Өлеңдер ✍️

  06.09.2022
  79


Автор: Зейнолла Тілеужанұлы

САРЫАРҚА

Ақбоз ат тізгін сүзді шабыс тілеп,
Ер жігіт тақым қысты: «ал, ұшшы!», – деп.
Төбелер төрт тұяқтан бұғып қалып,
Көк сағым көлбеңдеді жарыс тілеп.
Ақбозды жел жетелеп кетті де енді,
Ай таға қара тастан өрт тіледі!
Төбелер төрт тұяқтан бұғып қалып,
Аңырып асқар біткен көк тіреді!
Ақбоз ат шыңыраудан ырғып қалды,
Жалт етіп шұғылаға күміс жалы!
Иесі сәйгүліктің сұр шекпенді,
Риза боп, жүйрігіне күліп қалды.
Ақбозбен шаршы топқа олжа салған,
Ер шауып,
Үрікті ме, қол жасанған?
Мынау не?..
Наркескеннің суылы ма?
Жауының жүрегінен қалжа шалған!
Ақбоз боп,
Ойнап басып көлбектеген,
Киік күй-кетті алысқа көз жетпеген!
Дүбірі арғымақтың жырақтады-ау,
Қазақтың баласы елткен еңбектеген!
Ақбоз күй –
Аспанымда жана салған!
Мұра күй –
Хат білмейтін қара шалдан.
Домбыра өзегінде ойнап жүрген,
ҚАЗАҚТЫҢ –
Қанысың сен тама салған!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу