Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  104


Автор: Темір МЫҢЖАС

ҒАСЫР АУЫСҚАН КҮНГІ ТІЛЕК

Жатқанда дүние күбініп, тосқан ғасырын,
Тілемеймін мен тәңірден аспандағысын,
Қайқы қылыштай сілтеймін қыран жырымды
Қара қазақтың жауынан жасқанбауы үшін...
Ынтымағы асып, қалам мен даламның мынау,
Басымызға ылаң түспесін, көңілге қылау.
Атырау-Алтай арасын жайлаған елден
Аулақ қонсыншы, әрдайым қайғы-мұң, жылау.
Халқыма ғасыр сыйласын бақытын, бағын,
Тәттісін татып, өмірдің жақұтын тағың.
Бабамыз қандай күнде де тойға барған ғой.
Жас ұрпақ, сезбей өтсінші уақыт ызғарын.
Көп көрме тәңір осынау бостан күнімді,
Қуаныш әкел, қайтарма қашқан мұңымды.
Тілектерімді осы айтқан қабыл қыла гөр,
Тілемеймін мен өзіңнен аспандағыны!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу