Өлеңдер ✍️

  07.05.2022
  111


Автор: Серікбай Әбілмәжін

Әуен

Жылап қалған ойымды,
жұбатады бұл ырғақ.
Бұл ырғақты тақтым мен
бой тұмар қып ырымдап.
Балалығым өткелі
мұңым жиы құлындап.
Бұлтпен бірге жүрегім
жасын жиі сығымдап.
Ей, армандар, боз айғыр,
боз үміттер үкілі.
Көктен қолын бұлғаған,
көк жасынның тұқымы.
Ей, армандар, кіл жүйрік,
кілең нұрға малынған.
Сол әуенге еліткем,
ұстап сенің жалыңнан.
Ей, армандар, сағымдар,
дала кезген мәңгілік.
Менде барды алыңдар,
сағынышымды қалдырып.
Менде барды алыңдар,
керек етсең, ей, құсым.
Байлықсыз ер қуарып,
құлап қалар деймісің.
Жел сыздатып саз төккен,
сыбызғыға құмар ем.
Бойтұмарым болсын тек,
баба сазы – бұл әуен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу