Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  98


Автор: Жұмабай ҚҰЛИЕВ

Халқым, саған не дейін

Жарқырап айқас салар жалаң төсі,
Батырлар жасып қалды – ел еркесі.
Төбемнен екі басты қарақұстың,
Түседі кең далама көлеңкесі.
Сен қалдың, алға шықты жаттың көші,
Халқым-ай, намысыңды өткірлеші.
Үңгіген Жайық суы Сарайшықтай,
Мүжіліп бара жатқан жоқсың ба осы?
Кешегі озбырлардың сұмдығы есте,
Іс қылмай, айналдырдың күнді кешке.
Өткеннен сабақ алмай əлсін-əлі,
Тығасың аяғыңды індігешке.
Əлі де күпті жүрек, алаң көңіл,
Жабырқап, жалтақтайсың əлемге құр.
Ұлы елім, кібіртіктеп айта алмайсың,
Əйтеуір, құзырың бар денеңде бір...
Жапырған заман мынау от құйындай,
Қажыған, абыржыған кескініңді-ай.
Обырлар маңайыңа қаптап кетті,
Тап болар мал сойғанда көк шыбындай...
Жарылқап алаяқты, аспан астын,
Жаһилдер кезі жетті тақ тоятын.
Қайтейін, болмадың-ау мысық құрлы,
Баласын шала туған жеп қоятын...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу