Өлеңдер ✍️

  09.08.2022
  222


Автор: Нұргүл МАУЛИНА

ЖАҢАӨЗЕН. ЖЕЛТОҚСАН

Көңілде тоң боп сіресіп жатыр сан күдік,
Әділдік қайда, ақиқат қайда, заңдылық?!
Бұғаудан әлі бас көтермеген елімді
Тоңдырды тағы Желтоқсан желі жаңғырып.
Ел едік біздер жігері жалын-от, қызба,
Егемендікке аңсап біз жеткен жоқпыз ба?!
«Тәртіпсіз елді тәртіпке салғыш» басшылар,
Анаң ғой халық, анаңа қарсы оқ атқызба!
Халықтың ашу-ызасы бойда қайнаған,
Ұқ елдің мұңын, жүрекке терең бойла да.
Тарихтың қанды бетінде қалар іздерің,
Киелі елдің тағдырыменен ойнама!
Қуанды неге ән айтып басқа, билеп ел?!
Марапат та көп, шаппаған атқа жүлде бер.
Боялып жатыр қып-қызыл қанға Жаңаөзен,
Келер ұрпаққа беретін жауап күн келер!
Жатырсың қырып, қара жер қанға тоя ма?!
Ойласам елді, ұйқымнан шошып оянам.
Танктеріңмен таптайтындай ел не жазды?!
Әулиелердің мекенін қанға бояма!
Қысқалау қолым.
Жауабын таппай, тосылдық,
Жосадай болып боялып қанға, жосылдық.
Қаңғығанға да, қарақшыға да пана едік,
«Қазаққа қазақ оқ атты» деген не сұмдық?!
Күте ме алда жеңістер бізді толайым?!
Ел үшін туған ер үшін құрбан болайын!
Қайролла, Әбіш, елімнің азаматтары-ау,
«Сенгенім – сендер,
Маңырағаныңа болайын!»
Сөнбес-ау оты түтіні түзу түндіктің,
Қайнайды қара қазанында ел бірліктің.
Саған да туар «бұзаудың күні», ұмытпа,
Жалдамалы жендет, қолшоқпарлары биліктің!
Құрығың ұзын, күшіңмен әлі он орайсың,
Өзіңді қазір еліңнен биік санайсың.
Тамырын қиып өрімдей ұл мен қызыңның,
Ертеңгі елдің бетіне қалай қарайсың?
Туыңды тура тіккендей айдың қасына,
«Тәуелсізбіз» деп жар салмай-ақ қой босына.
Өз Отаныңда өзің бастасаң қырғынды,
Жиырма жылдағы жеткен биігің осы ма?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу