Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  91


Автор: Мұрат Шаймаран

Мұң

«Өтіп жатыр, кетіп жатыр бекер күн»,
Баяғы мұң, мендегі сол – шетен мұң.
Құйттай жүрек құпиясын мəңгілік,
Жырлай-жырлай тауыса алмай өтермін.
(Сорға бола ақын болған екенмін!)
Жатпады деп тірлігімде қызып əн,
Мың түзеліп, күніне мың бұзылам.
Аңызғақта атыздағы диқанның,
Ескі жүзін көремін де, қызығам.
Ерке таңның аймалаған алауы,
Еркіңе ешкім қоя алмаған қарауыл.
Мен өзіңнен кеттім бүгін алыстап,
Қайран ауыл!
Сол ауыл...
Көк күмбезді аспан анау көк айдар,
Сол аспанға тұрды асылып сан ойлар.
Ұзатып сап тұрды мені əжімдер,
Ұзатып сап бордай болған самайлар.
Өкініштер, қуаныштар, тағдырлар,
Ескі шарбақ, шаң басқан жол, жаңбырлар.
Ұзатып сап тұрды мені адамдар,
Ұзатып сап тұрды мені нар мұңдар...
Дала кездім, кездім байтақ көп елді,
Қала бардым, талшық еттім өлеңді.
Мен өзіңді сағынармын қаншама,
Бірақ саған қайту маған жоқ енді.
Маған ауыр – сен даңққа шөлдесең,
Саған ауыр – сезімімді жерлесем.
Қалай қайтам?!
Сенің барлық мұңыңды,
Бар ғаламға жыр қып айтып бермесем.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу