Өлеңдер ✍️

  07.10.2022
  113


Автор: Түрік поэзиясы

ТҮҢІЛІС

Осылайша біткені ме əн-жырымның ақыры,
Бола алмадым адамзаттың ардақты бір ақыны.
Ішімдегі олеандр, райхандарым солуда,
Ыдыстарым кір-қоқысқа, шалшықтарға толуда.
Аққу жүзер көлім құрғап, қаталадым қайраңда,
Жанжал бітпей қойды өмірде, қалмады еш айлам да.
Көңіл құсы құйқылжып ед, ұшып еді айға арман,
Именбей-ақ келіп едім қарақшы мен байлардан.
Осылайша біткені ме бақыттың да ақыры,
Жер жүзінде барлық адам қуануға қақылы.
Қақпаларым ашылып қап, зұлымдыққа жол беріп,
Баладан да қан иісі аңқып, тірі жетім болды «өлік».
Қайда барсаң есеп-қисап, өмір деген базар бар,
Табыттар да қарс айрылып, еңкілдейді мазарлар.
Жандайшаптар өлім қуып, шаш ал десең бас алды,
Адалдық пен пəктік қайда, сезімдер де жасанды.
Осылайша біткені ме диірменнің ақыры,
Жаным менің бұл өмірдің ұнтақталған ақ ұны.
Жерім менің толы емес пе табиғаттың кеніне,
Сол кенімнің берекесін бере гөрші еліме!
Елім менің көкке қарай жол табады қай күні,
Таразыда жеңіл тартқан жүрегім бар қайғылы.
Тұнығымды жасырып ед көлегейлеп қара түн,
Таң атады қараңғының өзегін кеп жаратын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу