Өлеңдер ✍️

  30.05.2022
  93


Автор: Марат Нұрқалиев

Мақалды қайтеміз!

Олпының Солпы дейтін
Солпиған інісі бар еді,
Қазақша айтқанда,
Аздап тынысы бар еді.
Сол інісі
(Бүйткен «тынысы» құрысын!)
Олпы ағасын
Расымен сағынды ма,
Әлдебір
Түлен түртіп, қағынды ма,
Немесе
Шын ниетпен келді ме,
Я болмаса
Жын иектеп келді ме,
Әйтеуір, екі-үш күн
Қонақ боп жатып кеткен,
Бақсақ, сол атып кеткен
Тыныштықты бұзып,
Ойрандай кепті.
Сол үш күнде
Азғантай абыройды
Айрандай төкті.
Әлқисса,
Оқиға былай болған еді:
Олпы көрші-көлемді шақырып,
Қойын да сойған еді,
Арақ-шарабын самсатып
Дастарқанға қойған еді.
Алдында ас тұрған соң,
Екі қолы бос тұрған соң,
Солпы (солпиғанымен
Әжептәуір күші бар жан)
Бір жартыны
Жалғыз өзі ішіп алған,
Ұрлық емес қой,
Ішсе, іше берсін...
(Ал ішкен адамның қолына
Қай ақымақ түсе берсін?!)
Өзге жұрт қашып кеткен соң,
Ақыл айтқан Олпының
Сақалына от қойып,
Жеңгесінің бөксесіне
Шанышқыны пice берген,
Ал піскен жер белгілі –
Көгеріп ice берген...
...Елміз.
Солпыға «қой-қойластық»,
Бірақ шанышқы бізге ауысып,
Ойбайға бастық.
Сіз мейлі аяңыз,
Мейлі күліңіз,
Солпы – біздің ініміз,
Еркелігін көтеріп қоямыз,
Жамбас удай ашиды,
Өтірік жөтеліп қоямыз.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу