Өлеңдер ✍️

  22.09.2022
  116


Автор: Тыныштықбек Әбдікәкімұлы

«ПАРОКСИЗМ»

Осы өмірге келген кезде не біліп ең,
пақырым? Рәзеңке емшек түбі – ыңылдаған
ақырын шеміршек ең.
Енді маған ақылсуды шығардың.
Мен де білем:
сексен сегіз тамыры бар құмардың...
Бақастық бар, өз бағы үшін өлмегіңді қош көрген.
Ішінде оның – итпен қоса, мысық пенен ешкі өлген...
Көк базар ғой, құнын білер қызыл-жасыл қағаздың:
көн жындары ойнақ салған көздерін-ай сабаздың!
Елестерге асықтырып бара жатқан кім бізді?
Беймағұлым ізімізде – таңбалары жұлдыздың...
Ал, сен тер төк – сорың үшін, отыз бір күн
жүгіріп! Біздің айқай – қызыл-қызыл құмырсқалар
күбірі.
Солай өзі,
жазғы бақта көбелектер есінеп, өмірбаян
көлеңкесін Өлөңіме көшірем. Газеттерден
газеттерге босып жүрген көк Сөздер бәріміздің
басымыздан жұмсақ-жұмыр бөксе іздеп үйренген
ғой.
Ол да – машық. Заңдылығы – өзінде.
«Сары майды денсаулыққа зиян» десек кезінде,
оны да, сол, «жұбатумен жылататын сөз» деңіз.
Көпшілікпіз – жоқшылықты мадақтаған кезде біз.
Білесің бе,
бүкіл өмір – баспана іздеу басыңа.
Мотор үні көк мыйыңды тегін қозғар, жасыма.
 Сонан соң, сен ойланарсың үндемеудің
шындығын.
Тек мен ғана жүр дейсің бе жынды еместі жынды
ғып? Дәл сенің де ісің емес – соған бола қайғыру.
Биік-биік бір үйлерде бергіленіп ай-күні,
неше алуан ауыз жатар, ұрандарға толғатып...
Құр заһардан басқа ештеңе алмаппыз ғой жолға түк!
Ұлы Кезек патшалығы үстем болған өлкеде
бірімізді біріміз біз танып алдық желкеден.
Талай жылдар өзгермеген сол желкелер шұңқырын
қасып берер қарғалардың ұятсыздау күңкілі.
Негізінде,..
Жоқ қызыл ән, жоқ көкшіл ән, ақсұр ән...
Барлығыңның маңдайыңа мен жарнама жапсырам:
«Қайғы шекпеу – денсаулыққа қауіпті»




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу