Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  103


Автор: Әбубәкір Қайран

Сен кім үшін сәнденесің, мұнды қыз...

Сен кім үшін сәнденесің, мұнды қыз,
Қабағыңнан білінеді күзгі мұз.
Сені сүйген жігіттерден естелік –
Жүрегіңде қалып қойған сұмдық із.
Шырайланып жымиюшы ең ілкіде,
Мұң қосылып кетіпті ғой күлкіңе.
Кесе алмайсың бұрымыңдай үмітті,
Жете алмайсың «арман» деген түлкіге.
Бір-ақ сілтеп барлығына қолыңды,
Жүрер едің,
Ойлайсың ғой жолыңды.
Көрсоқырлар көп өсекке таңатын,
Көрмейді ғой көзден аққан сорыңды.
Өсек өртеп талай үміт кетті өліп,
Сәнден, сұлу, сен сол үшін кектеніп.
Қарақшылар қарап тұрсын тамсанып,
Арманыңды ала қашқан бөктеріп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу