Әңгімелер ✍️
ТІСТЕУІК ҚАҢБАҚ
Мен өзім оқиға іздемеймін, оқиға мені ізейді. Оның үстіне сенгішпін. Тәуекелшілмін. Біреудің көңілін қалдырғым келмейді. Қарағанды - Созақ арасын Бетпақдала арқылы үш рет кесіп өттім. Қазіргі техниканың мүмкіндік көзімен қарасақ бұл түк те емес шығар. Десе де, анау-мынауға бағына қоймайтын, асау желі құм суырған сайын даланың жұмбағы мен қиындығы өте көп. Мұнда тек сарышұнақ қана сәлемші, басқа ит-құс күндіз тығылып жатады, түнде ғана жортуылға шығады. Оның үстіне адамның миына кіріп шықпайтын керемет дегендер тағы бар. Шөлге ұрынып
кенезесі кеткен адамның алдынан өзен арқыратып, теңіз шалқытатын перілер мен жын-шайтандар мен қызыл тырнақты саусағынан күміс су саулайтын жезтырнақтар ше... Менің білуімше қандай бір керемет болмасын, оқиға болмасын адамның ой-жүйесінің оған тікелей қатысы болады. Ой дегеннің шегі де шегарасы да, жоқ! Мен айтар едім адамның ойлаған ойы да сөйлеген сөзі де келе-келе затқа айналады деп. Ия, кәдімгідей қолмен ұстап, көзбен көруге болатын қатты, жұмсақ затқа... Сол секілді табиғатта бар заттың бәрінің де жаны бар, тіпті ебелек пен қаңбақтың да...
Мен үнемі осындай ойда жүремін, маған баратын жолымнан ауытқып кету де түк емес.
Бұл жолы бағытымнан қиыстау кетіп қалғанымды сездім. Өйткені батар күн құлақ тұсымнан емес маңдайыма тіке түсті. Ешқайда бұрылмадым, тоқтамадым. Тоқтасаң көлігің құмдаққа батып кетуі мүмкін, бұл бетпақтың ерекшелігі сол. Мүмкіндігінше көлік белін суытпаған жөн. Көп болса Жезқазған-Қызылорда күре жолынан шығармын деп ойладым. Адамның ойлағаны бола бермейтін кездер де болады. Күн батты, одан түн болды. Артқы жақтан қатты тұрған бетпақтың желі үйіріліп көлік алдына түсіп түк көрсететін емес. Мұндайда адамның жүйкесі сыр береді білем, ұйқым да келе бастаған, жол деген менің мөлшерімнен ұзап кетті, жердің беті қабыршақтана бастады. Қиыршық тастақ пайда болды. Құм суырып тұр. Ұйқысырап келе жатырмын, бір қарасам қорбаңдаған екі-үш дене менен озып кетті. Не екенін анық аңғармадым. Ит-құс шығар дедім. Мынандай апайтөс көлікке ит-құс не істейді!.. Алдымнан қараңдаған бірдеме көрінді де, кейін жоқ болды. Ұйқы жайына қалды. Бойымды сезік жайлады. Негізі мұндайда ең жаманы үрей! Маған әлі үрей жақындаған жоқ. Оның үстіне, мен өзім қорқақтар санатына жата қоймаймын. Оны білемін. Әйтпесе, тірі жаны жоқ, жын жайлаған жерде жалғыз жүрмеймін ғой. Жол тағанына қарасам доңғалақ батып кететіндей емес екен, тоқтап аз да болса көз шырымын алайын дедім. Маңдай тұсымнан бір-екі жарық жұлдыз көрінді. Жарықты сөндіргеніммен, сақтық жасап көлік моторын сөндірмедім. Тез ұйықтап кетіппін. Түс көріп те үлгерген сияқтымын. Әлдене көлігімді қатты сызып өткендей болды. Селт ете қалдым да ұйқымнан оянып кеттім. Алдыма қарасам, капотымның дәл үстіне бастары қазандай екі бейне көздері жарқырап жайғасып алыпты. Әңгімені соғып отыр. Бұлардың адам емес, нағыз шайтан екендігін білдім. Жүрегім тас төбеме шықты. Сабыр, сабыр дедім өзіме. Бұл жолы атылатын қаруым бар еді. Соны оңтайлап алайын деп көлігімнің қорапшасынан оқ алып, қаруымның ішіне салдым. Кім болсаң да енді көріп алайын деп жалт қарасам, әлгі екеуі тайып тұрыпты, жоқ... Отырған орындарында екі жұлдыз қалыпты. Бұл екі жұлдызды мен бірден таныдым, өзім ұйқыға бет қойғанда тұрған екі жұлдыз. Орындары өзгермегеніне қарағанда ұйықтап та қарық қылмаған екенмін. Мәселе түсінікті болған соң сыртқа шығып алайын деп есікті аштым да, көліктің сыртын айналдым. Жел әлі ақырып тұр. Қолымда тапанша неден қорқамын. Оқиға дегеннің сенің тапаншаңа қарамайтынын қайдан білейін. Түймемді ағытып дәретке оңтайлана бергенім сол еді, балтырыма келіп бірдеме сарт ете қалды... Қимылдауға шамам келмей қалды деп осыны айтатын шығар. Екі қолымды көтерген күйімше қаттым да қалдым. Балтырыма жабысқан бәленің тістері не деген өткір, етімді шайнап ол жатыр. Атайын десем, ол жақта аяғым бар... Бұдан артық ойбай жоқ шығар. Әлден уақыттан кейін есімді жидым-ау деймін, балағымды сілкілеп едім тістеуік неме етімнен ажырап жөніне кетті... түйеқарын-қаңбақ екен... әлгі, капот үстіне шығып кететін екі б
ауырын іздеп жүрсе керек.
Кейіннен ойланамын ғой, сол жерде менен басқа біреу болса, бәлкім, тіл тартпай кетер ме еді деп.
Сіз не істер едіңіз?
Еркектердің өмірі рахат дейсіз бе!?.
12.12.2024 ж.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇