Өлеңдер ✍️

  17.09.2022
  174


Автор: Ақылбек Манабаев

ТАПҚЫР БАЛА

Мінезі бар әдепті де әдемі,
Қуанышбай онда балғын бала еді.
Болатұғын егін піскен күзгі шақ.
Шөптер қурап, сарғыш тартқан дала өңі.
Ойнап жүрген астықты алқап маңында,
Әлі есінде шаңқан түстің шағында.
Егістікке қалың жылқы лап қойды
Бұрқыратып қара жердің шаңын да.
Мүмкін емес қанша екенін айыру,
Келеді үркіп бермей мүлде қайыру.
Тоқтамады алдындағы суатқа.
Әдетінде жоқ сияқты,жайылу
— Мынау тасқын егер осы қалыппен,
Егіндікті алқаптағы алып,кең,
Түк қалдырмай сөзсіз таптап өтері,-
Деді бала іштей жиі алып дем.
— Сондықтан да асау керек бір амал.
анау жатқан сабан бар ғой, тұра қал?..
Соны өртеп жіберейін, ал отты
бері өткізбес суға толы жыра бар, -
Деді де ол шырпысын ап шықты әне,
Ол жанғанша әсте тыным таппады,
Лапылдаған жалынға кеп көп жылқы
Осқырынып еріксізден тоқтады.
Анадайдан шауып жеткен жылқышы
Таныс бұған мінген аты, түр-түсі.
Баланы кеп құшақтады қуанып:
— Міне, жігіт, ақылы мол, шын кісі!!!
— Жарайсың сен, о, не деген батыл ең,
Сен болмасаң зор қайғыға батып ем.
Абайсызда алқаптағы егінді
Құртады-ау, — деп, қорқып келе жатыр ем.
— Кімсің өзің?..
— Қуанышбай...
— Немене?..
Екесің ғой Саяқыпқа немере.
Азамат бол,
Өссін балам өркенің,
Өтсін өмірің мол бақытқа кенеле!..
Қуанышбай білетін бұл Жылбекті,
Жан еді ол ауылдағы құрметті.
Елу жылдық еңбек ету кезінде
Сыр алдыру дегенді әсте білмепті.
Бұл хабарды жұрттың бәрі естіді,
Барлық бала санап жүрді дос мұны.
Ұл-қызына үлгі етіп үлкендер.
Деп мақтады, - Саяқыповтың есті ұлы.
Батыл бала, тапқыр бала атанған,
Үлкендерден алғыс естіп бата алған.
Қуанышбай Еңбек Ері бұл күнде
Қомбайншы озып шыққан қатардан...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу