Өлеңдер ✍️

  16.04.2022
  104


Автор: Қалижан Бекхожин

ФОН ШТЕЙН ШАРЛОТТАҒА

(1776)
Айқай, сенің соншама билігіңмен
Көрмекпіз сәнді келер игі күннен.
Сенбейміз махаббатқа, бақытқа да,
Біздерге жайнаса да бір бүйірден!
Уа, тағдыр, не үшін қатал дарынды
асқақ,
Ашамыз жүрек түбін жалаңаштап?
Білуге қайтып терең сырымызды,
Ғайбана перделерін жұлып тастап!
Аз ба жан түнектерде көп сандалған
Үмітсіз әм мақсатсыз жолда жалған,
Тағдырын болжай алмай сондай жандар,
Жүрегін ұқпай өзі көп алданған.
Селдіреп сәуле түссе әйнегінен,
Шаттықтың елесі деп ойнақ салған.
Біздерге ләзім емес парықсыздық
Жоқ бізге бірдей бақыт – бекер арман.
Медеу ме, үрей түстен шошып тұрып,
Бақытты түстей көрсек ояу жүріп
Біреудің сырын біреу ұға бермес,
Сүймес те арманыңды біреу біліп.
Бақытты ғой сенгендер түске ұшқыр,
Бақытты сол – болжаудан махрұм, құр.
Оның парқы ұнасар күндегімен,
Өткенге хош, келісер келер күнмен.
 Ал бізге тағдыр нені тұр айқындап?
Айт, бізді байлап тұрған қандай жұмбақ?
Дариға, болған елдің сен ертеде!–
Не қарындас, не жар – маған қымбат.
Жүрегімнің бар сырын білдің терең
Мінезімнің қырларын парықтап ең.
Ұқтың – ұшқыр ойымды дарқан – өрен,
Салқындаттың қанымның сен ыстығын,
Дауылыма қайтардың тыныштығын,
Шат өмірге жүректі құлшындырдың,
Ақ періште қолыңмен гүл ұсындың.
Сиқырлы, рақат шырмап, торда шалқып,
Күндерім өтті жылдам жырдай аңқып,
Есімде, қайран ләззат сәтті шағым.
Аймалап аяғыңды жаттым балқып.
Сенің сол іңкәріңе берілгенде,
Жасарып, бальзамыңды жұттым емге.
Жүрегім сезіп жүрек лүпіліңді,
Көзімді көзің арбап, ұқтым мен де!
Енді не, еске түссе сол тәтті шақ,
Дариға, жүрегіміз кетер тулап.
Ақтығы жан лебінің өткенде ғой,
Бұл күнде – тек дерті ғой жүрген
шырмап.
Жүрміз ғой күйкі өмірмен екеуміз де,
Мұң салар жарқын күн де кеудемізге,
Айласы сұм тағдырдың,
бақыт шіркін,
Жаңғыртып, жігер бермес енді бізге.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу