұнайға малынып, темір ұстап мүйіз болып қалған бақандай саусақтар домбыра пернелері үстінде жорғалай жөнелді. Асылы, бұл жақтың жігіттерінде Домбыра шерте білмейтіндері жоқ болар. Бала есін біле домбыраға жармасады. Домбыра тарта білмегенді жігітке ар көреді. Кейде жиын-тойда домбыраға қосып бір ауыз өлең айту баршаға парыз. Бұл қасиеттен Қорғанбай да құр көрінбейді.
— Музыка мектебін бітірдің бе? — деп сұрайды, Захаров Қорғанбайдан.
— Менің туған жерімде музыка мектебі болған жоқ, —деп күледі Қорғанбай,— аман жетсек, қазір көреміз ол жерді. Домбыра білмейтін қазақ жоқ. Мына орыс аспаптарына ойнауды Форт-Шевченкода интернатта оқып жүргенде үйренгенмін. Балаларға музыка мектебі керек-ақ...
— Әуелі қала қарайып, бір жобаға келсін. Ең болмаса бір микроаудан салынсын, — деді Захаров.
Біз Қорғанбай үйінен жайланып болған соң түс ауа Өзеннен шығып кеттік. 6 шақырым жердегі «Теңге» деп аталатын барлау учаскесіне тіке бардық та, ар жағында көп жолдардың біріне түсіп ілгері жүрдік.
Түскен жолымыз көп ұзамай тоқсан тоғыз тармаққа бөлініп, басымыз қатты. Шама келгенше шаңы аздау, тегістеу жолмен жүргіміз келеді. Сөйтіп, жолдарды қуалап келе жатқанымызда барар бағыттан тайып кеткенімізді Қорғанбай аңғарып қалыпты.
— Анау дөң, — дейді Қорғанбай оң жақта көрінетін биікті сілтеп. — Біз дөңнің сол жағымен жүруіміз керек еді ғой.
— Ол дөңді айналып жүргенше осы бағытымызбен бетті түзеп кетсек қайтеді? — деді Захаров, мына ыссыда жолдық ұзарғанын жақтырмай.
— Қайдан білейін. Күн кешкіріп барады. Қараңғы түсіп кетсе тіпті бағыттан айырылып қалып жүрмесек?
— Қараңғы түспей Кендірліге жетіп қалу үшін осы жерден тіке тарту керек, — дедім мен де кейін жүргім келмей.
Қорғанбай бізге еріксіз көнді. Енді жолсызбен тарттық. Ол жақтағы қара дөң бірқалыпты, қараяды да тұрады. Қанша жүрсек те жақындамайды. Біздің мақсатымыз — оның алдын орап өтіп, ар жағына түсіп, Кендірліге тура тарту. Біз түскен жол кейде бағытын өзгертіп Красноводскіге қарай ала жөнеледі. Біз солай біраз ауып барып кейін қайтып жүргенде, қара дөңімізден айырылып қалдық. Күн кешкіріп қараңғы түсе бастады. Енді Қорғанбай жұлдызға қарап жөн іздеді.
— Енді 1 сағатта бір қараға соқпасақ бензин таусылып, тұрамыз! — деді шофер.
— Онда тезірек жүр! — деді Захаров. Машина жүрісін тездеткен сайын, жердің ой шұңқыры соға бастады. Сондай бір жыраға қатты соққанда мотордың шлангісі шығып кетіп, барлық суы ағып кетіпті. Амалсыз тұрдық. Ішуге алған азғантай суымызды құйып, моторды суытып алып қайта жүрдік. Бірақ суы аз мотор тез қызып жүргізбеді. Әрі-беріден кейін бензин де таусылды. Ендігі жағдай мүшкіл болды. Жан-жағымыз шетсіз, шексіз, елсіз дала. Тірі жан жоқ. Оның үстіне кезге түртсе көргісіз қараңғы. Машинаның моторы сөнгесін құлаққа ұрған танадай тыныштық орнады. Бір жағымыздан жылтырап Өзеннің скважиналарының оттары көрінеді. Басқа бағытқа түсіп кеткенімізді сонан білдік. Енді не істеу керек? Жаяу кетуге тағы қорқамыз. Машинамен талтүсте адасып жүргенде түн ішінде жаяу қайда бармақсың? Ал, осы жерде отыра бергеннен де ештеңе шықпайды. «Үстімізден біреу шығар» дейтін жол бойы емес. Бәріміз ақтарылып Қорғанбайға қараймыз. Түн ішінде ол қайда барсын. Таң атқанша жата тұруға келістік.
Таңертең Қорғанбай мен шофер екеуі ел іздеуге шықты.
— Осы айналада бір қойшының үйі болуы керек, солардың киіз үйлерін іздейік. Тапсақ сіздерге су, тамақ, машинаға бензин алып келеміз,— деген Қорғанбай. Бәріміз бірге кетуге Захаровтың жүрегі нашар. Жаяу көп жүре алмайды. Қазірдің өзінде ентігіп әзер отыр. Мен қасында қалдым. Анда-санда қалтасынан жүрек тыншытатын дәрісін алып жұтып қояды. Оны ішетін су да жоқ.
Күн қыза шөлдей бастадық.
Виктор Кузьмич денсаулығының нашарлығына қарамастан осы қиын учаскеге Ақтөбе қалалық Советінің председателі қызметінен өзі сұранып келді. Туып, ескен жері — Орынбор қаласы. Темір жол институтын бітіргеннен кейін Шалқар, Ақтөбе қалаларында істеген. Соңғы кезде денсаулығы да сыр бере бастаған. Оның үстіне өзі де жұмысқа тым елгезек, өзін-өзі күтпейтін еді. Осы Қауынды, Қорғанбай аландарына басқаларды жіберуге де болатын.
— Виктор Кузьмич, сіз мазаланбай-ақ қойсаңызшы. Біз барып, көрген, білгенімізді айтып келсек болмай ма? — дегенімізде:
— Сендердің білгендерің маған білім бола ма! Ертең ол алаңдарға ел қондыру, оның үстінен жол тарту мәселелері жөнінде өз пікірімді айтуым керек. Болашақ мәселесіне немқұрайды қарауға қақым жоқ. Егер менің білместігімнен қате шешім қабылданып кетсе болашақта ондағы халық маған «рахмет» айтпайтын шығар.
Иә. Болашақ үшін, Маңқыстаудың өсіп, өркендеуі үшін Захаров та көп еңбек еткен адамдардың бірі. Партия комитетінің бірінші басшысы ретінде болашақ маңызы бар көп мәселелердің шешілуіне қатысқан адам. Сондықтан да мұндағы жұрт шын жүректен қадір тұтып жаста болса сыйлайтын еді. Бастапқыда-ақ ұлан-байтақ еліміздің әр шетінен жиылған көп ұлтты Маңқыстау халқын партия қойған ұлы міндетті орындауға бір кісідей жұмылдыра білді.
Мен Захаровты аяймын. Бюроның үстінде кеудесін ұстап дәрі жұтып отыратын еді. Мынау шөл денсаулығына зиян келтірмесе нетсін. Кеш түсті, жігіттер оралмады. Енді екеуімізге де қауіп кіре бастады. Бұлай жата беруге болмас, деп әрекет жасап жүруге келістік. Таңертең жігіттер кеткен жаққа қарай бет алдық. Аяғымызға кирза етік кигеніміз жақсы болар ма, тікенді шөпті жапыра жүріп келеміз.
Әрі-бері жүргеннен кейін әліміз азайып, буынымыз босай бастады:
— Рахмет, кішкене тұрып дем алып алайық, — деп Захаров ентігін баса алмай кідірте береді.
Қараңғы түсе кешегі жақтан Өзеннің оттары тағы жылтырайды. 50 шақырымдай жер. Сол отқа қарай жылжып, жүре беру керек. Ен далада жаяудың жүрісі өнбейді екен. Әбден сілеміз қатып, бір төбенің басына шығып жаттық. Төбенің нақ ортасында геофизиктер қаққан белгі тұрба бар. Соған қалпағымызды, киімдерімізді қобыратып іліп қойдық. Біреу-міреудің көзіне түсе ме дейміз.
Таң ата бар киімімізді киіп, түндегі от шыққан жаққа қарай қайта жылжыдық. Аяқ алысымыз кешегіден гөрі де сылбырлау. Захаров «енді жүретін әлім жоқ» деді бір кезде. Ақыры екеуіміз де әліміз құрып жаттық. Бәрінен де шөл жаман.
Кешке қарай аздап жел тұрып, салқын түскен соң құрысқан көніміз сәл жазылайын деді. Аздап есіміз кіре бастады. Бірақ қимылға әл жоқ. Сөйтіп жатып ұйықтап кетіппіз...Бір уақытта құлағыма ырылдаған машина, дабырлаған адам дауыстары келеді. Түсім, өңім екенін айыра алмай біраз жаттым да, кенет ояу екенімді сезініп, көзімді аштым. Басымды көтердім. Күн көтеріліп келеді. Дауыс шыққан жаққа қарасам, кешегі біз белгі тастаған дөң басынан төмен қарай бір «Водовоз» машинасы және тағы бір астаулы машина, бізге қарай салып келеді. Үстінде адамдар.бар. Таңғы дауыс алыстан естіледі.
— Әне, біреу басын көтерді, солай қарай тарт!
Машина салдырап келіп қалды. Анадайдан бізді көрген Қорғанбай машинадан секіріп түсіп жүгірді. Мен есімді енді жиып, Захаровты жұлқылай бердім.
— Виктор Кузьмич, тұр, тұр, адамдар келді. Біз құтылдық! — деймін құлағына, бар даусыммен. Ол ыдырсиды да үн қатпайды. Көзін де ашпайды.
— Су!..
— Су әкел! — деді Қорғанбай шоферге.
Басын жуып, аузына су тамызып, Захаровты да тұрғызып алдық. Сүйтіп жайлап-жайлап шөлімізді қандырып, тыңайып алған соң машинамызды тауып әкеліп беріп:
— Енді қалай жүресіңдер, кейін Өзенге ме, әлде Кендірліге ме? — деді жігіттер.
— Кендірліге! — деді Захаров, бейне бір жолда дем алып тұрған адамдай.
— Ендеше сендер де ере жүріңдер! — дедім мен ана жігіттерге.
Қасымыздағы қара дөңді айнала беріп едік, алдымыздан үлкен ойпат кездесті.
— Мынау — Қауынды! — деді Корғанбай.— Ар жағындағы дөң «Қорғанбай» деген жер. Бұл жерлерде қазір ештеме де жоқ. Әр жерде геофизиктердің, топографтардың қағып кеткен қазықтары болар.
— Қауынды деп неге атаған?
— Мына сайдың бойында су жиналған. Отырған ел бөгет жасап, сол суды тоқтатып бақша еккен. Кей жылдары қауын көп шыққан. Сондықтан бұл жерді Қауынды деп атап кеткен...
Еңбекқор адам қолы не жасамаған. Осындай тамшы суы жоқ, қуарып жатқан шөл далада есебін тауып су жинап, бақша салып жүрген адамдарға, қалай таң қалмассың?
— Бұл жерлерде, — деді Қорғанбай сөзін жалғай, — менің бала кезімде ел отыратын. Суды құдықтан тартып ішетін. 30-40 құлаштан су шығады. Бірақ суы едәуір ақаулы, тіпті ащы болатын. Қазір бүл жердегі елден жалғыз менің әкем. Алдымызда — Кендірліде тұрады. Қанша айтсам да шалды көндіре алмай-ақ қойдым. Қалаға жуымайды. «Осы жерде туып, өстім, осы жерде өлем» деп аяғын қия баспайды.
«Қорғанбайдың» үстін басып етіп, айнала ой-шұңқырын, құдықтарының орнын көріп, әрі қарай теңіз жағасына — Кендірліге тарттық. Биік жар қабақты қиялай төмен түсіп, теңізді жағалап келеміз. Бір мүйісте маяк көрінеді. Қасында жалғыз қарағай үй бар. Онда маякты қарайтын бірлі-жарым кісі тұрады екен. Теңіз жағасының жолы тегіс, әрі шаң жоқ. Сондықтан бұл жақта көбіне осы жолмен жүреді. Теңізді жағалай Красноводскіге дейін баруға болады.
Ертеде халық осы теңіз жағасын қуалап қырға малын жайса, судан балық аулаған. Қара бұғаз жақтан тұз өндіріп, іш жаққа апарып сатып, кәсіп еткен.
Маяктан шығып, жағамен 10 шақырымдай жүрген соң алдымыздан жалғыз қараша үй кездесті.
— Мынау біздің шалдың үйі,— деді Қорғанбай. Жабырлап түсе қалдық. Қорғанбай бізден бұрын кіріп, көрпе салдырып, әкесін ертіп шықты. 70-тің үстіне шыққан, шашы аппақ, кішкентай шоқша ақ сақалды, арық шал.
— Қош келдіңіздер, балдар, үйге кіріңіздер! — деді қарт бізге жылы шырай білдіріп.
Үш күннен бері жол азабымен қалжырап келе жатқан біз, шағындау қиіз үйдің төріндегі көрпе үстіне құлай кеттік. Іргені түргізіп қоңыр салқын самалға бетімізді төсеп отырып, қарттан жөн сұраса бастадық.
— Бұл ең далада жалғыз үй неғып отырсыз?
— Ей, шырақтарым-ай, осы жерде туып, өсіп едім. Қанша қиын замандар болып, ел ойысып көшіп жатқанда, ата-мекен қонысымды қимаймын. Енді төрімнен керім жуық қалғанда не іздейін... Ендігі қызықты балаларым көрсе болады да.
— Қыстауыңыз қайда?
— Бізде қыстау болмайды. Мен өмір бойы, қысы-жазы осы киіз үйде өскен қазақпын. Осы жасымда екі рет қана қыс қатты болып, анау жар қабақтың астынан жер төле қазып алып, сонда қыстап шықтым. Талай колхоз басқармасы «үй салып берейік, орталыққа кел» деп шақырып еді, бармай отырмын.
— Ауырып-сырқағанда қайтесіңдер, дәрігер тым алыс қой?
— Құдай сақтасын! Әзірге кемпіріміз екеуіміз аурудан аманбыз. Балалар болса жасынан қалаға, интернатқа кетіп оқиды.
Захаров шалдың бұл жерде жалғыз қала беруіне бүкіл жаратылысымен қарсы шықты. Өзенге немесе Шевченкоға көшіріп әкелуді, малынан айырылмаймын десе ескі Өзен, Жетібай, Теңге поселоктерінің біріне қондыруды, соған үгіттеп-көндіруді Қорғанбай екеуімізге тапсырды:
— Әкең үшін сен жергілікті әкімдермен бірдей жауаптысың, Қорғанбай!
Өзен кен орнын пайдаланудың жобасы бойынша біз байқап қайтқан алаңдардан таяу уақыттарда екі мыңнан астам скважина қазылуы керек. Жыл сайын 250 скважина іске қосылуы үшін 330 мың метр жер бұрғыланды. Бұл үлкен көлемді жұмысты атқаруға Өзен пайдалану - бұрғылау мекемесі құрылды. Бұған Татариядан тәжірибелі бұрғышылар шақырылды. Мекеме бастығына инженер Рафиков, бас инженерлікке Кондратьев, әйгілі мастерлер: Нурисламов, Шевченко, Муртазиндер келді. Татарияның үлкен мұнайын игеруге қатысып, едәуір тәжірибе алып қалған бұл жігіттер ешқандай бөгеліссіз, іске дендеп кірісіп кетті. Бұрғылау станоктері теміржолдан тіке кен орнына, қазатын нүктеге тасылып, монтаждауға беріліп жатты. Әсіресе, инженер Журавлев басқарған мұнара монтаждау цехының коллективі алғашқы күндерден-ақ алаңсыз еңбек етті. Олар Қазақстан бұрғышыларының тәжірибесінде бұрын болмаған жаңа әдістерді қолданып, тамаша табыстарға ие болды. Жылына 250 скважинаны қазуға станок дайындап беру, ай сайын 20 станок монтаждау үлкен құрылыстардың өзінде де сирек кездесетін еді.
Асланбеков, Любиш сияқты мастерлердің бригадалары үш күн сайын бір бұрғылау станогін монтаждап беріп, жер қазуға тапсырып тұрды. Жалпы, Өзен бойынша орта есеппен бір бригада бес күнде бір монтаж жасайтын болды. Барлық бұрғылау қондырғысы іріктеліп блоктерге бөлініп, жылжымалы әдіске көшірілді. Насостар мен моторлар «Восток» арбаларына орналастырылды. Бұлар осы күйінде арбалар арқылы әкелініп, бір-біріне құрастырылатын болды. Бұрын бір айға созылатын құрылыс қазір 3—4 күнде бітетін монтажға айналды. Бұрғылау бригадасы тек қазумен ғана айналысты. Оның үстіне бұрғылаудағы ең киын мәселе — су мәселесі оңай шешілді. Әдейі Су скважиналары қазылып, құбыр төселініп, әрбір монтаждалған мұнараға алдын ала су келтірілетін болды. Мұның бәрі жүйрік аттай шиыршық атып жүрген жігіттерге талай рекордты көрсеткіштерге жетуге мүмкіндік берді. Мысалы: Нурисламов Дамирдің бригадасы жылына 25 мың метр жер қазса, Социалистік Еңбек Ері Геннадий Шевченконың бригадасы бұрын-соңды бұл маңда болып көрмеген көрсеткішке жетті, Олар бір жылда 40 мың метр жер қазды. Бұл бұрынғы есеппен бір бұрғылау мекемесінің жылдық жұмыс көлемі.
Шевченко институттан кейін біраз жылдар жұмыс істеп, ауыр скважиналарды қазып үйренген тәжірибелі мастер болып келді. Мастер — бір бұрғылау бригадасының бастығы, бұл өзі бір бөлек шаруашылық. Скважинаны қазуға дайындау мен қазып шығып пайдалануға тапсырудың арасында санқилы жұмыстар бар. Вахта жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарауы керек. Сондықтан мастерлер бұрғышыларды таңдап алуға, оларды жұмыс үстінде дайындап, шыңдап, жетілдіруге айрықша көңіл бөледі. Бұрғышылар бәрі бірдей тәжірибелі болса мастерге де жұмыс жеңіл. Осыған үйренген мастерлер көбіне мұнара ішінде болады. Бұрғылау мастерлері, әсіресе қазу уақытында, үйлеріне сирек барады. Әрине бұл үй ішіне ыңғайсыз. Әр семья өз басшысының қасында болғанын тәуір көреді. Теңізге кеткен ақаншылардай сарғайып күтіп күн өткізгенді кім жақсы көреді дейсің. Тіпті үйге келе қалса да асығыс бір шай ішіп алып, кейін шабады. Бұған үйреніп кету де оңай емес.
Шевченко Өзен аудандық партия комитетінін, бюро мүшесі болып сайланғаннан кейін, кенеттен, Жетібай бұрғылау мекемесінің қарамағына жұмысқа ауыстыруды сұрап арыз берді. Біз таңдана қарадық. Өзен - ең шешуші учаске. Шевченко сияқты таңдаулы мамандардың орны осы алғы шеп.
— Егер мені Нұрғазиевтің аяғын құшсын демесеңдер жіберіңдер, — деді Геннадий күлімсіреп. Айтып отырғаны осы Өзенде бұрын болған бір оқиға.
Нұрғазиев деген жас мастер Шевченко қаласынан үй алған болатын. Жас жұбайы қалада жұмысқа орналасты. Жігіт Өзенде. Он — он бес күнде бір көрініп, кейде бұған да мұршасы келмей жүреді. Жұбайы мұндай өмірге риза еместігін білдіріп, үнемі бірге тұруға талап қояды. Оған жігіттің жұмыс жағдайының реті келмепті.
Мұны жігіт ұялып, бізге айтпаған. Ақыры қолайсыз жағдайға соқтырған. Бір күні Нұрғазиев үйіне келсе есік алдынан әйелімен бірге бір еңгезердей бет аузы жүн-жүн қара жігіт қарсы алады да «енді бұл үйдің қожасы өзгергендігін, қонуға басқа жер тауып алуы керек екендігін» айтыпты. Сөйтіп, Нұрғазиев Өзенге бір жола қайтып келген.
— Менің әйелімнің денсаулығы нашарлап барады. Анда-мұнда сүйрелеуге жарайтын емес. Үш жыл бойы семьядан бөлініп, жалғыз жүріп істеу екі жаққа да үйлеспей барады.
Бастапқы кездегі «мұнайшылар қаласын қайдан салу керек?» деген талас мәселеге мына сөз тағы да тіке жауап беріп тұр. Қаланың Өзеннен салынуы туралы Қазақ ССР Министрлер Советінің қаулысының дұрыс екендігін бұл да айқындай түседі. Жетібайға аудардық. Бұл бір жағынан тиімсіз де болған жоқ. Бұрғылау бригадалары арасында Шевченконың бастауымен социалистік жарыс ұйымдастырылып, жұмыста жаппай өрлеу туды. Мұның өзі Жетібай мұнай өндіру басқармасының да алға шығуына себебін тигізді. Мұнайшылар Геннадий Шевченко мен Төреғали Қадыровты «Өзеннің қос батыры» дейді. Бұл екеуі арасында әр дайым жарыс шарты бар. Бірде ол, бірде бұл алға шығып, кезек түсіп отырады. Төреғалидың тәжірибесі молдау, Маңқыстау жағдайына өте қанық та бейім.
— Сіздің жұмыстағы табысы қыздың сыры неде? — деп сұрай қалсаңыз, Шевченко:
— Қазіргі жағдайда жұмысты бұдан төмен дәрежеде атқаруға мүмкіндік жоқ — деп күледі, — жан-жағының бәрі асфальт жол, жерінде алдыңнан мұнараң монтаждаулы, әзір тұрады. Су, электр қуаты бәрі әзір, сен тек қаза біл.'
— Біз Өзенге алғаш келгенде, — дейді Төреғали өткенді есіне алып, — мұнараны өзіміз көшіріп, өзіміз монтаждайтын едік. Суды тасымалдап жеткіздік. Бір кішкентай бөлшек жоқ болса, Гурьевтен самолетпен жеткізгенше жұмыс тоқтап тұратын. Сондай жағдайда да жоспар орындағанбыз. Ал, қазір жоспар орындамауға негіз жоқ.
Шынында да бұл кезде Өзен бұрғышыларына барлық жағдай туғызылды. Бұлардың өндірістік-техникалық базалары үлкен бір механикалық жөндеу заводынан кем емес. Бұларды керек-жарақтармен қамтамасыз ететін цементтеу, мұнара монтаждау мекемелері, автотранспорт мекемелері әрқайсысы өз алдына күрделі шаруашылық. Одақтық мұнай өндірісінде бұлармен тек Батыс Сібірдің бұрғышылары ғана тай-таласа алады. Маңкыстауда бұрғылаудың мұндай мықты базасының құрылуы бұл түбектің мұнай байлығын іздестіріп, тезірек игеріп, халық игілігіне айналдырудың бірден-бір кепілі болды.
Уақыт өткен сайын жаңа кен орнын игеру жақсара берді. Қажетті құрылыстар көбейіп, өндіріс жұмысы, дала халқының тұрмысы да жеңілдей түспек. Әсіресе бұрғышылардың жұмысы көп жеңілдейді. Осының нәтижесінде Шевченко, Қадыровтар 1350 метр тереңдіктегі бір скважинаны бір жетінің ішінде қазып беріп, келесісін бастап жатты. Басқа бригадалар олардың қатарында болуға ұмтылады. Сөйтіп әр ай сайын 20—30 скважина қазылып тұрды. Енді оларды сынақтан өткізіп, одан әрі игеріп кету, өндіріс операторларының міндеті. Егер тапсырылған скважинаның бәрі фонтанды болса онда игеру оңай болмақ. Ал, жағдай керісінше болып, олар фонтан бермесе, механикалық әдіске бірден көшіру керек. Яғни ондай скважиналардан мұнай газлифт әдісімен, немесе качалка арқылы алынады. Мұның бәрі күрделі жұмысты керек етеді. Мәселен, газлифт әдісін іске асыру үшін әуелі газ скважиналары қазылады. Оларды газ жинау пункттерімен жалғастырып әрі қарай оның газын үлкен магистральға қосады. Одан әрі газ үлестіру пункттерін салу керек. Бұл жұмыстарды жүргізу скважина қазудан әлдеқайда қиын. Бірақ газлифт жүргізу кешеуілдеп қалды. Құрылыс жұмысы баяу жүрді. Соның салдарынан фонтан бермеген көптеген скважиналар газлифт күтіп тұрып қалды. Біз ондай скважиналарды әзірше качалкамен жібере бастадық. Бұл жерде тағы да бір қиындыкқа душар болдық. Бүл бұрыннан өзімізге таныс, парафиннің қатып қалуына байланысты еді.
Не істеу керек? Бұл сұрақ басқарма басшыларынан бастап операторларға дейін тыным бермеді. Әркім өз әлінше жауап іздеді. Бір қызығы ғылыми-зерттеу институттары бізге бұл жөнінде ешқандай жәрдем ете алмады. Не де болса бүл тұйықтан өз күшімізбен шығуымыз керек. Мұны жеңбейінше мұнай жөнінде мемлекеттік жоспардың орындалмай қалу қаупі бар. Осылай басымыз қатып, парафин қырсығынан құтыла алмай жүргенімізде аяқ астынан бұған жауап табылды. Жер астынан скважина арқылы жабық кұбырдың бойымен атқылап жатқан мұнайдың қысымы азайған сайын бойынан әуелі жеңіл газдар, одан кейін ауыр газдар, бара-бара сұйық газ, конденсат бөлінеді. Газ скважиналарынан келетін конденсат бөлек жиналуы керек. Өйткені оны газбен бірге айдауға болмайды. Мұнай қыздыратын пешке баратын газ линиясының бойында конденсатты бөліп алатын кішкене ыдыс болатын. Соған жиналған конденсатты дүркін-дүркін операторлар жүргізіп жіберетін. Соған өздері мұнайға былғанған қолдарын, кейде киімдерін жуып, тазартып алатын.
— Авиация бензинінен де артық, нағыз май дақтарын кетіргіш химиялық тазалағыштың өзі — деп мақтайтын мұны. Бір күні №3 топтық қондырғының басында бас инженер Дергачев, техника бөлімінің бастығы Стремский, №1 кәсіпшілік меңгерушісі Мовсум-Заде тағы басқа инженер-техниктер жиналып, турбалар парафинмен бітеліп, мұнай ағысы бөгеліп тұрған скважиналар жөнінде әңгімелеп тұрғанымызда оператор Қемелхан Нұрмұханов сөзге араласа кетті:
— Осы сендердің айтып тұрғандарың тұрбаны парафиннен аршу жөнінде ме? — деп, әлденені тапқандай көзі күлімдеп маған жақындай түсті.
— Иә, солай болғанда.
— Оның жарасы жеңіл. Құбырларды конденсатпен жуу керек.
— Қалай жуылады?
— Мен сендердің физика-химияңды көп білмеймін, — деді де Кемелхан жанынан бір шөлмекті суырып алды, — мынау кәдімгі өздеріңе белгілі конденсат.
Кемелхан тұрбалардың бойына төгіліп қатып жатқан парафинді мұнайдың үстіне конденсатты құя бастады. Конденсат тиген жер еріп, сулы шүберекпен сүрткендей орны тазарып жүре берді.
— Ойланарлық екен, — дедім мен Дергачевқа, — біз осы әдісті скважинаға қолдану мүмкіндігін іздестіріп қарайықшы!
Ойласа келе қарапайым жұмысшының бұл тәжірибесін бір скважинаға қолданып кеп қалдық. 10 тонна конденсатты 150 атмосфералық қысыммен агрегат арқылы айдап көргенімізде скважина жуылып, тап-таза болып шықты. Скважина алғашқы қалпына келіп, мұнай фонтаны бұрынғысынша ата бастады. Қуаныш деген қойынға сыймады. Кемелханның ұсынысы, оны инженерлердің дереу іске асыруы Өзен кен орнын дұрыс пайдаланудағы бір үлкен әдісті айтып берді.
Енді әр ай сайын, кейбір дебиті көп скважиналарда айына екі рет конденсатпен тазалау әдісі қолданылатын болды. Ол үшін кәсіпшіліктерде екіден, үштен арнайы, бригадалар құрылды. Жетібай, Тенге газ кәсіпшіліктерінен шыққан конденсатты парафинге қарсы технологиялық мақсатта пайдаланатын болдық. Енді біз осы әдісті жеңілдету жөнінде жұмыс істедік. Қанша дегенмен скважина сайын агрегат, арнаулы бригада ұстау, бастапқы уақытта мүмкін болса, кейін скважина саны көбейе келе қиындай түсті. Сондықтан Теңгеде тұрба тартылып, конденсат жолын салдырдық. Парафин қатқан құбырларды ыссы сумен жуып тазалау әдістерін де ендіріп жүрдік. Мұның бәрі жұмыс барысында туған күрделі қиындықтарды жол-жөнекей жойып отыруға мүмкіндік берді.
Мұнай қабаттарының табиғи қысымын көтермелеу, сақтау үшін одақта бірінші рет мұнай қабаттарына айдалатын суды ысытып алатын әдіс Өзенде қолданылды. Ыссы су жер астына бара парафинді ерітіп, қабат қысымын жоғары дәрежеде ұстап тұруға көп әсер етеді. Бұл тәжірибені іске асыруға Шевченко қаласындағы теңіз суын тұщытатын су қазандарының екеуін әкеліп, сонымен су айдап көрдік. Тәулігіне 15—20 мың, текше-метр суды ысытып мұнай қабаттарына айдау жұмыстары ойдағыдай өтті. Енді барлық су жіберу станцияларына осындай қондырғылар тауып бүкіл Өзен кен орны бойынша жер астына тек ысыған су айдап түру мәселесі алға қойылды. Бұл мәселе мұнай өндіру министрлігінде шешілетін болды.
Жалпы Өзен кен орны еліміздің мұнай өндірісіндегі барлық жаңа техника мен жаңа жұмыс әдістерін қолдану жөніндегі үлкен лабораторияға айналды. Өзенде бірінші рет кең көлемде екі бірдей мұнай қабатын бір скважинамен пайдалану әдісі қолданыла бастады. Мұның өзі жүздеген скважинаны үнемдеуге мүмкіндік берді. Сондықтан да Өзен мұнайы еліміз мұнай өндірісі бойынша, ең арзан мұнай болып шықты.
Бір жағынан қала салып, бір жағынан өндіріс объектілерін тұрғызып, сонымен қатар мұнайымызды өндіріп, сансыз қиындықтармен күресіп жүріп үш жылдың қалай өтіп кеткенін байқамай да қалыппыз. Жаңа қоныста өндіріске керек-жарақтың бәрін жеткізе отырып, қашан ол қалыптасып кеткенше көретініміз қиыншылық болады. Соған қарамастан көңіліміз сергек, болашаққа шексіз сенім ойымызда жатты. Өндіріс басшыларынан жұмысшыға дейін барлығының да мақсат-мүддесі, әңгімесі тек қана жұмыс жөнінде еді. Енді мұның өзі біздің күнделікті тіршілік-тынысымызға айналып кетті.
Бір қиыншылықтан соң бір қиыншылық кездесіп жатты. Мұнай өндірудегі көп кедергілерді жеңе бастап едік. Енді темір жол, теңіз флоты аяғымыздан тартты. «Шу» дегенде бұлай болар деп жоспарланбағандықтан ба, бұл екі транспорт біздің мұнайымызды тасып үлгере алмай, ыдыстарымыз босамай тағы кідіретін болдық.
1969 жылы Өзен — Куйбышев мұнай құбыры іске қосылғанша Маңқыстаудың көп мұнайын заводтарға жөнелтіп тұру оңайға соққан жоқ. Жыл сайын үш миллион тонна көлемдегі сұйықтықты темір жол цистерналары мен теңіз танкерлерінің тасып үлгере алмауы таң қаларлық емес. Дегенмен, Гурьев темір жолшылары мен Каспий пароход басқармасы бастапқыда сыр білдіргенімен кейін үлгеріп кетті. Шығарылған өнімді заводтарға жөнелтіп отырды. Сөйтіп Өзен мұнайшыларының жоспарды артығымен орындап тұруына мүмкіндік берді. Сондықтан да өзендіктер 4 рет қатарынан СССР Министрлер Советі мен ВЦСПС-тың Ауыспалы Қызыл Туын жеңіп алды. Бүл Өзен коллективінің өміріндегі үлкен оқиға еді. Белгілі еңбек озаттары, СССР Жоғарғы Советінін, депутаты Камқаш Ыбыраева, Социалистік Енбек Ері Геннадий Шевченко, Қазақ ССР-ының Еңбек сіңірген мұнайшысы Смағұл Жалғаспаев, Ленин орденді Омар Бисалиев тағы басқа көптеген атақты мұнайшылар осы жылдары танылды.
Мұнай ағысына қарсы парафиннің зиянды ықпалдарымен күрестің осы күні әдетке айналған түрліше әдістері мұнай жинау, айдау жөніндегі көптеген соны шаралар дәл сол уақытта туған табыстар еді. Сөйтіп Маңқыстау мұнайын игеру ісін ұйымдастыру уақыты өте табысты өтті. Шынында да өз басым қысқа уақытта мұндай сәтті бола қояды деп ойлаған жоқпын. Оруджевтің тәуекелі дұрыс болып шықты. Дегенмен талай-талай қиындықты басынан кешіріп жеңген, қыруар тәжірибенің адамы ғой. Алдын ала өлшеп-пішіп болжаған уақыттарда үлкен мұнайдың кілтін қолымызға ұстадық. Бұл бір жағынан мұнайшылардың ерекше патриотизм өз ісіне шексіз берілгендігі, күй талғамайтындығымен де іске асты.
Шевченко қаласын салып жатқан құрылысшылардың бірі біздің жұмысымызға таңданып:
— Нағыз батырлар, мұнайшылар екен ғой! — дейді, — құла дүзге келе сала күй талғамай іске кірісіп кеттіңдер. Алдын, барақта, «қазақ ауылда» баспаналап жүріп-ақ үлкен-үлкен жоспарлармен, баяғыдан бергі қалыптасқан мекемедей, күндіз-түні еңбек етіп жатырсыңдар. Бір ғажабы жұмысшыларың бұл жағдайды дағдылы іс көреді. Бірі мыңқ етіп сыр бермейді, қиындықтарды елең қылмайды. Хал сұрасаң «мұнайдан» басқа ештеңе айтпайды... Біз міне, он жылдан бері қала салып, өндіріс объектілерін дайындаумен, әлі өнім беруге кіріскеніміз жоқ.
Иә, бұл рас сөз. Біз үлкен сыннан сүрінбей жақсы өттік. Енді жағдай өзгеше. Бұрын Шевченкодан Өзенге шыққан жолаушы шаңға лайық киім киіп келетін. Аяғында кирза етік, үстінде кенеп плащ, басында беретка, көзіне көзілдірік ілетін. Кейбіреулері ауыздарына сүзгі -- «респиратор» киетін. «Волганы» тастап ГАЗ-69 машинасымен жүретін. Енді мұның бәрі қалды. Өзен мен Шевченконың арасына асфальт салынғалы жұрт Өзенге таза киімдерімен, мерекедегідей жасанып, «Волгамен» келеді. Қала ішінде де асфальт жолдар.
— Апыр-ай, біз де халық қатарына кірдік-ау! — дейді Әбіш. — Тіпті қонаққа келген кісілер қайдағы жаман киімдерін киіп келіп қорлайтын еді. Гурьевке үйімізгe барғанымызда біздің Өзеннің шаңына тұншығып қалмай әлі тірі жүргенімізге таң қалатын. Енді шаң басқалардан көп емес. Көшенің, жолдық бәрі асфальт!
Қазір Әбіш Гурьевті, Жайықтың жағасындағы «кең сарайдай боз үйін» ұмытып, тап осы Өзенде туып ескен кісіше сөйлейді. 4 қатарлы, 80 пәтерлі үлкен үйден 4 бөлме алған. Бұған өзі риза. Сонау Жетібайдағы вагоннан кейін дәл бір «жұмақтың» төріне енгендей болып қалды.
— Ыссы су, суық су, газ, ванна, не керегіңнің бәрі бар! — дейді Әбіш жаңа үйін мақтап, — Балкондарының өзі бір рақат. Шәйді ылғи сонда ішеміз. Кеште сонда жатамыз. Бұндай ыңғайлы үйлер Гурьевте де жоқ.
— Ия, енді барлық үйлерге микроклимат жасайтын кондиционер қойылады. Сонда үйлеріміз жазда қоңыр салқын, қыста жылы болып тұрады! — дейміз біз Әбішті құптай түсіп.
— Онда жұрттың бәрі Өзенге жүгіреді ғой!
Біз скважина басында онымен әңгіме айтып отырғанбыз.
Москвадан келген бiр жолдас бұрын түйе көрмеген екен. Ол сол әсерін егжей-тегжейлеп әңгімелей келіп:
— Жолда келе жатып түйені көрдім. Өте қызық жануар екен. Қандай тәкаббар! Бізге тіпті қарамайды. Біз ойын бөліп, тыныштығын бұзып қасына келіп едік, жақтырмаған пішінмен аларып бір қарады да күйсеп тұра берді. Біз қызық көріп әр жерін ұстап, түртіп қарап едік, «бүл не қылған бейбастақтық» дегендей қабағын түйіп алып, бізге ұзын мойнын бұрып тұрып, аузындағы шайнап тұрған шөптерін бүркіп кеп жіберді. Біз жапырласа қашып, үлгере алмай қалдық. Үстіміз көк шөптің бояуына былғанды да қалды. Біз өз ұятымызды мойындап енді қайтіп беттегеніміз жоқ та, ол біз жаққа көз қиығын салмастан маңқиып жөніне тұра берді. Өшіккен де жоқ. Осы даланың қожасы — өзін жоғары ұстайды екен! — деп түйеге дән риза болып отыр. — Енді соның сүтінен істелетін сусынның дәмін татсам деп едім, жарты банкасын табатын жерің жоқ па?
— Ондай екі үйдің бірінде бар. Мен тіпті бір шелегін табайын, шұбаттың, — деді Әбіш. — Теңгеде Кендірлідем көшіп келген бір карт бар. Соның сауып отырған екі-үш аруанасы бар. Қашан барсаң да шұбаты арылмайды. Біз жұмыстан кейін барып ішіп тұрамыз.
— Сенің айтып тұрғаның Қорғанбайдың әкесі Қайраңбай емес пе?
— Дәл соның өзі. Сіз де білесіз екен ғой.
Біз Қорғанбайды алып Теңгеге тарттық. Темір жол станциясы арқылы Теңге газ кәсіпшілігіне апаратын асфальт жолмен зулап отырып, көзді ашып жұмғанша келіп қалдық. Бұрын бұл жерде Теңге экспедициясының барлаушылары тұрған. Кейін олар оңтүстікке қарай ауысқанда малы бар жұмысшылар, пенсиядағы шал-кемпірлер үйлеріне кіріп қалған. Жұмысшылардың арасынан жеке меншік үй салам деушілерге осы жақтан жер бөліп беріп қойғанбыз. Олардың поселогі әп-әсем. Бір жобамен салынған. Төбесі шифрмен жабылған. Кең көшенің екі бетіне тізілте салған ақ тас үйлердің қала үйлерінен еш кемдігі жоқ.
Біздің келген үйіміз де осындай стандартты үйдің бірі екен. Кең ауласына машина келіп кірді. Шарбаққа тал егіп қойыпты. Ауланың бір бұрышында азғантай жерге бақша егіпті. Өсіп тұрған қияр, помидор, редиска, жуа сияқты овощтарды көргенде москвалық қонақ таң қалды.
— Су болса бұл жерге шықпайтын өсімдік жоқ, — деді Қорғанбай оның таңырқағанын сезіп, осыдан 80 шақырым жерде, Сауысқан құмының етегінде Ильич атындағы колхоздың үлкен жеміс бағы бар. Онда алма ағаштары, шие, қарақат, қара өрік, т. б. жеміс ағаштары көп. Жүзім де мол, Бірнеше жылдан бері өнім беріп тұрады. Колхозшылардың аулалары толы бақша.
Үйден қарт кісі шықты Біз енді сол кісіге бұрылып, біртіндеп барып қолын ала бастадық Қарт өзгермепті. Сақал-шашы аппақ. Еңкек шағын денесін жеңіл билейді,
Қайраңбай қарт біздің келгенімізге қуанып қалды. Амандықтан соң:
— Балам атың Рахмет екен, өзіңе де рахмет! — деді. Бұрнағы жылы сендер келіп кеткеннен кейін Қорғанбай бізге тыныштық бермеді. Ақыры, зорлап көшірді. Мына бір үйді алып берді. Іші құтты болсын. Өзім өз болғалы пәтерге кіріп отырғаным осы еді. Дүниенің ракаты осында екен. Не керегіңнің бәрі бар. Қалың елдің ортасы...
Расында да көпшілік арасына келгесін шалдың мінезі де өзгерген сияқты. Бұрынғыдай тұнжырап анда-санда тіл қатып, күйбеңмен жүру жоқ. Көңілді. Жайраңдап қарсы алып, жадырап отыр. Біз де көңілді кейпін байқап:
— Қайреке, әңгіме айтыңыз! - дедік.
— Мына, қастарындағы орыс балам түсінбейді ғой.
— Оған біз түсіндіріп отырамыз.
— Ендеше білгенімді айт де қарт, бұрышта сүйеулі тұрған домбырасын алып, құлағын күйіне түсіре бастады.
Болашақ мұнайшылар қаласының қазығы қағылғанына да біршама жылдар болған. Содан бері құрылыс дегендеріңіз мұнда жауыннан кейінгі жапырақтай қаулап, ай сайын, жыл сайын ондаған жаңа үйлер еңсе көтерді. Бірінші жыл құрастырмалы ағаш үйлер, екінші жылы қос қабатты төс үйлер, төртінші жылы төрт-бес қатарлы үлкен-үлкен әсем үйлер бой түзеп, жеке микроаудандардан кәдімгі қаланың қалпы көріне бастады. Өндірістік құрылыс та қанатын кең жайып, өріс алды. Өндіріс өскен сайын халық саны да арта түсіп, кешегі «вагондар қалашығы» аталған Жаңа Өзенде 30 мыңнан асып кетті. Бұлайша күн санап өсіп жатқан халықтың мәдени-тұрмыстық жағын қамтамасыз ету міндеті тек шаруашылық басшыларының мойнында болды. Саяси-көпшілік, әкімшілік органдарының жұмысын өз жұмысымызбен қоса атқару бізге де оңай соққан жоқ. Мұнай өндіру қарқыны да жылдан-жылға үдей түсті. Егер 1965 жылы 330 мың тонна мұнай берсек онан кейінгі жылдары 3 миллионнан арттыра отырып, 1968 жылы 7 миллион тонна мұнай өндіру керек болды. Оның үстіне, дәл осы жылдары қабат қысымы әлсіз скважиналарды механикалық әдіске көшіру жұмыстары да қызу жүре бастап еді. 150 шақырым жердегі Шевченко қаласындағы партия, совет әкімшілік органдарының ықпалы халық саны өскен Өзенге жеткіліксіз болып, негізгі салмақ жергілікті мұнай өндіру басқармасында қалғанды.
«Өзен енді үлкейді. Жыл сайын бір жасап, толысып, дөнен шықты. Бірақ әлі құлын аты қалмай келеді. Үлкен аттың отын оттап, құлынның орнына жатады. Енді сияр емес. Өзіне тиісті атын, орнын беріңдер» деп келген үлкен бастықтарға қыңқылдап жүретінбіз.
Бір күні маған Маңқыстау бірлестігінің бастығы Сафи Өтебаев - телефон арқылы:
— Шүйінші! — деді — Үлкен қонақ келе жатыр!
— Кім келе жатыр? — дедім мен елең етіп. Бірақ, біз қонақтардан кенде емеспіз. Алайда Өтебаев мұндай қуанышпен хабарлаған соң өзгеше қонақ болды ғой.
— Маңқыстауға ертең Димекең келетін болды, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші секретары Қонаев жолдас. Айтатын мәселелеріңді дайындап қой. Бізде күндіз болады да, түс ауа Гурьев арқылы Алматыға ұшып кету керек.
Біз Маңқыстау мұнайшылары Қонаев жолдасты өзімізге бірінші қамқоршы санайтынбыз. Мұндағы үлкен мұнайдың ашылуына да бұл кісі үнемі қамқорлық жасап келген. Қандай болмасын тұйыққа тірелген қиын мәселелер сол кісінің алдында өзінің тиісті шешімін тауып жататын. Оның бәрі бізге естілмей тұрмайды.
Мен бұрын Димекеңді пленум, съезд, мәжіліс трибуналарынан болмаса жақын кездескенім жоқ еді. «Жағдайды қалай баяндаймын, мәселелерді неден бастау керек? Ол кісі қалай қабылдайды?» Осындай ойлармен біраз қобалжып отырдым. Қазіргі Маңқыстау мұнайшылары алдындағы көкейтесті міндеттерді көз алдыма елестеттім. 1965 жылы XXIII съездің трибунасынан Қонаев жолдас Манқыстау мұнай алаңдарын тез игеріп, Қазақстанда мұнай өндіруді таяудағы жылдарда 40 миллион тоннаға жеткізуді айтқан болатын. Қазақстан мұнайдан да еліміздің алдыңғы қатарлы республикаларының біріне айналу керек. Біздің де қазіргі нысанамыз осы. Мен өз ойларымды осы тұрғыда жинақтай бастадым...
Қонаев жолдастың бұл сапары Маңқыстау өміріне көп өзгеріс енгізді. 1975 жылы Өзенде мұнай өнімін 20, миллион тоннаға жеткізуді біздің алдымызға міндет етіп қойды. Өзен мұнайшылары бұл тапсырманы орындап шығуға КПСС Орталық Комитетіне уәде берді. Сол жылы Жаңа Өзенге қала атағы берілді. Қалалық Совет құрылды. Өзен ауданы ашылды. Жана Өзен енді аудан орталығына айналды. Аудандық мекемелердің құрылуы шаруашылық басшыларының жұмысына көп жеңілдік туғызды.
Енді өндірістен бас көтермей, алақсыз айналысуға мүмкіндік туды. Көптен күткен арманды мәселе осылай тез шешілді де қалды. Сонымен қатар Өзенде Қазақстандағы бірінші газ өңдеу заводы салынатын болды. Өзен Куйбышев мұнай құбырының құрылысы іске қосылып мұнай тасымалдау жөніндегі қиындықтар мүлдем жойылды.
Маңқыстау мұнайшыларының қаласы — Жада Өзен — республикамыздың ең әсем қалаларының бірі болмақ. Сол мақсатта оның құрылысының жобасы қайта жасалды. Онда табиғаттың қаталдығы қала құрылысында барынша ескеріліп, оны жеделдетудің шаралары қарастырылды. 60 мың халқы бар қалада 340 мың шаршыметр тұрғын үй болмақ. Негізінен 4 қатарлы үйлер бірнеше микроауданға бөлініп, жан-жағы 500 метрден 1 шақырымға дейін егілген ағашпен қоршалмақ. Қала ішінде 42 гектар жерге ағаш егіліп, енді ол әр адамға 7-12 шаршыметрге көгалданған жерден келетін болды.
Жаздың аптап ыстығында үй-үйге бір орталықтан салқын жіберіліп тұрады. Оның үстіне әр үйдің астында үлкен желдеткіштер қойылып, үй ішінің ауасын жақсартады. Әсем үйлердің, көлеңкесі кең лоджиялары жазғы кештерде шығып дем алып отыруға өте ыңғайлы. 5000 орындық балалар бақшасы, 10000 балаға мектептер, 3,5 мың орындық клубтар мен кино театрлар, 10 мың орындық стадионы бар спорт комплексі күніне 1000 адам қабылдайтын емхана, 24 мың номерлік автоматты телефон станциясы, телестанция, асханалар, тұрмыс қажетін өтейтін орындар, аэропорт, тағысын тағы осы сияқты адам баласы керек-жарағының бәрі табылатын, қай жағынан да бүгінгі күннің көтеріңкі талабына сай келетін, гүлденген Қазақстанның жаңа сәулетті қалаларының бірі салынып, күннен-күнге өсіп келеді. Қазірдің өзінде мұнда ұлан-байтақ еліміздің басқа ірі қалаларынан келгендер Өзенді қомсына алмайды.
Гурьев облысының басқа аудандарынан, әсіресе, мұнайлы Ембіден халық іркілмей келетін болды. Өйткені мұндағы жағдай олардан әлде қайда жақсарып кетті. Осыны ойлай отырып сырқатыма ем табылғандай қуанамын. Өткен кездегі өзім бастан кешкен қиын қыстау.

Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Соңғы жаңалықтар:
» 2025 жылы Ораза және Рамазан айы қай күні басталады?
» Утиль алым мөлшерлемесі өзгермейтін болды
» Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау қашан басталады?