Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  103


Автор: Аманхан Əлімұлы

Тоғай тозып, реңi қашқан белдiң...

Тоғай тозып, реңi қашқан белдiң,
Тұпнұсқасы секiлдi аспан көлдiң.
Сарт-сұрт соғып тұр есiк қабырғаны,
Ит қуғандай екпiнмен ашқан желдiң.
Қызылқанат ымырттың қайтып өңi,
Қарға аунаған түлкiдей Ай түледi.
Өзiммен өзiм қалып ой кешемiн,
Орындалған адамның қай тiлегi?..
Мысық табан Айды анау түндi кезген,
Сынап тартты десем мен құнды безбен, –
Көз алдыма келедi Көлбай досым,
Көңiл айтқан апама мұңды көзбен.
Тiлегiме дiттеген жетпей демi,
Атам жатыр қабiрде беткейдегi.
Есiмде жоқ айтшы, Аға, жерлегенде,
Шiлде шалған құбыла өттей ме едi?
Ысқырғанмен ыспа құм күйiнбеспiн,
Өйткенi мен отырмын үйiмде өскiн.
Кеткенiмен келе үзiп, керi оралған,
Кер үлектiң керiлген күйiн кештiм.
Сыртта салмақ селеулi сала белге,
Iшiн тартып өксидi бала жел де.
Оны қойшы... тiршiлiк тiзгiн қақты,
Түбi шикi күйiнде қалады елде.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу