Өлеңдер ✍️

  04.05.2022
  391


Автор: Фариза Оңғарсынова

Жайлаудағы той

Жасарып, жасыл шұға жамылса қыр,
жырақта бұлдырайды сағым шағыл.
Шалғында ақбоз үйлер – айналасы
машина, атты, жаяу – абыр-сабыр.
Кеңдікке татулық пен сый жарасқан,
дəл бүгін кірмейтіндей миға басқа əн.
Жайлауда – думан. Халық қарар емес
түссе де қазір жерге қирап аспан.
Жылынып шаттығына өрен елдің,
қызыға күлімдейді төбеден күн.
Жыр оқып қыз-жігіттер желпінуде
келгендей бір тойына Төлегеннің.
Қарттар да қутыңдайды жігер өрлеп,
буымен думан сəттің жүрек емдеп.
Асыққан қыз қууға балаң жігіт –
өзі де, жарауы да тұр елеңдеп.
Көк жалау желбірейді бақ туындай,
шыдар ма көңіл мұндай сəтті қумай!
Қос етек көйлек киген келіншектер
көз байлар кең даланың аққуындай.
Жұрт жайсаң, тұр бəрін де ұғып түге:
бəйгеден, мейлі, біреу үмітті ме,
кейбіреу билікті боп, біреу кенет
даналар тізіміне ілікті ме...
Көздер жоқ сырын бүккен сынай қарап,
жігіт – мəрт,
əйел біткен – кіл ай қабақ!
Қызуы топырақтың жан жылытып,
жүзіңді мейірім-нұр тұр аймалап!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу