Өлеңдер ✍️

  19.09.2022
  1623


Автор: Темірше Сарыбаев

ЖЫР-ЕСКЕРТКІШ

Қаныш Сәтбаевқа
І.
Қалдырып қапталдаса ұмтылғанды,
Соғайын сом алтыннан жыр-тұлғаңды!
Ұлтының ұранындай ұлдар үшін,
(Өзімнің осындай бір ғұрпым бар-ды).
Тау – бітім,
Мұхит – білім,
Дара – тыныс,
Қарсақбай, Жездісі анау – қанаты мыс!
Қарап тұр Ұлытаудан Қаныш-ғалым, –
Көксүңгі – жақпар-жақпар жаратылыс!
Шабыт ап сәуле шашқан қалалардан,
От ойнап омырауынан ағады арман!
Жапырып жау біткенді жалғыз өзі,
Батырдай шың басында дара қалған!
Тулаған ту сыртынан төңкеріліп,
Қолымен қою бұлтты серпе жүріп,
Гүл-десте жинап жатыр найзағайдан,
Айт елге,
Жеткіз жұртқа
Ертегі ғып!
Болмысы – жалыннан ба, жасыннан ба?!
Қарасаң, қызығасың асыл жанға.
Барады бірте-бірте биікке өрлеп,
Бұрқырап будақтаған ғасырларға.
Жалғаған жер мен көкті – мұранасың!
Қасыңда «Я, құдайлап» тұр Алашың!
Сан ұрпақ бізден соң да дүркін-дүркін
Қастерлер пайғамбардай ғұламасын!
Ғылымның көк тіреген Хантәңірі!
Халқымның, асқақтай түс, арқалы ұлы!
Соға бер, солқылдатып Қаныш-жүрек –
Қазақтың даласының қан тамыры!!!
ІІ
«Нарық» дейді...
Бақытым ба,
Сорым ба?!
Қарауға да қаймығамыз қорымға!
Кеше ғана өзің ашқан иен байлық
Жарқылдайды бүгін жаттың қолында!
Жеткізе алман аз сөзбенен мұны дәл,
Үндемесем, қасіретімді кім ұғар?!
Тәңір сыйы – тәубесін де тәрк етіп,
Тойдым дейтін емес әккі-ұрылар!
Көп көргендей ақыл-ойдың жарығын,
Қауызына тықты әкеліп тарының!
Көкірегіне күн қондырған ғалымдар
Не болар білмей сарсаң халінің!
Толтыра алмай алпауыттың өңешін,
Жинай алмай жатыр жерде ел есін!
Толқындары тоғыз валдық нарық-нән
Шайқалтып тұр Бостандықтың кемесін!
Кешір, аға, шарпып кетсе өрт лебім,
Айға қарап ұлиды ғой көкбөрің!
Қолбаласы емес едім қайғының,
Ел мұңынан есі шыққан дертті едім!
Шер шиырдым, тәубе дедім, тоқтадым,
Дем таусылмай, тарқамайды көкпарым!
Қалбаңдаған қазағым бар – Ақ Еділ,
Халқым барда еш нәрседен жоқ қамым!
Қаныш – дария,
Қаныш – қия,
Қаныш – күн!
Осы болды, жайнап түскен бар ұшқын!
Жамбасыңа мамық болсын жыр-дұғам,
Хатнамасын аяқтадым ғарыштың!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу