Өлеңдер ✍️

  29.05.2022
  86


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Қозғалыс заңдары

Арқамды қайтем басырға сүйеп,
Иманды болмақ қымбат, ә?..
Қалам ұстатар асыл қасиет
Қонады маған күн бата.
Ымдап баратып таң атар тұсты,
Ғайыпты құшар күрең кеш.
Бастаймын сосын жаңа тартысты,
Мен едім Армен сүрендес.
Аспанның көзі қарашықтанып,
Инесін шашар келес-түн –
Ішінде жүрсем адасып қалып
Ормандай кілең Елестің.
...Дауылды сұм жел оятты кеше,
Жан таппағандай түртерге...
Үш Арқар Айдан тоят тілесе,
Қалмайды көштен Үркер де.
Сеземін іштей ғажайып сырын
Ғаршыға біткен құндақтың.
Жүректен кетсе азайып шырын,
Сөгіліп тынар Жұбақ Тін.
Темірғазыққа тастаймын іліп
Тас маңдайымның жазуын.
Бөріше кейде бастаймын ұлып,
Ақсиып шықса азу-үн.
Аш өзегімді, сірә, тырнайды
Жезтырнақ тектес Дүлей Күз.
Құрсаулап алса сұрапыл қайғы,
Соңымнан қалай түлейді Із?!
Жаяды көкке торлы алақанын
Тұл ағаштардың күс қолы.
Біз үшін неге Сор ғана қалың? –
Жауабын айтшы, Құс жолы!..
Мен жұтылармын құрдым ғасырға,
Суалмас бірақ жыр-тұма.
...Қабірім тұрар қырдың басында
Сәлемім жолдап Жұртыма.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу