Өлеңдер ✍️

  07.05.2022
  156


Автор: Орынғазы Мәнбазарұлы

Орынында

Жұлынып ағыл-тегіл жыр айтатын,
Көңілді қуандырып, мұңайтатын.
Толқын боп бүктетіліп, аунақшытып,
Іркілмей түйдек-түйдек сыр айтатын.
Өзегін үзіп айтып өзіленіп,
Ешкімнің жұқтырмайды ылай татын.
Жетелеп əріптесін жөнді ұқтырып,
Бүркіттей түлкі көрген төніп тұрып.
Ойларын кем-кетіксіз толық айтқан,
Көліндей үліңгірдің толып тұрып.
Еркіннің жарқылдаған жалын жырын,
Тыңдайсың аласұрған көңіл тынып.
Таласып жаздың ерке ақ таңымен,
Шабыты айғай салып атқа мінген.
Аялға мұрса бермес сілкініспен,
Төгілтіп сұлу сөзді тап-табымен.
Жазбай-ақ тамылжытып көкейінен,
Секілді жыр кітабын жатқа білген.
Жаңбырын бал сезімнің нөсерлетіп,
Секундта тыныс-демін неше өрлетіп.
Нарқына осы ақынның не дер еді,
О, тағдыр Біржан салды келсең ертіп,
Оралып шым жібектей шумақтары,
Жатады жанның отын көсеп өтіп.
Жүйрігі күдір жердің, тым арының,
Жаныма шырқап салып құмар үнін.
Барады дала төсін дүбірлетіп,
Байқатып барған сайын тың арынын.
Тынбасын тұлпар жырың, осы өлеңім,
Орынында таққан үкі тұмарымның.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу