Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  138


Автор: Бақыт Беделханұлы

Бөрі-сөз

Адамдар-ай.., адамдар-ай.., адамдар...!
Өксік толы өтті қанша замандар!.
Сендер дүние-құл пендесіңдер..
...Біздер – Көкжалмыз ғой, не амал бар?!.
Мен жаралы бөрімін,
Сен зауалды пендесің...
Мен кешегі, бабаларыңның кегімін,
Қайтара алмаса, қасқыр боп туған ерге
сын.
Тағдырласың, мен едім ғой, серттескен,
Серттен тайды кім бұрын?
Тəңірінің қасында едік, ертпестен
Тастап кетті кімді кім?
Түгің болса, түкситер ең түркі боп,
...Түгің де жоқ, сен де жоқ.
Мүсəпір мен кісəпірге күлкі боп,
Шыға келдіңдер, пенде боп...
Бəлду, бəлду!..
Пенделігіңді ұрайын,
Қарнын боққа толтыруды ойлайтын.
Мал болсын деп жіберді ме, Құдайың,
Өзі де жеп, көзі де жеп тоймайтын.
Көп қазбалап қайтем, арғы-бергіңді.
Жан қалды ма бірін бірі сатпайтын.
Тым құрығанда, болмадыңдар ғой,
мен құрлы,
Бір Тəңірден басқа ешкімді қақпайтын.
Мен – сол, баяғы Бөрімін!
Сен – сол, əлі пендесің,
Тірі адамнан он есе артық өлігім,
Білесіңдер, бірақ, рухымның өлмесін!
Үрей менен қорқыныштың інінде,
Бықсып жатар екенсіңдер қашанғы?!
Сендер мені іздейсіңдер түбінде,
Жалыққанда жақсы өмірден жасанды.
Сендер мені іздейсіңдер!...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу