Өлеңдер ✍️
Дау
Түн қараңғы, ай күбірлеп салпы ерін,
Жұлдыздардың арасында қозды дау.
Іңір бетті шадырларды қайтейін,
Қабағына қонақтаған бозқырау.
Ителгі көз кәнизактай қайқы төс,
Бір бүйірден Алтын балық килікті.-
Жақтастарын жиып алып жарты көш,
Шала жарық - қысырларға шүйлікті.
Андромеда кәдімгідей кісінеп,
Жарты әлемге тепсінді ол да байталша.
Орындалып жатыр көрген түсі көп,
Күлтеленіп көзді ашып жұмғанша.
Сарышаян бүгін таңға жатпады,
Кердеңдерге кетіп қалу орынсыз.
Есінде жоқ күннің қашан батқаны,
Мұздатса да тәні менен жанын сыз...
Жай бір тозаң шыққан тегі бәрінің,
Екендігін ұмытқан бұл қасқалар.
Шашын жұлып отыр үркер - кәрі жын,
Қарқ-қарқ күліп шолпанкебіс, басқалар.
Темірқазық жыры мәлім - тастанды,
Жеке жүрген диуанаға сай ұлып.
Ірің әуен айғыздайды аспанды,
Бүтін милар құс жолына жайылып.
Ақымақтар сүймес дүние-жарықтың,
Арғы беті дауын енді жеңбек кім?!.
Көк жақта да ұясына қонып күн,
Қараңғылық болатынын сезбеппін...
Оралбек Бек
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇