Өлеңдер ✍️

  18.06.2026
  38


Автор: Оралбек Бек

Сымпи...

 


Сызданып барып сағымға сіңген,
Желаяқ ойлар ұстатпай кетті.
Төбемнен бейғам шағым ба күлген —
Қиқуын салып құс қаптай өтті.


Кілкиді көздің ұшында арман,
Жетпеген сен де, жетпеген мен де.
Сыздаудың демі ішінде қалған,
Жайыңды ұққан жоқ кемел пенде.


Жабыққан жанның жалауын тіктер,
Қазақы дала аңсайды дүбір.
Тәкаппарлықтар дара мұң түптер,
Жапырақ-жүрек сарғайды небір.


Жалғыздық опа бермейді жаным,
Жүрсең де көктен балқаймақ сауып.
Көкірек ішін кернейді жалын,
Қып-қызыл тілі сумаңдап қарып.


Өксиді орман, өксиді дала,
Сәбилер өлген - шетінеп кеткен.
Сүйгенге елін, сексиді жала,
Қараңғы еді үкімет неткен?!.


Жамалың тозды, амалың нешік,
Шайқайсың басты қыл-жүйкең қажып.
Жүрем деп едің, самалын кешіп,
Алдыңның бәрі сымпиған жазық!..


Қор болған қайран қазағым менің,
Саудырап тісің, қарысты-ау жағың.
Бөспелер сөзін "жаңару" дедің,
Өскелең жұрттан алыста қалдың!


Оралбек Бек



 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу