Өлеңдер ✍️

  16.07.2022
  234


Автор: Бақтыбай Жолбарысұлы

АРҚАЛАП ДОМБЫРАМДЫ, САҒЫМ ҚУДЫМ

Туыппын өзім туған Текеліде,
Ежелгі ата-бабам мекенінде.
Асырау қатын-бала қамыменен,
Кетіппін көрінгеннің жетегінде.
Домбырамды арқалап жан қалталап,
Осылай дүниеден өтемін бе?
Жасымды үлкен ғой деп бескеш қылман,
Ешкі мен сақалы бар текенің де.
Алдымда алпыс-жетпіс үлкен бел тұр,
Сексенге сонау тұрған жетемін бе?
Жазу-сызу дегеннен хабарым жоқ,
Өлеңді көрге сүйреп кетемін бе?
Бір сөзім кітап болып шықпаған соң,
Арманды сөзіме арқау етемін де.
Армансыз пенде болмас деген рас,
Мен-дағы сол арманменен өтемін де.
Кейбіреу жаттап алған айтып жүрер,
Бақтыбай айтыпты деп өтерінде.
Өткен ғой Сүйекең мен Қабекең де,
Оларға қарасам мен жабы екем де.
Алды-артымды тексеріп, енді білдім,
Өзімде түзелмес мін бар екен де.
Арқалап домбырамды сағым қуған,
Желқобыз желге мінген жан екем де.
Сəлем бере сан бардым жылу сұрап,
Ел басшысы Төрекең мен Қарекеңе.
Алды-артымды ойламай зымыраппын,
Тамақ тауып беруге жанекеңе.
Байлардың ыңғайына қарай шауып,
Жалпақ қағып ақшекең мен малекеңе.
Қазанға жететұғын қолымда жоқ,
Кедейлік əрнəрсеге зар екен де.
Жаздырып өлеңімді бір жібер деп,
Аман мен тапсырармын Қарекеңе.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу