Аманғали Ербозұлы

Аманғали Ербозұлы 4-қаңтар 1950 жылы Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданының Сартас елді мекенінде туған. Орта мектепті бітіргесін 1966-1969 жылдары Ақтөбе мәдени-ағарту училищесін бітіріп, елге ұлт аспаптар оркестрінің жетекші маманы болып оралады.
1973-1977 жылдары Шымкенттегі Әл-Фараби атындағы мәдени-ағарту институтын бітірді. 1977-1992 жылдары Жезқазған облысының Никольск қаласындағы мәдени-ағарту училищесінде мұғалім болып еңбек етті. Ол музыкамен қатар ақындық өнерді де қатар алып жүрді. Осы жылдары ол елге талантты ақын ретінде таныла бастады.
1992 жылы туған жері –Маңғыстауға қайтып оралып, Маңғыстау аудандық мәдениет үйінде қызмет етті.
Аманғалидың бір топ өлеңдері 1988 жылы «Жалын» баспасынан шыққан «Қарлығаш», 1992 жылы осы баспадан шыққан «Мерейлі мекен» ұжымдық жыр жинақтарына енді.
Аманғали Ербозұлы 1997 жылы 47 жасында дүниеден озды.
2011 жылы балалары мен достары оның артында қалған жырларын «Нұрлы әлем» баспасынан «Аманат» атты жеке кітап етіп шығарды. Сондай-ақ әрі ақын, әрі сазгер таланттың артында «Асылгүлім», «Сенің отың», «Жолықпадың маған», «Қарлығашым менің», «Ұмытпай жүрсің мені» т.б. әндері мен «Шежіре», «Арғанаты», «Қош көктем» күйлері қалды.
Автор ұнаса, сақтап қойыңыз: