Өлеңдер ✍️

  23.08.2026
  89


Автор: Самрат Құскенов

ӘР ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ – НАМЫСЫМ ЕДІ 

19 жастағы алматылық Аяжан Еділованың қазасына. Қатыгездікпен өлтірген жауыздың қатаң жазалануын талап етемін.


Қызғалдақ ғұмыр үзіліп кетті,

Мезгілі жетпей көктейтін.

Бүгінгі қоғам бүлініп кетті,

Иманның нұрын төкпейтін.


Пәктігі қыздың – ұлтыңның ары,

Еліңнің көркі болатын.

Құлаққа жетсе, жұртымның зары,

Көңілім гүлдей солатын.


Аруды қорлау – тіліңді таптап,

Жеті атаңды мазақтау,

Жігіт бар мисыз, білімді аттап,

Мақсаты елді азаптау.


Қорлықпен өлсе болашақ ана,

Не болмақ елдің ертеңі?

Аруағы ренжіп Домалақ ана,

Ақыр заманның келгені.


Жігітім, ойлан! Адамсың сен де,

Қарындас, әпкең бар еді,

Бірақ та, қайда барасың, пенде,

Ой-өрісің де тар еді.


Орыстан көрген қасірет, азап,

Зомбылық аз ба, бауырым?

Сұлуды әр кез қадірлеу – талап,

Мәнді боп өтсе ғасырың.


Әр қазақ қызы намысым еді,

Туым да соған тәуелді.

Тәуелсіздігім – арысым еді,

Арудың қаны әкелді.


Жаны да – нәзік, тәні де – рахат,

Бойында жатыр құтым да.

Ұлтыңның жазар әні де ғажап,

Арсыздың кетпес бұтында.


Нәпсіңмен күрес, адалдық деген,

Өлшенер қыздың арымен.

Ой жүгірт, бүкіл жамандық деген,

Келеді елдің зарымен.


Азаттық алтын бесігің болса,

Арудың ары тербеткен.

Бұл өмір жабар есігің болса,

Арсыздың ісі жер еткен.


Өз қызын өзі өлтіріп жатса,

Халыққа бақыт қона ма?

Отыңды үрлеп, сөндіріп жатса,

Бәрінен атың оза ма?...



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Комментарии

28.08.2026 16:34
ХхВЬ

Пікір жазу