Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  127


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Жеңіс күні

Жеңіс Күні
Бір желпініп қаламыз,
Құлпырады қаламыз бен даламыз!
Әлдеқашан қурап қалған сүйегі
Жауынгерді жүректерден табамыз,
Есімізге аламыз.
Жеңіс Күні
Қызыл туды көтеріп,
Қарт жауынгер жүрегінен от өріп,
Шеруден соң
Аялдайды алқынып,
Бір қарызы
Қалғандайын өтеліп.
Түріп тастап
Күдікпенен үрейді,
Түгі түскен тіршілігі түлейді...
Сағыныштың сәлемімен сарғайған
Сексендегі
Ана жүзі жүдейді.
Майда мамыр
Желі желпіп желеді,
Жеңіс Күні
Жыл да айналып келеді.
Мерекелеп
Жұрттың бүгін жатқаны,
Соғыс жылғы қайғы-мұңның төлемі.
Жеңіс Күні
Айтылады сыр қалмай,
Қарт жүрегі шыдамайды нұрланбай.
Қуанады
Жанарда жас жарқылдап
Рейхстагты бүгін алып тұрғандай.
Жеңіс күні кей көңілге толар мұң,
Ұрпақтардың кеудесіне қонар Күн!..
Жүрегімді шаншып өтті сағыныш,
Арасында жоқсың, Әке, солардың?!.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу