Өлеңдер ✍️

  14.07.2022
  96


Автор: Дәулетбек Байтұрсынұлы

ҚАРАҢҒЫДАН ЖОЛ ТАУЫП

Ел үмітін шығу үшін дәл ақтап,
Түк мақсатсыз шаппау керек далақтап.
Даласы мен ұлтын сүйе білетін,
Болу керек жарқыраған жаны аппақ.
… Сонсоң қадам басылса ғой байыппен,
Қанатыңды қағар едің жайып кең.
Жасың мыңға жалғасар ед өлімсіз,
Құрдас болып Ертіс, Іле, Жайықпен.
Ел үмітін ақтау үшін әуелі,
Ата салтын сыйлап өткен тау елі.
Нәр жинаса құнары мол өлкеден,
Жеміс ағаш секілді бір мәуелі.
Өзімді-өзім салып сондай баптарға,
Шілде менен шынықтырам ақпанға.
Жортып келем қараңғыдан жол тауып,
Алдымдағы арман болған ақ таңға…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу