Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  97


Автор: Нұрлан МƏУКЕН

Ақ қағазға өлең жаздым...

Ақ қағазға өлең жаздым,
Жүйке-миға түстi күш.
Сенiң дертiң немен жаздым,
Жүректегi бұлқыныс?
Ақ қағазға хат та жаздым,
Сағыныштан сарқылып.
өртедi де аптабы аз күн,
Бұлақ қалды тартылып.
Ақ қағаз да таусыла ма
Жаза берсем, бiр күнi?
Жан-дүнием даусы ғана
өшпес-өлмес тiрлiгi…
Жан-дүнием – жалғыз барым,
Мына əлемге төк нұрың,
Қырау кiрпiк қар қыздарын
Жылыта алмай кеттi Күн.
Сырғыған күн, жылжыған ай
Жұмбақ мұңға бөледi –
Жусан исi бұрқырамай,
Жол исi келедi.
Жол шақырды – мол шақырды,
Жол үстiнде мен ылғи.
Алмастырып көл тақырды,
Аласұрды көңiл-күй.
Кеудемде бiр соқты дауыл,
Көмейiме тығылды үн.
Тентiредi тектi бауыр,
Тепсеңге кеп жығылдым.
Ақ қағазға өлең жаздым,
Жүйке-миға түстi күш.
Сенiң дертiң немен жаздым,
Жүректегi бұлқыныс?
Жан-дүнием жарық нұрын
Жеткiзе алсам, тəпсiрiм:
Көкбөрiнiң арықтығын
Сездiрмешi жақсы күн…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу