Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  96


Автор: Ербол Бейілхан

ХАТ

Ақберен Елгезекке!
Бөртелі теке шыңда тұр,
Алмас кездігім қында тұр.
Ноқтаға басы сыймаған,
Ұлт тағдыры сында тұр.
Текті ұлдар терең күрсінді,
Кекілін тарап, Күн сүйді.
Арулар түйіп бұрымын,
Жанарларына мұң сіңді.
Тексіздер не деп көкиді,
Жантақтар не деп бөсиді.
Қыран тағдырым түйіл де,
Шақыртпа қораз, қоқиды!
Біздікі Жер де, Кеңістік,
Қай кезде өлмей берістік?
Азамат ерлер, сөйле енді,
Кімдердің уын көп іштік?
Тау ағыс мінез тасты ұрып,
Алты малтаны ас қылып.
Жоқ жауға кино түсіріп,
Бар жауым кетті асқынып...
Тілім де бүгін жаралы,
Ділім де бүгін жаралы.
Даңғаза әуен, жыламшы ән,
Жанымды өртеп барады.
Ұлым да бүгін жаралы,
Қызым да бүгін жаралы.
Бабамнан қалған байлықты,
Бақайшықтар кеп тонады.
Өтіріктер де, өтірік!
Сөйлейтін болдық көпіріп.
“Бір тұтам болып құйрығы”,
Қалмайық ертең өкініп!
Қағанағынан жерінген,
Ана тілінен безінген,
Біздің ұлт осы, қандай ұлт,
Жеткізе алмаймын сөзіммен.
Ұлт едік! Ойлы, ең ұлы,
Парасат, ақыл – серігі.
Қашан бітеді шұбырған,
Жағымпаздардың шеруі?
Бықсымай, лаулап жанбай ма?
Ана уызына қанбай ма?
Біреуді өтірік мақтамай,
Өмір сүруге болмай ма?
Көп түйін жатыр шешілмей,
Қазақты қойдық көшірмей.
“Түймені, түйме десек қой,
Түйедей етіп өсірмей”.
Түлкі алған қыран қиядан,
Кеуілді қайтем құлаған?
Айтпай-ақ, бәрін қояр ем,
Келешегімнен ұялам.
Демеңіз мұны жақсы өлең,
Болашағымнан бақ көрем!
Ұлтыңа тағы не дейсің,
Оқтаулы ақын – Ақберен?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу