Өлеңдер ✍️

  16.12.2022
  111


Автор: Дүйсебай Дәуірбек

Арамшөптер бақшасы

            Табиғаттың кішкене бір бөлігі туралы бұл өлең ойдан құралған. Ешқандай астарлы мәні жоқ деп айтуға да болады. Негізгі ниет – жамандықтан жирену. Қандай да бір сәйкестік байқалған жағдайда, оны кездейсоқтық деп қабылдау сұралады.


 


Бақшаны арамшөп жайлаған,


Басқаны білмейді пайдадан.


Арамның қолдары ұзарып,


Адалдың жолдарын байлаған.


 


Тектінің жүздері суалған,


Ептінің көздері қуанған.


Күдіктер есіріп, жуандап,


Үміттер кесіліп, қуарған.


 


Зорлық паң, бастайды шалқып ән,


Қорлықтан таппайды жан шыдам.


Пиғылдың маңдайы жарқырап,


Пейілдің таңдайы қаңсыған.


 


Бақшаны шырмаған шырмауық,


Төніп тұр гүлге одан мың қауіп.


Қаулаған арамшөп жайқалса,


Мойыған гүлдер тұр мұңданып.


 


Раушан ертеңге сенбейді,


Уайым шегеді, ой жейді.


Әділет күмілжіп бұл жерде,


Қиянат көсемсіп сөйлейді.


 


Қауласа арамшөп қоғамы,


Кеудеде бар сенім солады.


Жыландай оралған шырмауық


Гүлдердің нәр-сөлін сорады.


 


Жабысып гүлдерге не түрлі


Арамшөп қорегін табады.


Нәзік гүл хас дарын секілді,


Қолдаусыз өнері солады.


 


Адалдың ұрлаған шырынын


Арамға қолдау бар, қызығы.


Күн бермей дарынға келеді


Сыбайлас залымдар ұжымы.


 


Біреудің үстінен күн көрген


Тек сұмдар көктеуде бұл жерде.


Жан-жағын кеміріп барады


Зиянкес семіріп үлгерген.


 


Нәпсісі есіріп, ойы азған


Зор қатер төнуде таяздан.


Өзгеге астамсып қарайды


Тәкәппар тікенек бойы озған.


 


Ақ гүлдер намысы тапталған


Бір ғажап күтеді аспаннан.


Әспеттеп қиянат істерін


Кекіре күпініп мақтанған.


 


Табылып бөлекше ыңғайы,


Өсуде ерекше сумайы.


Ұлының жолына ор қазылса,


Ұрының оңынан туды айы.


 


Бұл заман – шырмауық ғасыры,


Гүлдерге күн бермес, әсілі.


Жалмауыз сияқты жалмаңдап,


Бір-бірін жеп тынар ақыры.


 


2017 ж.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу