Өлеңдер ✍️

  24.03.2022
  84


Автор: Тортай Сәдуақас

Аяулы достым

Аяулы достым, аман бол,
Емеспін сендік! – алаң мол...
Айырды бізді арам қол.
Көнесің! Тағдыр емес пе:
Ғұмырым менің елес пе, –
Адасқан желдей белесте.
Ысқырып, ұлып жоқ дамыл,
Төбемнен төнген... оқ па бұл,
Лап етпек майдан – от та бір.
Қапырық, қамау, түн тылсым,
Қан майдан.., жаным, бұл бір сын,
Қалам ба тірі, кім білсін?
Мертіксем – жалғыз сынақта?!.
Іздер ме ең суыт бірақ та, –
Кеттің деп қайда жыраққа.
Жылама! Жеңер бұл күйік:
Жанса да жұлдыз тым биік, –
Көз жасы көктей тұңғиық.
Айырған басқа біздерді:
Тоғыспас жолдай түзде енді;
Тағдырға – тапсаң ізде емді…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу