Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  237


Автор: Кәкімбек Салықов

АРАЛ КЕУІП КЕТПЕСІН

Арал кеуіп кетпесін... Арал кеуіп,
Марал кеміп кетпесін... марал кеміп.
Табиғатты қақсатқан оқ ұшқыны
Талмау жерден тиеді маған келіп.
Көз тойдырған көгілдір Арал қайда?
«Ақ құм» шөлейт, сұм апат жан алмай ма?!
Кең айдында тербелген ақ кемелер
Құмға шөкті қажетке саналмай да.
Киіктерді түбекке қысы қалың
Құм қуалап кетердей қысыламын.
Беу, адамдар! Тыңдашы, Аралды аңсап
Өзек жарған өлең-құс ұшырамын.
Сыр мен Әму толқытқан Арал қайда?
Теңіз құрғап сарқылды табар пайда.
Қапаландық тай балық таңдап жүріп,
Жай балықтың жұрнағын таба алмай да.
Су сарқылса, құс көрсе жаман өлік,
Зәрем ұшар салғандай заман желік.
Болашақтан ұялам, біздерді айтып:
«Бұл жерге де кетті, – дер, – адам келіп».




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу