Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  81


Автор: Мұрат Шаймаран

Ай

Мөлдіреген шарабыңнан тұмадай,
Құй, Інішек!
сыңғырлатып құй, Ағай!
Кірпік ілсем, түсіме ылғи кіреді,
Құлпытасқа шаншып қойған қияқ Ай.
Жақын дейді көк пен жердің арасы,
Ай көтерген молаларға қарашы!
Ойға батам...
неменеге ниет қып,
Қойды екен деп мұсылманның баласы?!
Тəңір өзі кінəсінен аршып ап,
Семді гүлің, сөнді солай жан – шырақ.
Саудыраған сүйегіңе ніл болып,
Сүт сəулесі тұра ма екен тамшылап?!
Кім біледі, таусылады қайда дəм?
(Өмірдің мен соңғы сəтін ойланам).
Шығысыңнан шыққан күннен, ендеше,
Шұғылалы көрінеді Ай маған.


Соған бұрып əжім сызған бетімді,
Ұмытпаймын əр түн тəуəп етуді.
Тұрады Ай –
іліп қойған аспанға,
Пайғамбардың жайнамазы секілді.
Кешір, Аллах,
Бұл күпірлік сезімге –
(мен өзіңнің шафхатыңнан безінбен).
Айды кейде ұқсатамын мен қызға,
Мəйханадан масаң қайтқан кезімде.
Таңдайына қонған жырдың бұлбұлы,
Мен боламын əсемдіктің бір құлы.
Тұрады Ай –
Балғын тəні балбырап,
Сонадайдан қарауытып кіндігі.
«Жамалының жарасы-ай!» деп сөкпе, аға,
Сұлулықтың құдыретіне жоқ баға!
Жаһандағы жан біткенді қайран қып,
Сол жалаңаш жүре алады тек қана.
Шариғатқа баққан шəкірт пішінмен,
Əр дұғамды қайталаймын ішімнен.
Айды сүйем жəне айдай аруды,
Екі дүние қараңғылығы үшін мен.
Жақын дейді көк пен жердің арасы,
Ай көтерген молаларға қарашы!
Ойға батам...
неменеге ниет қып
Қойды екен мұсылманның баласы?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу