Дүйсебай Дәуірбек

Дүйсебай Дәуірбек Құдабайұлы 1977 жылы 8 сәуірде Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Алматы қаласындағы №2 Республикалық қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектеп-интернаттың түлегі.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шығыстану факультетін, М.Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық заң университетін, сондай-ақ Қазақ технология және бизнес университетінің магистратурасын тәмамдаған. Мамандықтары: шығыстанушы, халықаралық құқықтанушы, экономика магистрі. Ғылым кандидаты.
2001-2006 жылдар кезеңінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде оқытушы-тағылымгер, ассистент, оқытушы, аға оқытушы қызметтерін атқарған.
2006-2007 жылдары Астана қаласындағы Президенттік мәдениет орталығында аға ғылыми қызметкер лауазымында болды.
2007 жылдан бері еліміздің сыртқы саясат мекемесінде, Қазақстанның Ирандағы елшілігінде атташе, кеңсе меңгерушісі, үшінші хатшы, екінші хатшы, бірінші хатшы, кеңесші, басқарма басшысы болып жұмыс істеп келеді.
Мектеп қабырғасында жүргенде шығармашылық жолына алғашқы қадамдарын жасай бастады.
Өлеңдері, мақалалары «Ұлан», «Ақжелкен», «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Қазақ әдебиеті», «Жалын», «Жас қазақ үні», «Тұмар», «Жамбыл», «Үркер», «Егемен Қазақстан», «Ана тілі», «Қызмет», «Тіл әлемі» басылымдарында, сондай-ақ «Abai.kz», «Tilalemi.kz» және т.б. сайттарда жарияланған. 2003-2004 жылдары алтыншы және жетінші «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің дипломанты (үздік шығарма номинациясы) һәм лауреаты (ІІ орын) болды.
2004 жылы «Сағынып жүрмін» атты жыр жинағы, 2013 жылы «Оянып кеткен ақ сәуле», 2021 жылы «Саңылауға түскен нұр» атты кітаптары жарық көрді. Сонымен қатар, 2022 жылы «Жұпар» атты аудио жыр жинағы Тегеранда шығарылды.
Өлеңдері 2021 жылы Бішкекте шыққан «Орталық Азияның алтын кітабы» жинағына енді. Бірнеше республикалық мүшайрада жүлде алған.
Өткізген шығармашылық кештері төмендегідей:
- 2005 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жыр кеші,
- 2015 жылы Бурабайда оқырмандармен кездесу,
- 2017 жылы қарашада Оңтүстік Қазақстанда «Туған жерге тағзым» шығармашылық кеші,
- 2018 жылы мамырда елордадағы Республикалық академиялық кітапханада Астананың 20 жылдығына арналған «Дүр дүниенің парасат тәжі» атты жыр кеші,
- 2021 жылғы тамызда Алматы қаласындағы Ж.Жабаев атындағы балалар кітапханасында Қазақстан Жазушылар одағының қолдауымен ұйымдастырылған жыр кеші,
- 2021 жылғы тамызда Түркістан қаласында «Фараб» кітапханасында шығармашылық кеші.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. 2021 жылғы тамызда аталған Одақтың басқарма басшылығының алғысхатымен марапатталған.
Кейінгі кезде парсы ақындарының шығармаларын аударып жүр.
Автор ұнаса, сақтап қойыңыз: