Өлеңдер ✍️

  13.07.2022
  69


Автор: Аманғали Ербозұлы

ЕЙ, АҚ КӨҢІЛ ДОСЫМ-АЙ

Композитор Омархан Несіпхановқа
Ей, ақ көңіл досым-ай, ән жүректі,
Өзің жоқта елесің жан жүдетті.
Ойға салып, біресе қырға салып,
Құрығына түсіруді-ау тағдыр епті.
Үмітіңе әкеліп қосқанда арман,
Бос Қарманған жоқ еді, бос қарманған.
Көлгірсіген күлкімен алдап соқты,
Өлім–мыстан кемпір бір тосқан жолдан.
Кетеді деп осыдан шаршағаның,
Ұсынды ғой ол саған зәр шарабын.
Өлім–мыстан кемпірден қаймығуды
Намыс көріп, бәлкім,сен ар санадың.
Адам жаңа болғанмен, заман жаңа,
Шөңге кірер етіктен табанға да.
Сен бейнебір Алпамыс батырдайсың
Аңғалдықпен алданған арамзаға.
Ұшырмадың арманның бекер құсын,
Ән, күйіңнен ізгілік оты өрбісін.
Алпамыс та оянған қырық күнде,
Сен де оянып бір күні кетермісің?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу