Өлеңдер ✍️
ТАБАНДАҒЫ ТАС
Емес қой жеке бас қамым,
Жұлқыста жыртсам жейдемді.
Бұраудай қысқан қасқа мұң,
Барады жаншып кеудемді.
Ширата алмай ойымды,
Шарасыз өтті күндерім.
Табаным тасқа ойылды,
Шағылы шекіп шілденің.
Қара жер жұтты қылқылдап,
Ізімде қалған қанымды.
Бозторғай құстай шүйкілдеп,
Бұтарлай ұштым жанымды.
Намысты ұл бордай үгіліп,
Шарасыз қалды-ау шындығың.
Ақсақал-уақыт түңіліп
"Жұлын құрт"
шайқап сұмдығын...
Бөрі жұрт едік бұғалық,
Тұқырта алмас тұғырын.
... Кетеді шашып шын алып,
Сананың құлдық - шығырын.
Біріксе тозаң тас болар,
Табиғат заңы ол деген.
Түсінсін мұны басқалар,
Жатпасын жолда көлденең!
Бекерге салма ойбайды,
Кеткендей құлап құзға нақ.
Тұмсығын тасқа қайрайды,
Қанаты қатқан мұзбалақ.
Сақсырдың сықыры,
Жансыздың тықыры.
Жат емес құлаққа,
Тұяқтар дүбірі.
Өтсе де мың жылдық,
Айнымай тұр шындық.
Қаным бар бойымда,
Тұратын жұлқынтып.
Жау емес керегі -
Антымның дерегі.
Кім келсе қылышпен,
Қылыштан өледі!
ОРАЛБЕК 'БЕК
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇