Өлеңдер ✍️

  03.05.2022
  124


Автор: Гүлманат Әуелхан

Қайран күн қалтарыста күледі ме

Қайран күн қалтарыста күледі ме,
Түн тірлік тұншықтырма түнегіне.
Жем таппай шырылдап жүр бозторғайлар,
Ем таппай мен жылаймын жүрегіме.

Тәңірдің берген ортақ сиы бізге,
Үйіріп түсті неге құйын ізге.
Қара бұлт қатып тұрып қақ төбеде,
Түнеріп төне берді ау жиі бізге.

Болғанмен бұлыңғырлау болашағым,
Өзіме өзгеше бір жол ашамын.
Қол бұлғап бұлаңдайды маған қарай,
Бір сиқыр көз ұшында бұла сағым.

Жанардан түсседағы жақұт құлап,
Қатігез айналмайды ау уақыт бірақ.
Ұшуға тәңір ием бақыт берген,
Құстардың бәрі бізден бақыттырақ.

Сабылтқан сағым арман сияқтатат,
Жан сырын жадау көңіл жиі ақтарат.
Аңсарын алыс жаққа алып ұшты,
Көңілдің көгершіні қияқ қанат.

Сұрқия сұм тірліктің сыры ашылып,
Өлгелі көкжиекке тұр асылып.
Бозторғай ,бозарған қыз, бозаң үміт,
Қуана қол соғады құлаш ұрып.

Қатайын ғаламыма бұлағай үн,
Тәңірден жоқты бер деп сұрамайын.
Адам боп өмір сүру олда қызық,
Жалғаннан жалқы бақыт сұрамаймын.

Көңілім көк аспанға көтерілді,
Жер ана қалай берем өтеуіңді.
Бермепті тәңір қанат,егер берсе,
Білмеймін қай жаққа ұшып кетерімді.

Бозторғай, бозарған қыз, бозаң үміт…


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу