Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  102


Автор: Жұмабай ҚҰЛИЕВ

Шындық жалғыз, сұмдық мұң

Империяны келмеске жөнелтті хақ,
Жұртым жаңа биліктен дəметті ұзақ.
Болмағасын наланы сора-сора,
Қатып қалды жүрек те цемент құсап.
Осынау ел-халқымды азын-аулақ,
Барады қайыршылық омыраулап.
Білмеймін, соғыс та жоқ, аштық та жоқ,
Келеміз иман ұшып, а, құдайлап!
Бауыр ыстық, қашан да туыс тəуір,
Алалаған алайда дұрыс па бұл?
Тəулік бойы сілтемей, жылқыдай боп,
Алпауытым, бір ауық күйіс қайыр.
Кетті бойдан қажыр мен отты қайнар,
Таптады оны бүгінгі көп «құдайлар».
Қарайласып жүретін нашарына,
Тентіретпей кешегі текті байлар.
Сайран тірлік қысар-ау бір күн артын,
Тақағанда зауалың бұлқынарсың.
Сират көпір үстінде ішің тырнап,
Ине жұтқан иттей боп қыңсыларсың.
Жақындады-ау мінер күн кер бестіні,
Бейқам билік сезбей жүр жөндеп мұны.
Ел ширығып, сұрапыл айқайдан бір,
Қозғалса егер қайтеміз қар көшкіні?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу