Өлеңдер ✍️

  07.05.2022
  77


Автор: Орынғазы Мәнбазарұлы

Әлі келем

Əлі келем аңқылдап, ақтарылып,
Көңілімде бошалап ақ шарбы бұлт.
Арамзалар көңілім бостығынан,
Ұстағысы келеді қақпан құрып.
Сырластарым, мұңдасым есік ашып,
Көтереді төр екен басына шық.
Айта алмасам мақсаттың басын ашып,
Бұл өмірге боламын несін ғашық.
Адамым көп өрістеп араласқан,
Артық-кемді жүреді арада сан.
Жүрегімді ұқса да, ұқпаса да,
Аз ғұмырда кіміңмен арандасам.
Момынсынбай дос болсаң бол, ағайын,
Соғарында менде де боран дайын.
Артта қалсаң алдыға көтермелеп,
Аяғыңа озғанда оралмайын.
Түймедейім түйедей көрінеді,
Бұл не деген күндес көп өмір еді.
Не жақсаңда жұқпайды қанық əйтеу,
Бояуымның өшпейтін өң-іреңі.
Бір жасасып келеміз мына өзіңмен,
Не мін көрдің бір беткей мінезімнен.
Елжіреген жүрегім жуырманда,
Адамынан қайтпайды бір езілген.
Керек маған дос, жаран, жұрт аманы,
Жетелеп қайт тайымды бір тағалы.
Құшақ жайып менің ақ пейіліме,
Өмір берген бақыттан нұр тамады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу