Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  77


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Замананың зарына ұшынбаған

Замананың зарына ұшынбаған
ақын бар ма,
ащыны тұшынбаған?!
Жылаған жаз,
күлмеген күзім өтті,
Қайтер дейсің қытымыр қысың маған!?.
Қара Жердің жүрегін инфарк қып,
Құдайдың да зәресін ұшырды Адам.
Пенделердің шел қаптап қарашығын,
естімейді құлағы “Алаш үнін”.
Тыр-жалаңаш тойлайды тіршілігін,
Жоғалтып ап бойдағы бар асылын.
Бүгіні жоқ...
белгісіз бүрсігүні,
Айырмайды ақ, қара ара сынын.
Жұмыр Жерді жұтардай жұлқынады,
(тойып, толып болған жоқ құлқыны әлі.)
Тірлігінің тамыры – тірі өлік,
жанталаста жантері бұрқырады...
Жақсылықтың көпір ғып жон-арқасын,
түнегіне тамұқтың ұмтылады.
Айшықтанып тұратын “атым – Адам!”
Бүгіндері тиынға татымаған.
Арды аттау – арықтан аттаумен тең,
Сұмдықтардың сыяғы сатылаған.
Ұлағаттың үлгісі қалмағандай
ұясында ұятты бақылаған?!.
Тек те тозған,
аруақ атқандайын...
Қызарып Күн,
мұңайып Ай батқандайын.
Додасына дүрліккен дүниенің
“аттан” дайын аузында,
“мақтан” дайын.
Күрсінеді қара Жер, ұлыйды Аспан,
Заманақыр жабуын жапқандайын.
Адам,
кісі,
пенденің қылықтары
ұлағатсыз өмірді ұлықтады.
Уызына жарымай Бесененің,
тастай қатып қалыпты құлықтары.
Ақының да аузынан ұшынады,
ақ жем болып жүректің жұлықтары...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу