Өлеңдер ✍️

  19.06.2026
  13


Автор: Оралбек Бек

ҚАНАТСЫЗ ҚҰС

 


Ұшып түстім қанатсыз құс секілді,
Тұяғыммен қайырам деп кекілді...
Дарын-қайғы еді неткен "көрікті",
Немен жабам қып-қызыл бұл бетімді...


Білмеймін ғой, күйдім бе, әлде, жандым ба,
Ұмытыппын не мақсат бар алдымда.
Кім біледі, қаладағы жандардың,
Арасында жүрмін бе, мен бармын ба?


"Бетті бастым,
Тұра қаштым
Кімді көрсем мен сонан".
Қатты састым,
Қайран бастың
Қамын сұрап баршадан.


Әсер етпей қойды маған ештеңе,
Жоғалды үміт таңертең де, кешке де.
Жарлы ауылды сағындым ба, кім білсін,
Тар кеудемді мүжіп жатқан тас кене.


Меңіреу жан секілді екен қалаңыз,
Қалаңызда мына біздер тоңамыз.
Қозы, лақ жоқ аяғыңа оралған,
Ойлап көрші... қалай қазақ боламыз!


Енді қалай орындалсын мұратың,
Іс емес бұл көзді жұма салатын.
Жан жағыңда не бар сені сағынған,
Бақбақ қайда басын шұлғып тұратын.


Баулар да жоқ мөлдіреген жемісі,
Шектеулі екен ойыңның да терісі.
Жанарыңда тұрмаған соң ен далаң,
Ой шіркіннің қайдан болсын өрісі!


Әй, тұра тұр! Өксігіңді жұттың ба?
Бұл күндері ен далаң да тұтқында.
Сирағына кісен салған бір надан,
Қыбырлаған жылан, шаян, құрттың да!


Құдайдан да қорықпады бұл адам,
Бітеу тұрқы залымдықты құраған!
Енді неттің, тұрасың ба деп сен де:
"Пендеміз ғой бәріне де шыдаған".


"Бетті бастым,
Тұра қаштым
Кімді көрсем мен сонан".
Қатты састым,
Қайран бастың
Қамын сұрап баршадан.


ОРАЛБЕК 'БЕК




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу