Өлеңдер ✍️

  20.06.2022
  109


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

Жүрегіңде атқан таңдай гүл-үміт...

Жүрегіңде атқан таңдай гүл-үміт,
Жанарыңнан тұрар бәрі білініп.
Сол бір дәулет: тек мен үшін жаралған,
Кетпесе екен уыз қалпың бүлініп.
Көш бастайсың көшебелі ісіңмен,
Тарыққанда кеңес құрар кісің – мен.
Мен ақылсыз болуыма күмән жоқ,
Сен ақылды болсаң деймін ішімнен.
Шарықтаймын!
Болайыншы шаттығың,
Нағыз бақыт, жаным, сенің – пәктігің.
Сырдың суы сирағымнан келмейді,
Жаным да – жаз, көңілім де – шат бүгін.
Қызығыңа батырасың белшемнен,
Қандай бақыт таразымен өлшенген?
Шексіз-шетсіз қуанышқа бөлейсің,
Сапарлардан сағындырып келсем мен.
Көкейімде сен жүресің күн-түнде,
Көңілімнің таба аласың кілтін де.
Мен адассам – аңғалдықпен адастым,
Сен шатасу, айнамкөз-ау, мүмкін бе?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу