Өлеңдер ✍️
ЕШКІНІҢ ҰЗЫН САНЫ ОТЫЗ СЕГІЗ
Ешкінің ұзын саны отыз сегіз,
Жиырма екісі жалқы екен, тоғызы егіз.
Екі теке арықтап зорға еріп жүр,
Күйегі жоқ төрт серке – бəрі семіз.
Бірталайы ешкінің шұнақ екен,
Көбі сүтті, саусаңыз бұлақ екен.
Кебенектен ірі ешкі қырылып қап,
Көпшілігі шыбыш пен лақ екен.
Тоқалдары ішінде некен-саяқ,
Бірталайы ешкінің сары ешкі екен,
Бірталайы ақ ешкі, қара ешкі екен.
Жетеуінде шөп жерге тіс қалмаған,
Аңдамастың тұсынан бар ешкі екен.
Шұбар ешкі, көк ешкі, қара ала ешкі,
Қара қасқа, сар қасқа, сарала ешкі.
Ешкілерді май қыпсыз, Аю-Ата,
Кебенектен қырылып қалады ешкі.
Ешкіңізді нанбасаң бағыңызшы,
Тасқа шығып, мазаңды алады ешкі.
Тік мүйіз, тарбақ мүйіз, жапырақ мүйіз,
Баспайсыз жүндерінен қырқып киіз.
Кешке дейін секіріп тас пен жарда,
Баққан жанға бір мезгіл бермес күйіз.
Жауын болса, бақырып ыққа қашар,
Сырын алдым, жауынға, қысқа нашар.
Болады екен сайтандар жамырауық,
Лақтар да секіріп шөпті шашар.
Лақ сойсаң, барынша бақырады,
Ауыл-үйді келгін деп шақырады,
Анадағы серкешті сойғаныңда,
Дауысынан бар денем қалтырады.
Тік мүйізді сұр жағал серке ме екен,
Əнебіреу серкешің бөрте ме екен?
Қаражал серкешің көсем бастар,
Бар ешкіні соңынан ертеді екен.
Ешкі бақтым еңіреп қия бетке,
Сырғанайды сірі шоқай қия бетке.
Ешкі бақсам бір пəле, бақпай қойсам,
Екі ортада қалдым-ау қияметке.
Ешкі бақтым, амалсыз еңіреп бақтым,
Шоқайменен тағалы аттай шаптым.
Тасқа шығып сексиіп қарап тұрып,
Домбырамен əн салып таңдай қақтым.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇