Әңгіме: Рахмет Өтесінов | Шөлдегі керуен

Әңгіме:  Рахмет Өтесінов | Шөлдегі керуен казакша Әңгіме:  Рахмет Өтесінов | Шөлдегі керуен на казахском языке


Маңқыстау барлаушылары 1963 жылдың декабрь айында мемлекеттік тапсырманы ойдағыдай орындап шығып, Өзен мен Жетібайдан мұнай көздерін ашты. Кен орындарынан мұндағы сұйық отынның шамасын есептеп шығарды. Енді осынау ұлан-асыр байлықты жоғарғы басшылардың қарауына ұсыну қалды. Сөйтіп, Маңқыстау мұнайшыларының өздері есептеп шығарған мұнай қоры СССР Министрлер Совет жанындағы қазбалы байлықтар қоры комитетінің бекітуіне Москваға жіберілді.

Мемлекеттік кен қорлары комитеті біздің жігіттер ала барған Өзен, Жетібай кен орындарының мұнай қорын көп өзгеріссіз бекітіп, еліміздің мол қазынасының қатарына қосты. Енді бұл қазынаны халық игілігіне жарату үшін пайдалану мекемесін құру қажет. Сол мақсатпен 1964 жылдың бас кезінде Маңқыстау мұнай бірлестігі ашылды. Тікелей өндіріс жұмыстарын жүргізетін Өзен кен орнын игеруге мұнай өндіру басқармасы құрылды. Мен мұнай өндірісіне бұрынғыдан да етене жақындай түстім. Өлкелік партия комитеті осы басқармаға бастық етіп мені жіберді.

Үкімет пен партия Маңқыстау мұнайының халық игілігіне тезірек жаратылуына бар жағдайларды жасап жатты. Сол жылы Шевченко қаласынан қалалық партия комитеті құрылды. Әуелі құрылыс басқармасы, кейін көп ұзамай құрылыс тресі ашылды. Бұрғылау мекемесінен кейін іле-шала бұрғылау, жабдықтау, геофизика, автомобиль трестері құрыла бастады. Ералиевте теңіз порты салынып, Маңқыстау-Мақат темір жолының құрылысы жедел аяқталды. Самолет қатынасы, мүлде жақсартылды.

Шевченкодан Өзенге асфальт жол, электр, байланыс линиялары, мұнай, газ, су құбырларын салу басталды.

Сауысқаннан су скважиналары қазылып, оның суы құбырмен Өзенге жеткізілді. Өзеннің пайдалануға тапсырылуын шапшаңдатып, мұнай өндіру жұмыстарын жоғары дәрежеге көтеру үшін еліміздегі жетекші мұнай-газ институттары ғылыми-зерттеу, жобалау жұмыстарын жүргізуге қатысты. Үкіметіміз бен партиямыздың бұл күрделі де сан қилы жауапты жұмысты дұрыс жолға бағыттап отыруы үшін Бүкілодақтық Министрліктен еліміздің оңтүстік аудандарындағы мұнай өндірісін басқаратын бас басқарманың бастығы Қараев жолдастар және басқа да көптеген мамандар Маңғыстауға бөлінді. Бірақ басқару орындары қанша көп болса да, бұйрық қанша биіктен келсе де оның түсер жері, орындалар жері біреу - Өзен ғана. Партия оның тұтқасын бізге берді.

Мұндағы өндіріс, құрылыс базалары да үлкен. Энергетикалық базасы керекті мөлшерден әлде қайда артық, тіпті басқа өндірістерді де қамтырлықтай қуаты бар. Оның үстіне қазірдің өзінде-ақ алып атом электр станциясының құрылысы басталған. Сонымен Өзен кен орнын игеру жұмысын ұйымдастыру керек. Қазір онда барлаушылар жұмысты одан әрі істеп жатыр. Олар мұнай қорын тереңірек зерттей түсіп, біздерге мұнай көздерін көбірек тапсырмақшы. Өндіріс үшін салынатын қаланың жайы да шешілген жоқ. Тек сол баяғы Оруджев, Есеновтар мен бірге қағып кеткен қазығы ғана бар. Сол жерге жаңадан вагон үйлер әкелініп, құрылысшылардың бір учаскесі орналасып жатыр. Олар көп пәтерлі бір баспананы біз үшін тез құрастырып бермекші болды. Бұл үйдің құрылысы біткенше мен баяғы өзім істеген мұнайшылар орталығы — Ембі ауданына барып кадрлар жинап алуға кеттім.

Аудандық партия комитетінің бірінші секретари Саламат Мұқашев мұнайшы жігіт еді. Маңқыстау жағындағы есепсіз қиындықтарды оның өзі естіп біліп жатқан болуы керек. Алайда, оның мені салған жерден жылы қарсы алуына күмәнім да бар. Сондықтан Ембіге келгенде «жұмысшыларды азғырып ертіп кетуге келдің бе?» — дегендей жақтырмай қала ма, деп қорқа соққан едім. Оным қате болды. Қайта Саламат мені қасына ерте жүріп, Құлсары, Қосшағыл, Мақат, Доссор кәсіпшіліктерін аралап, мұнайшыларға Маңқыстаудың мән-жайын түсіндірді, оларды үлкен мұнайды игеруге ол да шақырды. Маңқыстаудағы казіргі жағдайдың қиындығын екеуміз де жасырмай айтып бердік. Жұмысымыз нәтижесіз болған жоқ.

Бұл сапарда қиындықтан тайынбайтын, тәуекелге бел байлаған нағыз энтузиаст-10 жігіт Маңғыстауға баруға белсеніп шықты. Олардың бәрі қазір Маңкыстаудың аты шулы еңбек ардагерлері. Сөйтіп, болашақ жаңа Өзен қаласының бірінші тұрғындары Сағыз кәсіпшілігінен келген оператор Нұрмұханов Кемелхан, Құлсарыдан-Бисалиев Омар, Жұбанов Белек, Ығылманов Атырау, Қорқытов Байжан, Жалғаспаев Ысмағүл тары басқалары шілденің ыстығында жеңіл-желпі көшіп келіп, әлі де салынып бітпеген баракқа орналасты да, барлаудан шыққан скважиналарды пайдалануға дайындау жұмысына кірісіп кетті.

Осы тұста Маңқыстаудағы мұнай өндіру ісіне түбектің бұрынғы бірінші барлаушысы, 1957 жылы барлау тресін құрап, оны үш жыл басқарған қарт мұнайшы Орынбай Бердіғожин да келді. Қашан да алысқа шабатын кәрі тарлан дүбір шыққан соң жата алмаған. Өзі бастандырған үлкен істі аяғынан қаз бастырып, аяқтауға келіпті. Біз кәнігі барлаушыны қуана қарсы алдық. Басқарма бастығының орынбасары етіп қабылдадық. Орекең үмітімізге қарай іске қызу кірісті. Жұмысшыларды баракты тез бітіруге жұмылдырып, ішіне электр жарығын жүргіздірді, уақытша канализация, уақытша су құбыры, әйтеуір жоқтан-бардан құрастырып адамдарға жағдай жасап жатты.

Орекең жасы 60-ты қусырып қалғанымен қимылы жас жігіттей жігерлі, шаршамайтын еңбекқор, шаруақор адам. Мұндай көмекшімен көп істерді атқаруға әбден болатыны көрініп-ақ тұр.

Бір күні маған, бірлестіктің мұнай өндіру бөлімі бастығының орынбасары, бакулік инженер Эфендиев Намик:

— Егер сіз қабылдасаңыз, мен бірінші кәсіпшілігіңізге меңгеруші болып барар едім,-деген тілек білдірді.

Бұл өзі бұрын Азербайжан комсомолының Орталық комитетінің екінші секретари, Орталық партия комитетінің нұсқаушысы болған, Маңқыстауды игеруге өзі сұранып келген жас инженер еді. Бір жағынан ол зерек, тынымсыз, іскер партия қызметкері болатын. Іздегеніміз оңынан туып жатыр. Мұндай маман коммунистің өндірістегі орны өзгеше ғой. Мен кұшақ жая қабылдадым. Біздің жұмысымыздағы кем-кетікті оның өзі де жетік біледі. Ертеңіне Намик кадр іздеуге Бакуге жүріп кетті.

Көп ұзамай туысқан Азербайжан мұнайшыларының өкілдері де келіп қалды. Намикпен бірге 38 жігіт ере келді. Бәрі де ысылған, тәжірибелі мұнайшылар көрінеді. Ішінде жер асты жөндеу жұмыстарының мастерлері Зейналов Кафар, Беквердиев Сафар, машинистерден - Бергерт Виктор, Манучарян Армаис, Князев Александр, механик -Мамедов, геолог - Максимов, инженер Меликсетов, тағы да басқа мамандар бар. Бұлар болашақ мұнайшылар отрядының ұйтқысы болды.

Сол жылы бас маманға Краснодардан Дергачев Александр Алексеевич, өндіріс-техника бөлімі бастығына Волгоградтан Стремский Анатолий Георгиевич, бас геологке Ембіден Осадчий Алексей Иванович, еңбек бөлімінің бастығына Түркмениядан Ермағанбетов Лес Османович, басқа да көптеген мамандар келіп қосылды. Сөйтіп, Маңқыстау мұнайын игеруге бүкіл совет елінің түкпір-түкпірінен бірнеше халық өкілдері келіп үлес қосты. Сөйтіп, Маңқыстау алғашқы күндерден-ақ көп ұлтты совет мемлекетінің лениндік ұлт саясатының айқын көрінісіне айнала бастады.

Өзендегі істің қарқын алуы жөнінде қиналып жүрген күндерде алғашқы жұмысшылар тобының ағылып келе бастауы біздің жігерімізді көтеріп тастады. Жұмыс өзінен-өзі басталып кетті. Сентябрь айы туғанша жұмысшы саны 100-ден асты. Енді бір баракқа симай, біразын барлаушылар поселкесіне орналастырдық. Семьясы барларына Шевченко қаласынан үй бердік. Әзірге ұстап келе жатқан бағытымыз, баяғы Оруджев айтқан Өзенге жұмыс жасауға транспортпен келіп, негізінен Шевченко қаласында тұру.

Бірақ Өзенмен Шевченко аралығы бір қыдыру қашық жер болғандықтан қаладан қатынап істеу жұмысшыларға қиындық келтірді, неде болса Өзеннен жұмысшы қаласын мұнай өндіру ісімен қатар жүргізу керек секілді. Бұл жөніндегі орынды ұсыныстарымызды жоғарғы басшылар құптады да. Сонымен Өзендегі жаңа кұрылыстың аты бүкіл елімізге тарады. Жан-жақтан күн сайын оңдап-оңдап жұмысшылар ағылып жатты. Жастар жағы хат үстіне хат жазып, қиын жағдайларда еңбек етіп, үлкен іске өз үлестерін қосқысы келетін тілек білдірді. Өзен мұнай кен орнын игеру ісі «Бүкіл одақтық комсомолдық екпінді құрылыс» деп аталды.

1964 жылдың күзі басталысымен бізге жұмыс қиыншылығы туа бастады. Өзен мұнайының құрамында 20 проценттен астам парафин бар екенін біз баста айттық. Соның салдарынан — бұл мұнай салқын түсе қоюлай келіп, аяғында мүлдем ағуды қойып, құбырдың ішінде тығындалып қатып қалатынды шығарды. Сөйтіп, бірқатар скважиналар өнім беруін тоқтатты.

Бұл Өзен мұнайын алудағы ең бір киын жағдайдың бірі. Бұған қарсы шаралар қолдану үшін ғылыми-зерттеу институттары мен бірлесе отырып, біздер Өзенде мұнай өндірісі кеңінен қолға алынғанға дейін бірнеше скважиналарда тәжірибе жұмыстарын жүргізіп, осы қыстың ішінде жауабын беруіміз керек еді. Осындай жұмыстардың бірі № 13 скважинада өтті. Оның құбырын 5 шақырым жердегі № 8 скважинаның басына дейін тарттық та, сол қашықтыққа мұнайдың қандай көлемде жүретінін білу үшін әрбір 500 метр жерден шүмектер орнаттық. Оларды ағытып, белгілі бір уақыттарда мұнай алып, лабораториялық зерттеулер арқылы қорытындыға келіп отыру керек.

Осы күндердің бірінде скважиналарды аралап жүріп тәжірибе жасалып жатқан скважинаға кешке қарай келе қалдым.

Ағытқыш кран түбінде участке бастығы Рагимов, операторлардан Нұрмұқанов Кемелхан, Масимов Малик, өлшеуші кіші операторлар Калмұратова Зина, Бердіғожина Люсалар отыр екен. Ызғырық жел, өңменіңнен өтеді. Қара суық машинадан шыққанда менің де іші-бауырымды мұздатып, дірілдетіп жіберді. Маңқыстау қысы онша суық болмайтын. Бірақ күздегі және қыстың кейбір күндері шығыстан өршелене соғатын осы бір азынаған желі берекеңді алады. Сібірдің атақты аязынан келген жігіттер де «Мына өкпек желден гөрі қырық градус аязға шыдау анағұрлым оңай» дейтін.

Жұмыс желдің өтінде болған соң амал жоқ, шыдайсың, Аяқтарында кирза етік, үстіне жылы сырмақтың сыртынан кенеп плащ киіп, бастарында құлақшын, мойындарын жылы орап алған, қолдарында түйе жүн қолғаптың сыртынан қаптап кенеп қолғап киген жігіттер желге бекем. Зина мен Люся қолғаптарын шешіп, кіп-кішкентай нәзік саусақтарын майға батырып мұнай алып, оларды шөлмектерге құйып жатыр. Сыртына жазу жазып қағаз жапсырады, Құлақшындарын көтеріп алған. Беттері алаудай қып-қызыл. Кранды ашып қалғанда мұнай аспанға атып, желмен жан-жаққа шашырай ұшады.

— Куйбышевтің «Гипровостокнефть» институты осы скважинаның пробаларын сұрап еді. Әр түрлі қашықтықта, әр уақытта, әр температурада қандай болатынын біліп, енді химиялық анализ жасауға жіберуіміз керек. Ғылыми қорытындыны институт береді. Оның қызметкері ертең, таңертең ұшатын еді. Сәл кешеулеп жатырмыз,— деп Рагимов жұмыстың қауырттығын айтты.

Қыздар жұмыстарын аяқтамаған соң ана операторлар да кете алмаған. Кемелхан скважинаны ағытып тұрады. Малик құбыр бойын қарап, аққан, тамған жерлерін бітеп, жолшыбай қысымның ысырап болмауын қадағалайды. Жұмыстың ең ауыры да, ең жауаптысы қыздарда екен.

Мен қыздарды аяп:

— Осымен жұмысты аяқтаңдар да, ауылға қайтыңдар!— деп бұйырып, жүріп кеттім.

Осыдан бір-екі күн бұрын жауған күзгі жаңбыр кейбір жерді мый-батпақка айналдырып кеткен-ді. Кешелі бергі мына суық жер бетін қатырып, машина жүруге мүмкіндік туғызған. Бірақ әліде де сор жерлер езіліп жатыр. Оларды байқап, оралып өтпесек батып қаламыз. Сөйтіп кібіртіктеп жүріп, жатаққа кештеу келдік. Біздің артымыздан көп ұзамай әлгі жұмысшылар да келіпті. Бірақ, манағы екі қыз жұмыс басында қалып қойыпты.

— Біз барлық пробаны алып болған соң, барамыз. Екі-үш сағаттан соң автобус жіберіңдер! — депті. Міне, қайсар қыздар!

Айтқан уақыттарында автобус кетті. Бірақ түн ортасына дейін әлгілер келмеді. Біз енді қорқайық дедік. Қараңғы түнде, ай далада екі қыз қалып қояды. Қалайша қорықпассың. Жаяу шығып кетсе адасады. Бұл жақта адамдар машинамен-ақ жол таба алмай адаса береді. Бізден шыдам кете бастады. Қолымыздағы жалғыз автобусымызды соларға жібергенбіз. Одан әрі хабар жоқ. Жаяу іздеуге 15 шақырым жер. Сөйтіп, дегбірсізденіп отырып таңды аттырдық. Таң ата жолға шыққан жігіттер қуанышты хабар әкелді. Қыздарды алып, автобус аман-есен жетіпті.

—Не болды?—дедік біз әлі де сенбей.

—Ештеңе де болған жоқ. Жәй әншейін, автобус балшыққа батып қалып, біраз кешігіп келді,— дейді Зина күлімсіреп.

Анығын артынан естідік. Біреуі май алатын жерден 3 шақырым қашықтықтағы скважина басына кетеді де, екіншісі кран аузында мұнай алумен шұғылданады. Түн болған сайын күн суи береді. Жел күшейе түседі. Шүмектеп аққан мұнайдың ағысы ырыққа көнбей үстеріне шашырайды. Елсізде жалғыз қалған Люсяға төменнен қасқырдың ұлыған даусы естіледі. Елегізіп құлақ түрсе әлгі дауыс жақындай түседі. Қыз жүрегі дүрсілдеп, не істерін білмейді. Бір кезде құбыр бойын қуалай отырып Зинаға келеді. Екеуі екі дүниеден келгендей жылап көріседі. Енді олар автобус күтеді. Дауысы шығады, өзі жоқ. Түнгі дауыс алыстан анық естіледі. Бұлар машинаның бір жерде батып жатқанын біліп, алған мұнайды арқалап, дыбыс шыққан жаққа қарай жаяу тартады. Бұлар келсе машина расында да балшыққа батып шыға алмай, шофер әлекке түсіп жатыр екен.

Сөйтіп, комсомолец қыздар қиналса да байқауға дайындаған мұнайды дер кезінде әкеп тапсырды.

Кейін бұл екі қыз басқа да Маңкыстау тыңын игеруге катысқан комсомол жастардың көпшілігі сияқты, Өзен кәсіпшілігінің жолдамасымен жоғары оқу орындарына түсіп, оларды бітірген соң Өзенге қайтып келді. Қазір Қалмұратова Зина - геолог, Бердіғожина Люся - инженер, Саламов Айдын - мәдениет қызметкері болып істейді. Өзен өңірін ірі тұрақты мекенге айналдыруды алғашқы жылдары басшылар жағы ойланған жоқ еді. Өзеннен тұрғын үй тұрғызылмай жатақхана тектес жайлар салынды. Алайда, мұнда болашақ қала орнатпай болмайтынын мұндағы өмір уақыт асқан сайын өзі көрсете берді.

Бірде маған Жұбанов пен Бергерт келді.

— Біздің кішкентай балаларымыз бар. Оларды Шевченкодан үй салып, сонда қалдырып кетуге де, жұмыс басына өзімізбен бірге алып жүруге де болмайды. Ал мұнда күндіз жатақта қалып, жайы болмай жүр еді. Осыған қандай амал істейсіңдер?

Ойлана келе бұған бір ғана жол табылды. Шағын да болса балалар бақшасын ұйымдастыру керек. Ақырында бір кішілеу үйді босатып, балалар бағатын орын аштық. Оған қарауға бір оператор бөлінді. Кейін балалар саны көбейіп бара жатқан соң стандартты балалар бақшасы салынды. Тап осы сияқты, мектеп те өзінен-өзі еріксіз ашылды. Тіпті бір жағынан музыка, спорт мектептерін де ашуға мәжбүр болдық. Онда өзіміздің комсомолецтер сабақ беріп, басқарып әкетті.

Біздің бұл сияқты мәдени жұмыстарға дендеп бой ұра бастағанымызға басшылық жағы ризалық білдірген жоқ. Болған істі бұздыра алмағанымен аз-кем салқындық көрсетті. Алайда, бұған қарамастан Өзеннен бір микроаудан салуға шешім қабылданды. Кейін бұл бастама ұлғайып, Өзеннен үлкен мұнайшылар қаласын салу жөнінде келісім болды. Қазақ ССР Министрлер Советінің қаулысы бойынша бұл қаланын, жобасын Алматының «Казгорстройпроект» институты қолға алды. 1965 жылдан бастап қала құрылысы басталмақ. Енді бізге осы істің барысында Маңқыстау табиғатының қаталдығын өзгерту бағытында күрделі екі мәселені шешуге тура келді. Олар - жол құрылысы мен көгалдандыру мәселесі.

Өзеннен шығатын жолдар жобасы жасалып колға алынғанша біршама уақыттар озатыны белгілі. Ал, бізге жол дегеніңіз әр күн сайын соншалық қажет. Сондықтан да үлкен құрылысты күтіп отырмай жол әрекетін жасау біздің міндетіміз. Бұл мәселе төңірегінде мұнайшылардың ойлануына тура келді. Жол салудың арзан жолдары қарастырыла бастады. Жергілікті материалдарды пайдалануды көздедік. Скважиналарды сау кезінде сыртқа шығарылған мұнайлы топырақты жолдарға төседік. Ол таптала келе асфальтқа ұқсап тасқа айналады екен. Алайда бұл жолдарды жиі жөндеп тұруға тура келеді. Бірақ, олар бізді бұрынғы бұрқыраған шаңнан құтқарды.

Сөйтіп, бұл жұмысты қызу қолға ала отырып, аз уақыттың ішінде поселкадан кәсіпшілікке дейін уақытша жол салып алдық. Кейін мұндай жолдар көбейтілді. Асфальт жол түскенше осы жолдар біздің тасымал жұмыстарымызды, қатынасымызды жақсартып тастады.

Сауысқан құмынан тартылған тұщы су құбыры 1965 жылы январь айында іске қосылысымен Өзенде көгалдандыру мәселесі де жандана бастады. Жалпы Маңқыстауда ағаш деген сирек кездесетін өсімдік. Ылғалы жақын, құмды жерде жыңғыл өседі. Құм жиегіндегі ауылдар, мысалы: Ильич атындағы, «Қазақстанның 40 жылдығы» колхоздары құдықтан суарып, едәуір парк жасап алған. Тау баурайындағы су жиылатын жылғалардан сай бойынан да ертеректе егілген қарағаш, жиде, ішінара терек ағаштарын кездестіруге болады. Сондай азын-аулақ ағаштардың қасынан Тұщыбек деген жерден Маңқыстау ауданының колхоздары бірігіп, өкпе аурулары үшін түйе шұбатымен емдейтін курорт ашып отыр.

Үйір-үйір құм ішіне де, таудағы сай салаға да, ылғалды болған соң ағаш өсіруге қолайлы. Ал дала өңірі мәңгі-бақиміз бақпай шелден шытынап жарылып жатады. Кейде жаз бойы тамшы су тамбайды. Бұл қуаң жерлерде бұйырған, жусан сияқты шөл шөптері де қурап ұшып кетеді. Сондықтан бұл жерлерде бұрын ешкім ағаш егуді ойға да алмаған. Оның үстіне біздің Өзен жерінің табаны толы тас. Тас болғанда кәдімгі құрылысқа пайдаланылатын «Ракушняк» деп аталатын ақ тас.

Жаздың соңғы күндерінде Маңқыстау түбегін комплексті зерттеуге Қазақ ССР Ғылым Академиясы арнаулы экспедицияның ғылыми жетекшісі профессор Георгий Цараевич Медоев келді. Игі мақсатпен келген ғылым адамының бұл сапары бізді ерекше қуантты. Сол күні Медоев екеуміз әр жерден Өзен жерінің топырағын қаздырып қарағанымызда поселок пен кен алаңының аралығынан тасы екі метр тереңдікте жатқан он шақты гектар жер тауып, болашақ питомниктің орнын белгіледік. Көп ұзамай осы жерге су құбырын жүргізіп, ағаш еге бастадық. Бұл жұмысты Медоевтің жігіттері, Қазақ ССР Ғылым академиясының Ботаника институтының агрономдары басқарды.

Мұншалық құрғақшылықта өсімдікке қорек аз болғандықтан тыңайтқыш, көң-қорда әкеліп төгу керек. Суды көбіне машинамен тасуға тура келді. Шөлге шыдамды қара ағаш, жиде ағаштары бірден-ақ қаулап өсе берді. Біз енді барактардың кейбір үйлердің айналасына ағаш еге бастадық. Бір қиындығы — бұл жерлерде ақ тастар жердің бетіне дейін шығып жатады. Оны бір жарым метр тереңдікте ойып, орнына көң, аралас саз, топырақ төгіп ағаш егетін болдық. Кейін бұған роторлы экскаваторларды пайдаландық. Тұтас кеше бойын қазып шығамыз да, қазылған орды саз, топырақ, көңмен толтырып жағалай ағаш шанша береміз. Суды машинамен жеткізеді. Дегенмен сауысқан суы жетіп тұрды.

Ағаш егуге әдейі бригадалар шығарып, кейін оны «көгалдандыру цехы» етіп бөлді. Онда 50-60 адам жұмыс істеуге тиіс болды. Оны қарт коммунист Төлегенов Ниязбайға тапсырдық. Бұл цех аз уақыттың ішінде біраз жерді көгалдандырып тастады. Бірақ жоғары жақтан «мұнай өндірісінің структурасында жоқ, мынадай цехты сен қайдан шығардың, бұл заңсыз» деген ескертулер келді.

Келесі жылғы көктем. Март айында СССР Мұнай Министрі Валентин Дмитриевич Шашин жолдас арнаулы сапармен Өзенге келді. Валентин Дмитриевич осы жолы көп мәселені шешіп кетті. Соның бірі көгалдандыру цехын ұстау, уақытша жол салатын бригадаға рұқсат берді. Соның арқасында Өзенде ағаш егу жұмысы енді кең көлемде жүргізіле бастады. Бұл жұмысты құрылысшылар да қолға алды, жиі-жиі сембіліктер ұйымдастырылып, ағаш егу көпшілік жұмысына айналды. Ағаш егем деушілерге суды алдымен тасып беретін болдық. Әрбір участок, цех, кәсіпшілік өз кеңсесінің жанынан жұмыс орындарының алдына ағаш егуге міндетті болды. Цехтар арасында көгалдандыру жөнінде өз ара жарыс туа бастады.

Жер асты жөндеу цехының бастығы байырғы бакулік мұнайшы Зейналов Кафар Мамедоғлы көгалды жан-тәнімен сүйетін жігіт болатын. Ол тіпті цехтың ауласынан парк ашты, ішіне бақша жеміс ағаштарын егіп, Өзенде жүзім өсетінін дәлелдеп берді. Енді су болса, жер өңделсе бұл жерде шықпайтын көк жоқ екенін қарапайым халық Кафардың бақшасынан көзімен көрді, қолымен ұстап, алғашқы жемістің дәмін татты.

Министр Шашин жолдас осы сапарда басқа да ірі мәселелермен қатар «Мұнайшылар қаласын қайдан салу керек?» дегенге нақты жауап беріп кетті. Бұл біздің пайдамызға шешілді.

Енді Шевченкоға алаңдамай Өзеннен кәдімгі дұрыс қала салуға көштік. Құрылысшылар да бұған үлкен ынтамен кірісті. Құрылысқа арналып көптеген қаражат, техника, материалдар бөлінді. Бұрынғы күш қолдарының үстіне тағы да армиядан қайтатын солдаттардан құрылысшылар жіберілмек. Бұлардың бәрі де жастар болғандықтан жұмыс өнімінің артатыны сөзсіз.

Айтқандай, көп ұзамай мұндағы құрылысшыларға Иваново қаласынан ұйымдасқан түрде, комсомолдық екпінді құрылысқа баруға тілек білдірген 400 қыз келіп қосылды. Олар негізінен сылақшылар бригадаларына жіберілді. Құрылыс жұмыстары да шапшаңдап, қала көркі едәуір жасарып, өзгеріп қалды. Мәдени үйірмелер, тазалық жағы, спорт жұмыстары жанданып, жігіттер де көңілдене бастады. Олардың көпшілігі семья құрап, салуалы адам болуға, қазіргі Өзен қаласының байырғы тұрғындарына айналып келе жатты.

Өзеннің бірінші құрылысшыларын әңгіме қылғанда ағайынды Алешиндерді еске алмай болмас.

1964 жылдың күзі бұл маңда суық та, желді болды. Әлгі бір барактан шыға алмай бәріміз сонда тығылып отырмыз. Соның бір бөлмесінде кеңсеміз орналасқан. Құрылысшылар қарқыны тым баяу. Оларға да сын жоқ. Келген бойында қайдан жапырып тастасын. Кем-кетігіміз көп. Құрылыс материалдарын таситын машина да көп емес. Жолы тағы жаман. Оның үстіне шанның арасында бағытынан адасып, Өзеннің қазығын таба алмай даланы кезіп жүрген бір машина. Келушілер саны күн санап өсіп барады. Орналастыратын жер жоқ. «Ең болмаса тағы бір баракты бітіріп бер» деп құрылысшыларды қысамыз.

— Жаным, аз ғана мұрша бер, үлгермей жатырмыз! - деп учаске бастығы Якунин қызарақтай түседі.

Күн суып, барак құлазып кеткен соң скважинаға бу айдайтын машинамен бір кезек жудыртып аламыз.

Сондай бір қиын-қыстау уақыттарда жалғыз бөлмеде Бердіғожин, Дергачев, Стремский, Эфендиев бәріміз тығылып отырғанда көзілдірік киген, аласа бойлы, көнтек ерін, егделеу кісі кіріп келіп, тап бұрынғы таныс адамдай сәлемдесіп, бәріміздің қолымызды алып шықты. Сонан соң жылы жымиып, менің қасыма отыра кетті де қазақша:

— Сәлеметсіз бе? — деді.

— Шүкір, өзіңіз де аманбысыз?! — дедім бетіне таңырқай қарап.

Құрылысшыларға Ростовтан қосымша бригадалар келетін еді. Егер олардың біреуі болса Россиянин қақ ортасында жүріп қазақшаны қайдан біледі? Көршілер: Астрахань, Саратов, Орынбор облыстарында қазақтар мен аралас отырғандар ептеп қазақша білетін.

— Мен татармын! — деді әлгі кісі менің таңырқап отырғанымды сезіп, — Фамилиям Алешин, аты-жөнім Алексей Алексеевич, татарша Али Али ұлы. Осы жердің қожасы сіз дегесін, танысуға келдім. Мен енді жаңа құрылатын үй құрылысы учаскесін басқарамын.

— Оһо! Келгеніңіз жақсы болды! Бізге тап қазір үйдің ең керек уақыты! Қыс болып қалды. Жұмыс көлемі ұлғайып барады. Адам қабылдауға үй жетпейді, — деп мен мұңымды шағып, сайрай кеттім.

— Мен сізге осы қыстық ішінде барлық құрамалы үйлеріңді салып берем, тек сіз тараптан да көмек болуы керек. Оны-мұны жетпей жатса сізге келіп мазалап тұрам, сөкпейсіз бе?

— Жоқ! Тек бізге тезірек үй салып берсеңіз, бізден қалағаныңызды сұраңыз! Қарсылық болмайды.

Алексей Алексеевичтің жұмысты бастауы-ақ мұң екен. Бұрқыратып құрамалы үйлерді бірінен соң бірін тапсырды. Бұрын бірде онысы, бірде мұнысы жетпей жұмыстары өнбей тұратын бригадалар енді тыным таппады. Жаңа бастық өзі де тыным көрмейді. Жұмысшылар оған дән риза. Осы мидай далада бос жатуға кім әуес дейсің. Ең жақсы ермегі - жұмыс, жұмысты 20 сағат істесе де қарсылық білдірмейді. Кейде өзің керек-жарағын тауып бере алмай кідіртіп аласың. Жұмысшылар ондайда айқайлап ұрсып, наразылық білдіріп жатады. Мынау келгелі ондай айқай-шу қойылды. Жұмысшыларды бос отырғызбайды. Міне, тәжірибе деген осы!

Алешин сөзін жұтқан жоқ. Айтқанындай бір қыста бүтін поселекті тұрғызып берді. Ол бізбен тіл тауып, барлығымызды құрылыс айналасына жұмылдыра білді. Қабылдаушы жақтан талаппен қоса көмекті де ала білді. Біз баспана салып алған соң енді салмақ өндіріс жағына ауды. Жаз шыға мұнай өндіру жұмыстарын бастап, мемлекетке енім беруіміз керек. Өйткені табысы жоқ мекемені үкімет қашанғы қаржы беріп ұстайды? Қашанғы үкімет мойнында масыл болып тұрмақсың? Оның үстіне мынадай күн санап өсіп келе жатқан коллективна шаш шақ келетін емес.

Қысылған жерде мұның да амалы табылды. Әзірше бос отырған жер асты жөндеу бригадаларын барлаушыларға көмекке жектік. Барлаудағы скважиналардың сынау-зерттеу жұмыстарын істеп беріп табыс таптық. Қолда бар техника өндіріс басталғанша бос тұрмас үшін оны да көмекке шығарып, түскен қаражатты игеру жұмыстарының керегіне жараттық. Сауысқанның су скважиналарын қабылдап, оның суын айдап, үлестіріп, онан түскен қаражатты да пайдаландық. Осы көлденең табыстармен, мұнай кәсіпшілік басқармасы коллективпен өнім бергенше, бір жыл ұстап келдік. Бір жылда бұл коллектив толысып, парафинді мұнайды өндіруден мол тәжірибе жинап, болашақ Маңқыстау мұнайшылар отрядының ұйытқысына айналды. Көптеген скважиналарды пайдалануға дайындап өндіріс құрылысын бастады. Мұнай өндіруге кірісу үшін бізге ең алдымен керекті скважиналардың мұнайын жинайтын және сол жерден газ айырып, қыздырып, әрі қарай, орталық резервуарлар паркіне айдайтын қондырғылар керек. Осы қондырғыдан орталық мұнай сақтау орнына дейінгі жинақтау коллекторы, орталық парктегі әр қайсысы бес мың текшеметрлік резервуарлар, олардың мұнайын темір жолға дейін айдайтын орындар қажет. Бұлардың бәрін бір жылда салып бітіру айтар ауызға болмаса, оңай нәрсе емес. Мен өз басым, әуел бастан бұл жұмыстарды тез болады деп ойлаған да жоқ едім. Өйткені құрылыс бригадалары өздері жаңа орналасып жатты. Дегенмен Виктор Михайлович Юшенков басқарған №13 құрылыс-монтаж басқармасы орамдылық пен ұйымшылдық үлгісін көрсетті. Бұлар әлгі айтқан өндіріс объектілерінің құрылысын келе киіп кетті. «Жаңа келіп орналасып жатырмыз» - деп найқалып, ырғалып-жырғалған жоқ. Бұрыннан «Бұхар-Орал», «Дружба» сияқты ірі дала құрылыстарында болып, төселіп қалған майталмандар еді.

Біздер күн сайын скважиналардағы сынау жұмыстарын жүргізіп жатқан Зейналовтың, скважиналарды мұнай беруге дайындап жатқан Рагимовтың бригадаларын аралап шыққаннан кейін түске қарай құрылысшыларға барамыз. Құрылыс барысын тексереміз. Өзгерістерімізді енгіземіз. Ол кезде құрылыста жалғыз № 2 топтық қана қондырғы болды. Бірде сонда келсем сварщик Пучков газды мұнайдан айыратын сеператор қазанын құрап жатыр, Сыйымдылығы 80 текшеметр жұмыртқа тәрізді сопақша жұмыр ыдыс.

Пучков шалқасынан жатып алып қазанның астынан шығатын құбырларды бекіту, бүйірінен метр орнататын тесік шығару, ішіне кіріп мұнай мен газдың қатты ағысы соғатын «темір қабырға» орнату, төбесінен газ жолын салу т.с.с. жауапты жұмыстарды кәдімгі әдеттегі жұмыстай еркін істейді. Мұндай мұнай мен газдың қысымының астында тұратын ыдыстарды сваркалау кен өндіру жұмыстарының қауіпсіздігін сақтау инспекциясының қызметкерлерінің бақылауымен, әдейі дипломы бар, тәжірибелі сварщиктерге ғана тапсырылады. Мына Пучков солардың бірі екен. Мұның жасаған жұмыстарын инспекция тексермейді де оның аты аталса болғаны, соның өзі кепілдеме. Міне, сварщик болсаң осындай бол.

Менің ойыма Әбіш сап ете түсті. Шіркін біздің Әбіштің арманы осындай жауапты жұмыстарды атқару ғой. Осында алдырар ма еді өзін. Оның ыждағатымен қазір-ақ үйреніп, диплом алып, осындай болып шығу қиынға соқпас еді деймін.

Мына Пучков осындай өнеріне қарамай өте еңбекқор. Демалыс дегенді білмейді. Кешке ымырт үйірілгенше сол құрылыстың басында жүреді.

— Саған үкіметтің 8 сағаттық жұмыс күні бар ма, жоқ па? Сен үшін кәсіподақ ұйымынан сөгіс алатын жайым жоқ. Дем ал! — деп Юшенков ұрсып жүреді.— Мыyа Өтесінов жолдастың мұнайын жібертейін. Сонан соң бір жұма Шевченкоға өзім кетем, — дейді жымиып.

Пучков уәдесіне тұрды. Ол басқарған сварщиктер бригадасы №2 топтық қондырғыны июнь айына тапсырды. Ендігі әңгіме біздің жігіттерде қалды. Олар да бір жыл дайындап, әлі мұнай өндіруге кіріспегенге іштері пысып жүр еді. Ал енді шабыс басталды, дегенде бірден жұмылды.

Операторлар Кемелхан Нүрмұханов, Мәлік Масимов, инженерлер Рагимов, Эфендиев топтық қондырғыны жұмысқа дайындаса, жер асты жөндеу бригадаларының жұмысшылары Бөлек Жұбанов, Атырау Ығылманов, Сафар Бабаев, Омар Енсалиев, мастерлер Зейналов Қафар, Бекбердиев Аллаверді скважиналарды дайындады.

Сонымен бірінші топтық қондырғының қосылуына байланысты Маңқыстау мұнай өзені ашылатын болды. Сөйтіп, 1965 жылғы 1 июньде №2 топтық қондырғы іске кірісті де 8, 13, 34-ші скважиналар мұнайы фонтанмен құя бастады. Бүл тарихи оқиғаның айғағы болуға жиналған сырт адамдар санының өзі былайғы жұмыс істеп жүрген операторлардан әлде қайда көп еді. Тап сол күні күн ашық, әрі тынық та болды. Журналистер де есепсіз келді.

Сонымен бас-аяғы жыл ішінде Маңқыстау мұнайы халық қазынасына қарай ақты. Бұл құрылысшылар мен мұнайшылардың қажырлы еңбектерінің үлкен жеңісі болды.

№2 топтық қондырғыға жаңа скважиналар қосыла бастады. Сол айдың ішінде тағы төрт скважина жалғанды. Мұнай өндіру тәулігіне 200 тоннадан 400 тоннаға жетті. Жігіттер қуанышында мүлде шек жоқ. Бұрын өзгелер бізді «мұнай бермейтін кәсіпшіліктің мұнайшылары» деп келеке еткен. Енді біз де нағыз мұнайшылар қатарына қосылдық.

Бұрғылау мастері Социалистік Еңбек Ері Шевченко Геннадий Иванович

Бәрінен бұрын бұған дейін қаражатты кездейсоқ табыстармен зорға тауып күн көріп жүрген коллективтің экономикалық проблемасы шешілді де қалды. Жарықтық, берекенің бәрі мұнайда ғой. Шу дегенде-ақ есебімізге жүз мың сом қаржы түсіп қарқ болдық та қалдық. Енді керек-жарағыңды аласың ба, бригада санын көбейтесің бе, жаңа цехтар ашасың ба, мейлің. Құлашыңды қалай жазсаң, олай жаз. Қаржы жетіп жатыр. Тек керекті жеріне жұмсай біл. Өндірісті одан әрі өркендетуге пайдалан. Бұрын «қысқа жіп күрмеуге келмей» жоқтықтың зардабын тартып қалғандар қаражат қадірін біледі екен. Табысымыздың 75 процентін мемлекетке өткізіп, өзіміз табылған мұнайдың өзіндік құнын арзандату есебінен жұмысқа көштік. Соның өзі мол жетіп тұрды..

Алғашқы мұнай жүрісінен тура он күн өткенде Гурьевтің мұнай айыру заводына Маңқыстау мұнайының бірінші эшелон керуені жөнелтілді. Осы күннен бастап Маңкыстау еліміздің жаңа бір мұнай өндіру базасына айналды. Қазақстан мұнай өндірісі күн санап қарыштап өсе берді. Қысқа мерзім ішінде көптеген ескі мұнайлы аудандарды қуып жетіп, оза басып бара жатты.




Жүктеу батырмасы 50 секундта ашылады!!!




KZ / Қазақша Әңгімелер жинағы, әңгіме Рахмет Өтесінов Шөлдегі керуен туралы ангиме казакша рассказ на казахском, рассказ Рахмет Өтесінов Шөлдегі керуен на казахском языке ангиме скачать бесплатно, қызықты әңгімелер балаларға арналған, кызыкты ангимелер балаларга арналган, интересные рассказы на казахском языке, әңгіме Рахмет Өтесінов Шөлдегі керуен туралы ангиме казакша рассказ на казахском рассказ Рахмет Өтесінов Шөлдегі керуен на казахском языке ангиме скачать бесплатно қызықты әңгімелер балаларға арналған кызыкты ангимелер балаларга арналган интере, Әңгіме: Рахмет Өтесінов | Шөлдегі керуен ғибратты әңгімелер ғибратты әңгімелер вк ғибратты оқиғалар ғибратты сөздер гибратты ангимелер