Өлеңдер ✍️

  27.02.2022
  425


Автор: Өтеген Нұрмағамбетов

ТУҒАН КҮН

Татып дәмін,
абақтамын,
Мені құдай жаратқан күн.
Басқан бір мұң,
Басым дың-дың,
Буы ма екен шараптардың.
Әкеліңдер,
Көтеріңдер,
Тағы осындай күн бар ма?
Обал-ақпыз,
Жоғалармыз,
Із де қалмай құмдарда.
Мені іздесең,
Көз ілмес ем,
Таң атқанша осылай.
Өтті күндер,
Кетті кімдер,
Сағындым ғой, досым-ай.
Жақұт мүсін,
Бақытты шын,
Әдемі қыз биледі.
Нені ұқты?
Өте шықты,
Кірпігімен түйреді.
 Аттай тулап,
Оқтай зулап,
Өмір өтіп барады.
Алыс-жұлыс,
Қайтсең дұрыс,
Артымда не қалады?..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу