Өлеңдер ✍️
ТӨРТТАҒАНДАР (34)
Жүз жылдан соң...
айтқан сөзің сөз емес,
Түріңді көр, ол да сендік түр емес,
Ештеңені түсінбейді тірі өлік,
Өткені жоқ, кеткені жоқ, бәрі елес.
***
Жабықсам да, жасырмадым ештеңе,
Жалған айтсам онда мені дос деме.
Тау толқынға қарсы жүзе алмайды,
Қарпуы бар жау-жарақтан бос кеме.
***
Өркениет биіктесе жаңамен,
Биіктіктер өлшенеді санамен.
Бәлкім, кетсін, дедік пе екен көрінбей,
Қараңғыны белгіледік қарамен.
***
Жанашырлық танытпай-ақ қой маған,
Ондай сөзді қабылдайды қай надан.
Ешкімнің де жүзін көргім келмейді,
Жылу іздеп, су сұраған, қарғадан.
***
Бүгінгі түн басқа түннен өзгерек,
Оны көру үшін көңіл-көз керек.
Жатқаным-ай, ай сәулесін төске алып,
Арқамдағы жер тоқтаусыз дөңгелеп...
***
Ердің ісі, түсі қашып түн қату,
Желбірете тігу үшін шыңға ту!
Даласында жусан исі аңқыған,
Қазақтың өз бозторғайын жырлату.
***
Мықты болу халқымның бар қанында,
Күшті болу әркімнің өз қолында!
Шешілмеген жұмбақ та көп, бабамның,
Мың ғасырлық жүріп өткен жолында.
***
Қазағымның өр мінезін мақтадым,
Мақтадым һәм құрақ ұша жақтадым.
Тауға шығып көкке құлаш ұрмаған,
Қайдан білсін күннің шыққан, батқанын.
***
Сапар ұзақ, өмір бірақ бес күндік,
Екендігін мына біз де кеш білдік.
Көктәңірі шаңырағын күзеткен,
Қазағымды жағалап жүр босқындық!
***
Қол сілтейтін жыртқыш аң деп әлдебір,
Қасқырдың да жүрегінде бар мейір.
Қысы, жазы жортуылдан жортуыл,
Бөлтірігі үшін болған жансебіл.
***
Ұлттық намыс, сенім керек адамға,
Бұлар барда жайқалады Отан да!
Тілге деген ішкі сезім болса лас,
Мұндай пенде қажет емес қоғамға?
***
Қожыр тастың иығынан сығалап,
Ай қарайды, сансыз жұлдыз тына қап...
Жүрегімді дүрсілдеткен ыстық қан,
Бара жатыр өн бойымды қуалап...
***
Жабырқатпай, жан сырымды ақтардың,
Төбем көкке жетуге де шақ қалдым.
Кербез түннің қанатында қалықтап,
Кейіпкері болғаныма мақтандым.
***
Сенесің бе, ұйықтамаймын мен мүлдем,
Жан секілді қабағына күнді ілген.
Қолыңдағы қолшатырың ыстықтан,
Сені сақтап қанша жүрер, кім білген!..
***
Бағасын да білмей талай көктемнің,
Наз арқалап кетіпті ғой өткен күн.
Тар маңдайда тырнағының қалды ізі,
Көзіңді аш деп сұқ саусақпен шерткеннің...
***
Ат-айғырлар "бас тартты" деп сұлыдан,
Кезім де көп шата сөйлеп құрыған...
Мейлі, мен-ақ болайыншы шерлі ақын,
Көкберіше айға қарап ұлыған.
***
Айтқаныма түсін, яки, түсінбе,
Сұлу сыры сыртында емес ішінде.
Ай сәулесі жалатылған сөздерім,
Құдырет боп қалады өз күшінде!
***
Өмір мынау шалқақтаған, шаңытқан,
Жақсылыққа қалмады орын шабыттан.
Шындығыңның қол, аяғы кісенде,
Ешкім жоқ қой оны ойлап қамыққан.
***
Қалмасын деп жанды жеген жара түк,
Қос қолымды жайдым күнге қаратып.
Қатып қалдым, бірақ, тұрған орнымда,
Алақанның жылуын да тонатып...
***
Ақ пен қара секілді екен қайғы, бақ,
Әнді талдап бере алмайды жай құлақ.
Ең жақыным көлеңкем ғой көлеңкем,
Қай кезде де жалған достан жайлырақ.
***
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇