Өлеңдер ✍️

  28.06.2022
  94


Автор: Марфуға Айтқожина

АСПАННЫҢ КЕҢДІГІНЕ КӨҢІЛ СҮҢГІП

Түсірген қандай тағдыр, осы күйге,
Кетіпті-ау, бар ғұмырым өтіп үйде...
Кетпесін жылдарменен бірге сеніп,
Ақыным,
Жүрегіңнің отын үрле!
Əр күнің еске салып жоқ-барыңды,
Кеудеден қанша сырлар, ақтарылды.
Ешқашан білдіргем жоқ,
Жауға жара,
Жақты жыр, алаулатып шоқтарымды.
Симаған кездерде төрт керегеге,
Телміріп көп қарадым,
Терезеге...
Көрінді терезеден шексіз аспан,
Телміріп қарадым мен, неменеге?!.
Аспанның кеңдігіне көңіл сүңгіп,
Тап болдым суреттерге, не бір сұмдық...
Байланған бала кезден –
Бауырға дерт,
Арылмай келе жатыр көңілсіздік.
Тасбауыр,
Өтті жылдар, жеңіл сырғып...
Таппайды неге тыншу бұл жүрегім,
Көктемде қауыз жарған,
Түз гүлі едім.
Жанымның толқындары аласұрды,
Білмеймін, кімді аңсадым,
Кімді іздедім?!.
Жазмыштан құтылады жалтарып кім?,
Өмірмен, өлең үшін арпалыстым.
Тіресем көкжиекке жанарымды,
Батып бара жатады
Қартайып күн...
Бəрі де тегін емес осылардың,
«Үнсіздер» қатарына қосылармын...
Үнсіздер қатарына қосылғанша,
Беу, тағдыр,
Бұйырғанын тосып алдым!
Түсірген қандай құдірет осы күйге,
Кетіпті-ау, бар ғұмырым өтіп үйде.
Кетпесін жылдарменен
Бірге жылжып,
Ақыным,
Жүрегіңнің отын үрле!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу