Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
27.07.2026
29
МЕН ЖАЙЛЫ БІЛГІҢ КЕЛСЕ
Нұрын шашты Күн де, Ай да - бәрі көктен,
Мені аялап, мына өмір еркелеткен.
Елеңдеймін жерде тұрып, тым алыстан,
Жарқ еткен жұлдыз көрсем, жанып өткен.
Болып келді еншісіне уақыт бекем,
Дейді бәрі:
«Мені шексіз бақытты етем».
Болмысыма шүкіршілік қылғанменен,
Тұңғиыққа ойда жоқта батып кетем.
Күзден алып кейде өшімді, өлең болам,
Ессіз шақты ескерместей елең-құлаң.
Жыр боп бекіп, тамырымды терең жайып,
Жанға сая, тіктеп өскен емен болам.
Мәпеледі кең төсінде жасыл көктем,
Ұмыт болды мұңды шағым, жасып өткен.
Мен жайлы білгің келсе, ізде өлеңнен,
Қауырсын хат жапыраққа жазып кеткем.
Гүлзия Тәжіханқызы.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇