Өлеңдер ✍️

  16.10.2021
  134


Автор: Исраил Сапарбай

Көншиді көңіл қалай елесіңе

Көншидi көңiл қалай елесiңе,
Түсетiн болып жүрсiң көп есiме.
Сенi iздеп жиһан кезiп кетсем бе екен
Тəн берiп тəуекелдiң кемесiне?
Не қайыр сағынғаннан, сарғайғаннан? –
Қасымнан, қайда жүрсем, қалмайды арман.
Көйлегiн көкжиектiң көтергiштеп,
Сар сағым аңсар аулап арбайды алдан.
Өзiңе назым бар да, өкпем жоқ-ты,
Қалайша қайрылмасқа өткен кеттi?..
Бедерлеп көкала үйрек көлдiң бетiн,
Көзайым тағы да бiр көктем жеттi.
Көп өтпей көктем соңы жазға айналар,
Көңiлге көрген қызық аздай болар.
Көмiлген көкiрекке көмбедейiн
Көкжалын кеудемдегi қозға айналар.
Елемей ен жайлаған түздiң өңiн,
Елесiң келген жаққа үздiгемiн.
Iшiмнен бiр күрсiнiп аламын да,
Бiр мұңды көз-көлiмде жүздiремiн.
Жүректiң жүдеңкiлеу таппай бабын,
Қарлығаш қанатына хат байладым.
Күйдiрiп табаныңды ақ шағылға
Жүрмiсiң, аман-есен, ақ тайлағым?..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу